Таяуда Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров жылыту маусымына дайындық аясында көмір сату бекеттерінің жұмысын тексеріп қайтты. Мұндағы басты мақсат – қамсыз отырған ағайын қар түскенде жапа-тармағай жүгіріп, содан ұзын-сонар кезек туындап, айғай-шу болмасын дегені еді.
Қарағанды облысында көмір нарығындағы дүрлігуге жол бермеу үшін жергілікті билік жағдайды күнделікті режімде қадағалап отырғанын айта кеткен ләзім. Сатып алушыларға ыңғайлы болуы үшін өңірде көмір жеткізу жөніндегі call-орталық ашылды және сайтта өтінімдерді алыстан қабылдау да ұйымдастырылды.
– Қазір көмір маусымының қызу кезеңі басталды. Біз жаздан бастап халықты отынды алдын ала сатып алуға шақырдық. Ұсыныс жеткілікті болуы үшін жеткізушілермен жұмыс істедік. Өткен жылы бұл тәжірибе сәтті жүзеге асырылды. Алайда біз шілде мен тамыз айларында өткен жылға қарағанда аз көмір сатып алынғанын анықтадық. Мүмкін бұл жаздың ыстық болуымен байланысты болар, – деді А.Айдаров.
Көмір алуға жөн-жосықсыз кезекті болдырмау үшін онлайн-жеткізу қызметі арқылы көмір сататын сынама жоба туралы облыс әкімінің орынбасары егжей-тегжейлі айтып берді. Мысалы, 7543.kz сайтында Шұбаркөл көмірін сатып алуға онлайн-тапсырыс беруге болады. 7543 нөмірінде облыстың барлық тұрғындары үшін қолжетімді call-орталық жұмыс істейді.
Мониторинг мәліметтері бойынша, көмірді жеткізу негізінен күнбе-күн іске асырылады, кейбір жағдайларда ары кетсе екі тәулікке созылуы мүмкін. Сондай-ақ сатып алушылар өз қалауы бойынша нақты бір белгіленген күнге де тапсырыс бере алады.
Онлайн-тапсырыс бойынша көмірдің бір тоннасы 10 100 теңге тұрады. Жеткізу төлемі мекен-жайға байланысты 5 мың теңгеден басталады.
– Бүгінгі таңда бұл ең арзан баға. Бұған қоса, көмірдің сапалы болуына да кепілдік беріледі. Жеткізу кезінде банк картасы арқылы немесе қолма-қол ақшамен төлеуге болады, – деді А.Айдаров.
Биыл облыста 2018 жылға қарағанда көмір 2 млн тоннаға артық өндіріліп, 37 млн тоннаны құрауы тиіс деп жоспарланған. Жалпы өнімнің 4,5 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы көмірге тиесілі, ал 1,3 млн тоннаны Қарағанды облысының тұрғындары тұтынады.
ҚАРАҒАНДЫ