Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған жас ақындар мен жазушылардың республикалық форумы өз жұмысын бастады.
Алқалы жиынға қатысушылар алдында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов құттықтау сөз сөйледі. «Әдебиет – бұл халықтың төлқұжаты», деп атап өткен ол жаңа технологиялар ғасырында кітап оқудың адам өмірінің барлық қырларында маңызды рөл атқаратынына назар аударды.
– Заманауи әдебиет жастарға тартымды болуы керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының көздегені де осы, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Одан кейін сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан ұйым төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар ол жергілікті ақын Жанат Жаңқаш, Олжас Қасым және басқа да жас әдебиетшілерге Қазақстан Жазушылар одағының мүшелік билеттерін табыс етті.
– Таяуда астанамызда Азия елдері жазушыларының үлкен форумы өтті. Қарағанды форумын соның жалғасы деп бағалауға болады. Бұл жиынды әдебиетшілердің өте уақтылы ұйымдастырылған және аса қажетті кездесуі деп сеніммен айтуға болады. Біз бәріміз бірге заманауи әдебиеттің болашағын анықтай аламыз деп ойлаймын, – дей келе Бақыт Беделхан форумды ұйымдастырған облыс басшылығына алғыс сезімін білдірді.
Форумда сөз сөйлеген ақын Исраил Сапарбай «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызына баса назар аударды.
– «Рух» дегеніміз ол – адамның жан дүниесі. Біз оны дұрыс түсінуіміз керек. Бұл бүкіл халықтың рухани жаңғыруын білдіреді, – деді ақын.
Сондай-ақ алқалы жиында Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы мен «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына байланысты басылым басшысы Дархан Қыдырәлі баяндама жасады.
– Халқымыздың мақтанышы Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы биыл өзінің 100 жылдық мерейтойы үстіндегі «Egemen Qazaqstan» үшін елеулі оқиға. Себебі ақын кезінде «Еңбекші қазақ» – қазіргі «Egemen Qazaqstan» газетінде еңбек еткен. Басылым бетінде өзекті мәселелерді көтерді. Мысалы газетте «Қазақ» атын қайтару, қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы өткір материалдар жазғаны белгілі. Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығын кең көлемде атап өтуге бастамашы болған. Яғни, Сәкенді нағыз алашшыл тұлға деп атауға әбден болады, – деді Дархан Қыдырәлі.
Алқалы жиынның ашылуында қонақтар алдында Жақсыкелді Кемалов, Сержан Мұсайын сияқты белгілі өнерпаздар Сәкеннің, Қасымның әндерін шырқады.
Форумның салтанатты ашылуынан кейін «Қазіргі заман қазақ әдебиетінің бет-бейнесі және рөлі» атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мұнда сөз сөйлеген ақындар Серік Ақсұңқарұлы, Гүлнәр Салықбай, Бақыт Беделхан, Маралтай Райымбекұлы, Танакөз Толқынқызы, «Egemen Qazaqstan» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі, жазушы Аягүл Мантай, әдебиеттанушы Жансая Жарылғапов қазіргі қазақ әдебиетіндегі қадау-қадау мәселелерге тоқталып, өздерінің құнды ұсыныстарын айтты.
Мысалы Дархан Қыдырәлі әдебиетте сын жанрын дамыту керектігін қозғаса, ақын Серік Ақсұңқарұлы қаламақы мәселесіне назар аударатын кез жеткенін айтты. Танакөз Толқынқызы аударма жанрының біздің әдебиет үшін аса маңызды жанр екендігіне баса мән берді. Ал ғалым Жансая Жарылғапов осындай жиындарға әдебиеттанушы мамандар да қатысса деген тілегін білдірді.
Жалпы ақын-жазушылар бас қосқан жиын аса қызықты және пайдалы пікірталас үрдісімен өрбіді. Форум қонақтары айтқан көкейге қонымды идеялар мен ұтымды ұсыныстардың жиынның маңызын арттыра түскенін де атап өткен ләзім.
Бүгін форум қонақтары Қарағандының маңындағы Долинка кентінде орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына экскурсия жасайды. Бұдан бөлек ақын-жазушылар кеншілер астанасындағы студент жастармен кездесулер өткізеді. Сондай-ақ форум қонақтары семинарлар мен тренингтерге, шеберлік сабақтары және кітап тұсаукесерлеріне қатысады. Бағдарлама жоспары бойынша алқалы жиынның жұмысы жергілікті өнерпаздар күшімен қойылатын гала-концертпен түйінделмекші.
ҚАРАҒАНДЫ