Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында қысқы жылыту маусымына өңірлердің дайындық барысы қаралды. Аталған мәселе бойынша Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов және бірқатар өңірдің әкімдері жылыту маусымына дайындық туралы баяндады.
Жұмыс кестеге сәйкес жүруде
«Жалпы алғанда, Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдерінің энергия жүйелерімен қатар штаттық режімде жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың 19 қыркүйегіндегі жағдайға сәйкес Республика бойынша электр энергиясын тұтыну 73,1 млрд кВт-ты құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 1,7%-ға артық», деді М.Досмұхамбетов.
Энергетика министрі бірінші орынбасарының айтуынша, энергетикалық кәсіпорындарды күзгі-қысқы кезеңге дайындау бекітілген жөндеу кестелеріне сәйкес жүргізілуде.
«Бүгінде 11 энергияблогының 5-еуін (жылдық көлемнің 45%-ы), 63 қазандықтың 40-ына (жылдық көлемнің 63%-ы) және 46 турбинаның 23-іне (жылдық көлемнің 50%-ы) жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар 4 энергия блогын, 28 қазандықты және 18 турбинаны жөндеу жұмысы жалғасуда», деді М.Досмұхамбетов.
21 мың шақырымдық электр желілері мен 1152 шағын стансада жөндеу жүргізілді, бұл жылдық жоспардың тиісінше 84% және 92%-ын құрайды.
Алдағы жылыту маусымына дайындық үшін орталықтандырылған жылумен қамту аймағындағы 459 қазандықтың 428-ін жөндеу аяқталды, бұл жылдық жоспардың 93%-ын құрайды.
Сонымен қатар М.Досмұхамбетов отынмен қамтамасыз ету барысы туралы айтып берді. Ағымдағы жылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша энергия көздері қоймаларында жинақталған көмір қоры – 4 млн тонна. Бұл өткен жылғы деңгейден 15%-ға артық. 101,9 мың тонна мазут жинақталды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 23%-ға артық. Энергетика министрлігі қосымша құн салығын қоса есептегенде 100 мың теңге бағамен 277 мың тонна «әлеуметтік» мазут жеткізу бойынша кестені бекітіп, өңірлерге жолдады.
«Министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуіне дайындық жұмыстарын жүргізуде. Өңір әкімдіктері энергия көздерінде жоспарланған барлық жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды бақылауға ала отырып, энергия кәсіпорындарына көрсетілген қызмет үшін барлық берешектердің толық көлемде өтелуін қамтамасыз етуі қажет», деп түйіндеді М.Досмұхамбетов.
Облыстардың жылыту маусымына дайындығы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндады.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр әкімдіктер инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жөндеу жұмыстарын аяқтап қалғанын атап өтті. Тұрғын үй-коммуналдық қажеттіліктерге және тұрғындарға қажет көмір мен мазут қорын дайындау жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Р.Скляр кейбір білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің, сондай-ақ тұрғын үй нысандарының кестеден артта қалуына байланысты мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті. Бұл мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауына алынған.
Дербес қазандықтар дайын
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өңірлердің жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады.
«Жергілікті атқарушы органдар 10 623 дербес қазандықты жөндеуді жоспарлаған болатын, қазір оның 10 606-сы немесе 99,8%-ы дайындалды. Жөндеу жұмыстары әзірге Маңғыстау облысында – 94,2%, Қызылорда облысында – 99,2%, Шымкент қаласында 99,3% орындалды. Қалған өңірлерде дербес қазандықтардың толық дайындығы қамтамасыз етілген. Жылу желілерін жөндеуге қатысты, жоспарланған 4 990 шақырым жылу желісінің 4 943 шақырымы немесе 99,1%-ы жөнделді. Жылу желілерін жөндеу жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласында – 73,6%, Маңғыстау облысында – 91,7%, Атырау облысында 96,8% орындалды. Бұлар – төменгі көрсеткіштер», деді Бейбіт Атамқұлов.
Сумен жабдықтау желілерін дайындауға қатысты, 15 116 шақырым сумен жабдықтау желілерін жөндеу жоспарланған, іс жүзінде 14 917 шақырым немесе 98,7%-ы жөнделді. Сумен жабдықтау желілерін жөндеу Нұр-Сұлтан қаласында – 71,6%, Ақтөбе облысында – 83,8%, Түркістан облысында – 89,9%, Шымкент қаласында – 90,5% орындалды.
10 967 білім беру нысаны жылыту маусымына әзір, яғни барлық білім беру нысанын 1 қыркүйекке дейін дайындау жоспарланған болатын. Алайда, дайын емес объектілер үш өңірде қалды: Нұр-Сұлтан қаласында дайындық – 97,7%, Батыс Қазақстан облысында – 99,5%, Атырау облысында – 99,5%.
5 936 денсаулық сақтау нысанын әзірлеу жоспарланған еді, соның 5 921-і, яғни 99,7%-ы сақадай-сай. Қалған өңірлерге қарағанда дайындығы төмен Атырау облысында жоспар – 95,2%, Ақтөбе облысында – 98,9%, Батыс Қазақстан облысында 99% орындалды. 46 809 тұрғын үйді жөндеу жоспарланған болатын, іс жүзінде 45 908 тұрғын үй немесе 98,1%-ы дайындалды. Тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау бойынша Батыс Қазақстан облысында (84,5%), Түркістан облысында (94,9%), Шымкент қаласында (90,7%) жұмыс қарқыны төмен.
2017 жылдан бастап Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көппәтерлі тұрғын үйлерде, білім беру, әлеуметтік сала нысандарында белгіленген құрылыс нормалары мен ережелерін бұза отырып орналастырылған дербес қазандықтарды шығаруға мониторинг жүргізуде. Жалпы құрылыс нормалары мен ережелері бұзылған 769 дербес қазандық анықталды. Олардың 39-ы көппәтерлі тұрғын үйлерде, 730-ы – білім беру, әлеуметтік мәдени тұрмыс нысандарында орналасқан. Мұндай қазандықтарды шығару жергілікті бюджет немесе басқа да қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылады. 2019 жылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша 419-ы шығарылды, бұл – жоспардың 54,5%-ы. Қостанай (13%), Ақмола (36%) және Қарағанды (51%) облыстарында бұл жұмыс қарқыны мардымсыз.
«Көмір өндіруші компаниялар 75,1 млн тонна көмір өндірді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 97,2 %-ды құрады. Еліміздің ішкі нарығына осы кезеңде 51,5 млн тонна көмір жөнелтілді. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 39,6 млн тонна көмір жіберілді, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 1,4%-ға аз. Өнеркәсіптік кәсіпорындарға 4,8 млн тонна көмір жөнелтілді, бұл 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға төмен. Коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке және халыққа 7,1 млн тонна көмір жіберілді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 92,8%-ды құрайды. Көмір экспорты 19,8 млн тонна болды, деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
Коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 11,4 млрд теңгені құрады. Ең көп дебиторлық берешек Алматы қаласында – 2,6 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласында – 1,7 млрд теңге, Маңғыстау облысында – 1,5 млрд теңге, Шымкент қаласында – 1,3 млрд теңге көлемінде. Сондай-ақ 2018 жылмен салыстырғанда Алматы қаласында берешек 533 млн теңгеге өскен. Шымкент қаласында қарыз 2018 жылмен салыстырғанда 1,1 млрд теңгеге, Нұр-Сұлтан қаласында 568 млн теңгеге азайған.
Дебиторлық берешек бойынша ең төмен көрсеткіштер Алматы облысында – бар-жоғы 5 млн теңге.
Мәселе Үкімет бақылауында
Тақырыпты қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Мамин жылыту маусымына дайындық жұмысын күшейтіп, оны сапалы аяқтау қажеттігін атап көрсетті.
«Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен кестеден қалып қою, коммуналдық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін отын дайындау деңгейінің төмендігі болуы сияқты фактілері орын алып отыр. Осыған байланысты әкімдерге жоспарланған жөндеу жұмыстарын тиісті мерзімде аяқтауды қамтамасыз етіп, қажетті көлемдегі отынды алдын ала жеткізуді тапсырамын», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне екі апта ішінде белгіленген тәртіпте көмірді даярлау және өткізу пункттерінің инфрақұрылымының қазіргі жағдайын, жеткізілім кестесін, сатылатын көмірдің бағасын және сапасын тексеруді, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, көмір жеткізуге арналған вагондармен қамтамасыз етуді тапсырды.
«Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұрғындардың коммуналдық қызметтері үшін дебиторлық берешегін жабу жұмысын күшейту қажет», деді Премьер-Министр. А.Мамин Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне өңір әкімдіктерінің алдағы жылыту маусымына барлық нысандарды дайындау жұмысын аяқтауын бақылауда ұстауды қамтамасыз етуді тапсырды.
«Министрлер мен әкімдерге қазақстандық қамту бойынша көрсеткіштердің және тиісті заңнаманың орындалуы бойынша дербес жауапкершілік артылады. 9 айдың қорытындысы бойынша жиналыс өткіземіз. Онда осы көрсеткіштердің қалай орындалғанын қарастырамыз», деп түйіндеді Премьер-Министр.
«Бастау Бизнестің» берері мол
Сондай-ақ Үкіметтің селекторлық отырысында «Бастау Бизнес» жоба-сын іске асырудың аралық қорытындысы мен мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту мәселелері қаралды. Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Қаржы министрі – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов және Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев баяндады.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Жас кәсіпкер» жобасы аясында ағымдағы жылдың 22 шілдесі мен 5 қыркүйегі аралығында елдегі 200 мектеп 18,3 мың жас пен көп балалы отбасылардың өкілі оқытылды. «Бастау» жобасы бойынша оқытылған 15 мың адамды есепке алғанда, 33,3 мың жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтығандар қамтылды, оның 600-ден астамы 29 жасқа дейінгі көп балалы отбасының өкілі.
Биыл мектеп бітірген 2360 адам шағын несие алды, 5431 адамға грант берілді. Өңірлер бойынша ең жақсы көрсеткіш Павлодар (70%), Шығыс Қазақстан (61,5%) және Қызылорда (61,2%) облыстарында байқалады.
Қостанай облысында жергілікті қамту үлесінің ең жоғары көрсеткіші жиһаз және азық-түлік сатып алуда – 40%-ды, жеңіл өнеркәсіпте – 21%-ды құрайды. Құрылыс материалдары саласында ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе және Павлодар облыстарына тиесілі.
Ауылдық елді мекендерді несиелендіруге 59,8 млрд теңге бағытталды. Жыл басынан бері барлығы 9 433 микронесие берілді. Ауылдағы микронесиенің орташа мөлшері 3,8 млн теңгені, ал қалаларда 11,1 млн теңгені құрайды.
«Бүгін талқыланған «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер», шағын несие беру жобаларының іске асырылуы халықты жұмыспен қамту мәселесімен тығыз байланысты. Бұл – Елбасы мен Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі. Осы жұмыстың жақсы нәтижелерін көріп отырмыз. 2019 жылдың өзінде 5 мыңнан астам азамат өз ісін ашып, 8,5 мың жұмыс орнын құрды», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы «Бастау Бизнес» жобасына қатысушылардың қатарын көбейтіп, бизнесін ашқандар немесе кеңейткендер санын 20-дан 30%-ға дейін жеткізу мәселесін пысықтап, шағын несие және грант беру бойынша көзделген барлық жоспарлардың орындалуын жеделдетуді, жергілікті қамту бойынша бекітілген индикаторларды орындауды, заңнаманың және индустриялық сертификат пен «СТ-КZ» сертификатының талаптарының орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуды жүзеге асыруы қағидаларында шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін қарастырып, олардың бір ай мерзімде қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды.