Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Жетісу жерін аралады. Алматы қаласы маңындағы аудандардың тыныс-тіршілігімен танысқан Үкімет басшысы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары аясындағы инвестициялық жобаларды іске асыру барысымен, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір экономикасын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуымен танысты.
Мегаполисті азық-түлік, көкөніс өнімдерімен қамтуда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы маңызды қадам жасап отыр. Бүгінде бұл аудандағы алма бақтарының көлемі 6400 гектарға жеткен. Оның 1,5 мың гектары – интенсивті бау-бақша. Ісін ілгерілетіп отырған «Amal bio» серіктестігі бақ өсіруде көшбасшы орында. Шаруашылыққа қарасты алма бақтарын аралап көрген Премьер-Министр жер игерудегі жаңа технологияға назар аударды. Бағбандар алма өсірудің тың әдісі мен әлемдік тәжірибеге арқа сүйеп, мол өнімді аз шығынмен жинауға қол жеткізіп отыр. Әуелгіде өз ісін 50 гектар алқапқа алма көшетін отырғызудан бастаған шаруашылық директоры Асқар Сабиров қазір 500 мың түп алма ағашынан жеміс жинап алатынын айтады. Алма бақтың көлемін 150 гектарға дейін ұлғайтып, алманың 14 түрлі сұрпын күтіп-баптауда. Дайын өнімді Алматы қаласының тұтынушыларына тасымалдайды. Алма бақтағы жұмысты көзбен көрген Үкімет басшысы отандық өнімнің дүниежүзілік нарыққа шығуына қажетті жағдай жасалып отырғанын айтты. «Amal bio» серіктестігінің бұл бағыттағы қадамы нәтижелі. Шаруашылықта сыйымдылығы 6 мың тоннаға жететін жеміс және көкөніс сақтайтын қойма бар. Аумағы 750 шаршы метр болатын көтерме-бөлшек сауда павильоны да жұмыс істеп тұр. Қазір «Amal bio» сауда белгісімен айшықталған дайын өнім шетел нарығына экспортқа жөнелтіледі.
А.Мамин Еңбекшіқазақ ауданындағы «Адал» агроөнеркәсіп кешенінде де болды. Аймақтағы сүт өнімдерін шығаруда негізгі үлеске ие серіктестік шикізатты өздері дайындайды. Сауын сиыр санын 2,5 мың басқа дейін көбейткен агроөнеркәсіп кешені жылына 20 мың тонна сүт өндіреді. Малға қажетті жемшөпті де өздері егіп, өсіреді. Сүт зауыттарындағы жұмыс толықтай цифрлы жүйемен басқарылады. Табиғи сүтті италиялық тәсілмен өңдеп, 56 түрлі сүт өнімін жасап шығарады. 262 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Жамбыл ауданында «EmpireFood» ЖШС ет комбинатына, Қарасай ауданында «Хамле» ЖШС кондитерлік өнімдер зауытына барды.
Алматы облысына жұмыс сапары барысында А.Мамин «Лукойл» ЖАҚ президенті Вагит Алекперовпен бірге Іле ауданында бой көтерген «Лукойл Лубрикантс Орталық Азия» серіктестігінің жаңа зауытының тұсауын кесті. Ресеймен бірлескен кәсіпорын майлау материалдарын шығарады. Зауытта жыл бойына 100 мың тоннаға дейін өнім дайындалады. Оның ішінде мотор майының сегіз жүзден аса түрін өңдейді. Өндіріс Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ Қытай, Ауғанстан және Моңғолияның ішкі нарығын майлау майларымен қамтамасыз етпекші.
– Бүгінге дейін еліміздің көмірсутек секторына 9,5 млрд АҚШ доллары шамасында инвестиция салған «Лукойл» компаниясының бұл жаңа зауыты отандық мұнай-газ секторы дамуының қазіргі векторына, атап айтқанда, шикізат бағытынан өтіп, дайын өнім шығаруға көшкенін білдіреді. Кәсіпорынның құрылысына және оны жарақтандыруға салынған жалпы инвестициялар көлемі 94 млн АҚШ долларын құрады. Жоба Қазақстан Республикасының заңнамасы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық құқық талаптарына қатаң сәйкестікте жүзеге асырылды. Зауытқа «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік магистралінің жақын орналасуы логистикалық процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді, – деді Премьер-Министр зауыттың ашылуында сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ осы шара аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Лукойл» ЖАҚ арасында «Қазақстан Республикасының аумағындағы учаскелерді бірлесіп зерттеу туралы» келісімге қол қойылды.
2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында Алматы облысының негізгі капиталына инвестициялар көлемі 305,3 млрд теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне шаққанда 103,3%-ды құрады. Өсім Индустрияландыру картасы жобаларын, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыру, газдандыру жұмыстарын жүргізу, «Alacem» цемент зауытын салу, «Сарыбұлақ 2» ЖЭС, «Лукойл» майлау материалдарын шығару зауытын салу арқылы қамтамасыз етілді. ИИДМБ және Индустрияландыру картасы аясында 2019 жылы 1214 жұмыс орнын құрумен, 61,9 млрд теңгеге 11 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішіндегі ірі жұмыс орындары санатына «Жетісу Мажико Агрокешені» ЖШС (май өнімдері мен құрама жемнің өндірістік кешеннің құрылысы) және «Meat Processing and Service» ет өңдеу кешені енеді.
Үкімет басшысы Алматы облысына жасаған жұмыс сапарын қорытындылай келе, өңірде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясындағы инвестициялық жобалардың іске асу барысы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір экономикасын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуына оң баға берді.
Алматы облысы