Елімізде ірі жер иеленушілердің, жерді мақсатты пайдаланбай отырған латифундистердің аты-жөнін көпшілікке жария ету туралы ұсыныс бұған дейін де айтылып қалатын. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев берілген жерді пайдаланбай, не мемлекет меншігіне қайтармай отырған тұлғалардың аты-жөнін БАҚ-та жариялауды тапсырды.
Өңірде пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және қайтару бойынша жиын өткізген Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев осылай деді. Шаруа қожалықтары мен мемлекеттік құрылымдардың басшылары шақырылған бұл жиынға БҚО прокуроры Ж. Өмірәлиев қатысты.
Батыс Қазақстан облысының жалпы аумағы 15 млн. 133 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі – 6 907,3 мың га. Жергілікті атқарушы құрылымдар облыстық прокуратурамен бірлесіп соңғы жылдары жалпы аумағы 1 млн. 532 мың га болатын 1805 жер телімі пайдаланылмай жатқанын анықтады. Бүгінде бұл жерлердің 1122 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды, шамамен 400 мың га жерді иелері өздері игеретін болды.
- Кеше Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шаруашылық айналымға қосу қажеттілігіне басты назар аударды. Біз аграрлық облыс саналамыз, сондықтан, жер – біздің өңір үшін ең маңызды мәселенің бірі. Қолда бар мәліметтер бойынша иелері тиісті жұмысты жүргізбей отырған анықталмаған жер телімдері бізде жетерлік. 1980 жылдары бізде 1,5 млн. га астам егістік жер болса, қазір бұл көрсеткіш бар-жоғы 540 мың га құрайды. Аудандық жерлердегі шаруалар мемлекетті алдап, егістіктің шеткі бөліктеріне егін еккен кейіп танытып, өтірік есеп тапсыратындар да бар екендігін айтады. Өзінің беделін пайдаланып, біздің қызметкерлерге қысым көрсету арқылы өздеріне жерді кері қайтару бойынша заңды шаралар қолданбауды талап ететіндер де бар, – деді әкім Ғали Есқалиев.
Жиында өңірдегі ең егісті өңір – Бәйтерек ауданы бойынша жерлердің жай-күйі талқыланды. Мәселен, «Насым», «Турсун и К» ЖШС-лары секілді жер иелері біраз уақыттан бері 18 мың га егістікті игермей келіпті.
- Мұндай жер иеленушідерді мен залал келтірушілер деп есептеймін. Мәселен, дәл осы 18 мың гектар алқаптың игерілмеуінен біз қандай зиян шектік? Оны былай есептеуге болады: Егер бидай, күнбағыстың өнімділігін орташа есеппен 1 гектарға 10 центнерден деп алсақ, өңір жыл сайын шамамен 1,5 млрд. теңге пайдадан айрылып отыр. Аталған аумақтарда 30-40 адам, ал қосымша жұмыстарды есепке алғанда, 100 адамға дейін еңбекпен қамтылар еді. Және, ең бастысы, бұл жер азып, құнсызданады және жұмысы жанданып тұрған көршілес алқаптарды бүлдіреді, - деді Ғали Есқалиев.
БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанова жылдың соңына дейін жерсеріктік мониторинг арқылы жер телімдерінің нақты игерілуі туралы мәлімет алуға мүмкіндік беретін геоақпараттық жүйе жұмыс жасай бастайтындығын мәлімдеді.
- Қолданыссыз жатқан жер иелеріне айтарым: келесі жылдан бастап біз жерсеріктік мониторинг арқылы жердің пайдаланылуы туралы жедел ақпарат алу мүмкіндігіне ие боламыз және жалған есеп тапсыру деген болмайды. Сол себепті аудан әкімдеріне қолданылмай жатқан жер телімдерінің иелерімен, жалға алушылармен тағы бір мәрте жүздесуді тапсырамын. Егер олардың жерді игеруге мүмкіндігі болмаса, өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарсын, не болмаса сотқа беріңіздер. Берілген жерде жұмыс жүргізгісі де, мемлекетке қайтарғысы да келмейтіндердің аты-жөнін БАҚ арқылы жариялайтын боламыз, - деп мәлімдеді өңір басшысы.
Сондай-ақ жиында әлеуетті инвесторлар үшін геоақпараттық жүйеге бос жатқан жер телімдеріне өткізілетін жоспарлы конкурстар туралы қолжетімді және түсінікті ақпарат орналастыру қажеттілігі айтылды.
Батыс Қазақстан