Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының XVIII отырысы өтті. Әлем елдерінен жиналған түрлі дін өкілдерінің басын біріктірген алаңда негізгі төрт мәселе қаралды.
Оның ішінде 2021 жылға жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 2021 жылы VII съезін өткізу мәселелері пысықталды. Жиынды жүргізген Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, съезд хатшылығының басшысы Дариға Назарбаева съезд өткізу туралы идеяның авторы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін атап өтті.
– Бүкіл әлем мойындаған бітімгер, Қазақстанның орасан зор ядролық қару арсеналынан бас тартуына бастамашы болған, тәуелсіздік жылдары ішінде өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын барлық ең ірі әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары қолдады. Күрделі кезеңде жаңа мыңжылдық басында ең жоғары деңгейде конфессияаралық ашық диалог өткізудің өзі нағыз революциялық іс еді. Содан бері Қазақстаннның Тұңғыш Президентінің стратегиялық салмақты бастамалары өз өзектілігін жоғалтқан емес, − деді съезд хатшылығының басшысы. Д.Назарбаеваның айтуынша, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі діни қайшылықтарды жамылып іске асырылған бірқатар жосықсыз лаңкестік әрекеттерден кейін адамзат бүкіл әлемді жайлап алған конфессияаралық сенімнің дағдарысын бастан кешкен уақытпен тұспа-тұс келді.
− Өкінішке қарай, экстремизм, терроризм мәселелері және зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Алайда, бүгінгі күні мұндай актілерді қоғамға іріткі салуды көздейтін мақсатына жете алмайды деп сеніммен айта аламыз, − деді Д.Назарбаева.
Жиында сөз алған орыс православие шіркеуі Мәскеу патриархатының сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің дінаралық байланыс хатшысы, дін қызметшісі Димитрий Сафонов Қазақстан діни бірлестіктер үшін ортақ алаңға айналғанын атап өтті.
– Соңғы екі жылдың ішінде Сириядағы қақтығыстарды реттеуде Қазақстанның қосқан үлесін ерекше атап өту керек. VI съездің қатысушысы ретінде Нұр-Сұлтан қаласында әртүрлі дін өкілдерімен байланыс орнатуға мүмкіндік туып отырғанын айтқым келеді. Діни алауыздық өршіп тұрған кезеңде, өзге дін өкілдері бірін-бірі кемсітіп, басқаның сенімінен қандай да бір қателік іздеу сынды әрекеттерге бой алдырып жатады. Мұның барлығы діни білімнің жетіспеушілігінен туындап отыр, − деді Д.Сафонов.
Бейбітшілік дейтін ұлы ұғымның аясына топтасуға Қазақ елінің бастамашы болып, әлемдегі діни конфессиялардың ортақ диалог алаңына айналуы жиын барысында бірнеше рет айтылды. Сауд Арабиясы корольдігінен келген Дүниежүзілік ислам лигасының өкілі, Әбдулазиз Ахмад Сархан ортақ алаңдағы әр кездесудің соңында діни өкілдердің ынтымақтастық көкжиегі кеңейе түсетінін жеткізді.
− Біздің баршамызды біріктіретін ортақ үйіміз – жер шары. Бүгінгі бастама үлкен жұмыстың іргетасы. Негізгі мақсатымыз әлемде болып жатқан түрлі діни қақтығыстарды еңсеруге жұдырықтай жұмылу болмақ. Діни қақтығыстар мен қауіп-қатерлер қара бұлттай үйірілген елдердегі тұрғындардың тыныштығы бұзылып, берекесі кетті. Осыдан төрт ай бұрын Дүниежүзілік ислам лигасы Меккеде конференция өткізіп, оған 195 елден 1200-ге жуық ислам дінінің өкілдері қатысқан. Бұл басқосуда қабылданған декларация барша мұсылман қауымға жолданған үндеумен пара-пар. Онда әлемдегі бейбітшілікті сақтау, түрлі сенім мен көзқарастағы адамдардың өзара бітімгерлікте болуы, терроризмге қарсы тұру және төтеп беру мәселелері қаралды, − деді Дүниежүзілік ислам лигасының өкілі.
Ислам атын жамылғандардың арам пиғылы талай қантөгістің орын алып, жазықсыз жандардың зардап шегуіне басты себеп. Бұл ойды тек ислам дінінің өкілдері ғана емес, өзге діни қауымдастықтар да ашық айтуда. Дүниежүзілік лютеран федерациясының өкілі, Қазақстандағы Інжіл-лютеран шіркеуінің архиепископы Юрий Новгородов экстремизм мен терроризмді ислам дінімен байланыстыру орны толмас олқылық, орасан зор қателік екенін айтты.
− Баршамызға аян, белгілі бір күштердің ықпалымен ислам дінін арандату мақсатында дінді құрал ретінде пайдаланып отырғандар бар. Олар өздерінің арам пиғылдарын сол арқылы жүзеге асыруда. Бұл мәселені әрбір дін өкілі жан-жақты ой елегінен өткізіп, сараптап қоғам үшін аса маңызды болып табылатын дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиістіміз, – деді Ю.Новгородов. Оның айтуынша, әрбір елдегі қоғамның жат ағымның жетегіне еру фактілері діни білімнің таяздығы, білместікке бой алдырудың салдары.
Басқосу барысында жиынға қатысушы діни қауымдастық өкілдері тарапынан сан түрлі ұсыныс-тілек айтылды. Оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің әнұранын шығару туралы ұсыныс та бар. Бұл ұсынысты «Сомайя Бахаратия Санкрити Питам» үнді мәдени орталығының директоры Кала Дхананджей Ачария білдірді. Сонымен қатар съезд хатшылығының мүшелеріне «Ерікті елші» атағын беру туралы сөз болды.
Жұмыс тобының барлық мүшелері конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Назарбаев орталығымен, серіктес елдердегі беделді халықаралық ұйымдармен, ірі діни орталықтармен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін білдірді. Барлық қаралған ұсыныстар 2021 жылдың 15-16 маусым аралығына жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІІ съезінде жүзеге аспақ. Оған дейін 2020 жылдың 3 маусымында съезд хатшылығының ХІХ отырысын өткізу бекітілді.
Жиын соңында съез хатшылығының жұмыс тобы арнайы құжат бойынша Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін мәңгі есте қалдыруды ұсынды. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілхановтың мәлімдеуінше, жұмыс тобының барлық мүшелері бір ауыздан съездің бірегей екендігін және келесі VІІ съезд 2021 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс өтетіндігін, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеяларының әлемдік бейбітшілікті нығайтудағы үлесін айрықша атап өтті. Осы орайда, вице-министр аталған жұмыс тобы тарапынан Елбасының съезд жұмысын ілгерілетудегі ерен еңбегін арнайы құжат арқылы мәңгіге есте қалдыру туралы ұсыныс болғанын айтты. Аталған құжатты 2021 жылы өтетін VII съезде қабылдау жоспарлануда.