• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қыркүйек, 2019

Елбасы, қазақ диаспорасы және ел болашағы

809 рет
көрсетілді

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін қалап, биік дәрежеге көтерудегі еңбегі барынша жан-жақты әрі ұшан-теңіз. Елбасының бұл еңбегінің ең бастыларының бірі – әлемнің әр түкпіріндегі сан миллион қазақтармен байланыс орнатып, олардың атажұртқа оралуына жол ашуы.

Елбасының тапсырмасымен құрыл­ған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы этностық көші-қонға, яғни шетелдегі қа­зақтардың атажұртқа көшіп келуіне айрықша көңіл бөлді. Бұл үшін қауым­дастық қызметкерлері шетелдерге жиі шығып, ондағы қазақтарға атажұртқа оралудың жол-жобасын көрсетіп, келетін отбасылардың тізімін жасап, көші-қон мекемелеріне өткізіп отырды. Жергілікті әкімшіліктермен байланыс жасап, келген қандастардың дұрыс орналасып, жаңа ортаға тез бейімделуіне көмектесті.

Бұл жылдары Қазақстан үкіметі көші-қонға айрықша ынта-ықылас танытып, барлық жағдайды жасады. Моңғолиядан бастап, сонау араб елдері мен Түркияға дейін арнайы ұшақтар мен көліктер жіберіп, ағайындарды жүздеп, мыңдап көшіріп әкелді. Жыл сайынғы көші-қон квотасының саны 20 мың отбасына дейін көтерілді. Бұл көш 90-жылдардың ортасында айрықша мол болып, қандастардың саны жылына 170 мыңға дейін жетті. 2000 жылдардың ортасында да бұл көш 60-70 мыңның төңірегінде болды. Сөйтіп Қазақстанға 1 млн-нан астам қандасымыз оралды.

Бүгінгі таңда республика халқының жалпы саны 18 миллионнан асып, 19 мил­лионға бет алды. Егер 1 млн қан­дасымыз келмегенде Қазақстан халқы­ның саны қазіргі деңгейге жете алмас еді; әлеуметтік-экономикалық дәре­жеміз, мәдени-рухани жағдайымыз дәл қазіргідей биікке көтерілмес еді.

Этностық көштің қазіргі жағдайы

Соңғы уақытта сырт жерлердегі ағайындармен байланыстың бұрынғыдан әлдеқайда әлсіреп, төмендегені анық. Бұған шетел қазақтарының атажұртқа келуінің азайып, сыртқа кетушілердің көбейгені дәлел. Баспасөзде жарық көрген ресми деректерге сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанға бар болғаны 16,1 мың адам келген, ал кетушілер одан әлдеқайда көп, яғни 37,7 мың адам. 2018 жылы Қазақстанға 12,8 мың адам келсе, шетелдерге одан үш еседен артық, яғни 41,9 мың адам кеткен. Ал 2019 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға келушілер 5 мыңнан сәл ғана асса, кеткендер төрт есе көп, яғни 20 мың болған.

Міне, осы айтылған мәліметтер жыл өткен сайын Қазақстанға келушілердің үздіксіз кеміп, кетушілердің көбейгенін анық көрсетеді. Кез келген мемлекеттегі халық санының өсуін көршілес елдер­мен салыстырып бағалау керек. Мысалы, 1967 жылы Өзбекстанда 10 мил­лион 896 мың халық болған. Сол кездегі Қазақ­стан халқы 12 миллион 400 мың, яғни өзбекстандықтардан 2 миллион артық екен. Ал содан тура елу жыл өткен­де, яғни 2017 жылғы есеп бойынша Өзбекстан халқы 34 миллионға жақындап, үш есе көбейіпті. Бұл жылдары Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан халқы да үш есе көбейген.

Ал Қазақстан халқы бұл жылдары үш емес, бар болғаны жарты есе ғана өсіп, 18 миллионнан әрең асқан. Яғ­ни, Қазақстандағы демографиялық өсім көрші елдермен салыстырғанда өте төмен. Халық санының өсуіндегі мұн­дай олқылықтар еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық жағдайына, қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігіне кері әсер ететіні анық.

Шетелдегі ағайындарды атажұртқа әкелу – ең алдымен бізге, яғни Қазақстан­ның өсіп-өркендеуі үшін керек. Өйткені Қазақстан – бүкіл әлем бойынша жер көлемі жөнінен ең алдыңғы орында, ал халық саны осы кең жермен са­лыс­тырғанда ең соңғы орындардың бі­рін­де тұрған мемлекет. Яғни, біз осын­­дай кең жерді 20 миллионға да жет­пей­тін халықпен еркін игеріп, биік дә­ре­жеге көтеріле аламыз ба? Мұның қиын­шы­лығы қазірден байқалуда. Мысалы, мал өсіретін, көкөніс егетін осынша кең же­ріміз бола тұрып, жейтін етіміздің, ішетін тамағымыздың басым бөлігін Өзбекстаннан бастап, алыс-жақын шетелдерден тасимыз. Киетін киімімізді Қытай мен Қырғызстаннан әкелеміз. Сәл бірдеңе болса ауылдық жерлерде жұмыс жоқ дейміз, бірақ сол ауылдарға әлемнің әр түкпірінен сан мыңдаған еңбек мигранттары, яғни гастербайтерлар келіп, үй салып, құрылыспен айналысып, егін егіп, мал өсіріп, пайда тауып жатқаны қаперімізге кірмейді.

Өткен жылы көші-қон қызметі арқы­лы 438 мың шетелдік Қазақстанда жұ­мыс істеуге рұқсат алған. Оған қоса Өз­бекстан, Тәжікстан, Армения, Әзер­бай­жан, Молдова, Грузия елдерінен келген 175 мың еңбек мигрантының жұмыс іс­теу рұқсатының мерзімі ұзартылған. Ал биылғы жылдың 6 айы ішінде Қазақстан­да жұмыс істеуге 260 мың шетелдікке рұқсат берілген («Egemen Qazaqstan», 12.07.2019 ж.). Мұның сыртында еш­қандай рұқсат алмай, заңсыз жұмыс істеп жүрген мигранттар қаншама?

Ал сонда бұл жұмыстарды шетелдіктер емес, өзіміздің қазақстандықтар неге іс­темейді? Бұл туралы мәселе көтерілсе, айлығы аз, жұмысы қиын, жағдай жоқ деген сияқты толып жатқан сылтау айтылады. Бұл жағдай Қазақстандағы жер­гілікті халықтың ұшан-теңіз бай жерді тиімді пайдалануды әлі де меңгере алмай жатқанын көрсетеді. Міне, осылармен салыстырғанда, сырттан келетін қандастар еңбек етуге барынша бейім. Ешкімге алақан жайып отырмайды. Тірліктің қай саласында болсын жанын салып жұмыс істейді. Егін де егеді, мал да өсіреді. Шағын кәсіпкерлікпен де айналысады. Қандастардың бүгінге дейінгі нәтижелі еңбегі, жеткен жетістіктері осыған айқын дәлел.

Этностық көштің ерекше қанат жа­йып, қандастардың көптеп келуі біздің мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін кү­шейтіп, қауіпсіздігін нығайту үшін де керек. Соңғы уақытта Қазақстанның әр өңірінде бос қалған елді мекендер, ие­сіз қалған жерлер көбеюде. Осын­дай жағдайда жиырма-отыз жылдан ке­йін не болады? Тұрғындары барынша кө­бейіп, өз жеріне сыймаған көршілеріміз Қазақстанның бос жатқан өңірлеріне жан-жақтан ағылмай ма? Ондай жағдайды тоқтатуға шамамыз жете ме?

Этностық көші-қон, яғни қандастар туралы сөз болғанда осы мәселе, яғни ел қауіпсіздігі ерекше есте болғаны жөн. Бұл мәселе алдағы уақытта Қауіпсіздік кеңесінде арнайы талқыланса да артық­тық етпес еді.

Көш неге тоқтап қалды?

Көші-қон саласындағы ұзақ жылдардан бері жүзеге асырылған жақсы істердің аяқ астынан кедергіге кездесіп, бұрын-соңды болмаған қиындықтарға ұшырауының себебі неде?

Мұның ең басты себебі – Қазақстан­дағы жоғары орындардың этностық көші-қон мәселесіне дұрыс көңіл бөлмеуінен; шетел қазақтарының елімізге қажет екендігін түсінбеуінен туындайды.

Шетел қазақтарымен қарым-қаты­нас­тың төмендеп, қандастардың күрт азаюының және бір себебі – қазақ диас­­­порасымен мәдени-рухани, оқу-білім және көші-қон жөнінен байла­ныс жасаудың бір жүйеге түскен нақты бағ­дарламасының болмауы. Мұндай бағдарлама «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының негізінде жасалуы тиіс еді. Соңғы жылдары бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, бірнеше рет қайта қабылданды. Мұндай жағдайда жаңа заңды дайындаушылар да, оны қабылдайтын Парламент депутаттары да «Заңның осы жолғы нұсқасы өте керемет, қандастарға барлық жағдайды жасайды» деген әңгімелер айтады. Бірақ заң қабылданғаннан кейін оның бәрі жайына қалады. Заңда көрсетілген мә­селелер дұрыс атқарылмайды. Заңды жүзеге асыратын ережелер мен басқа да құжаттар жасалмайды. Соның салдарынан қандастардың жағдайы жеңілдемек түгілі, бұрынғыдан қиындай түседі.

Осыған орай және бір жағдайды атап айта кеткен жөн. Ресейден бас­тап өркениетті елдердің бәрі этностық көші-қонды бір орталықтан басқарып, нақты жүйемен жүргізеді. Бұрын Қазақ­стандағы қандастар көші де осылай ұйым­­дастырылатын. Бірақ кейінгі уақыт­та Қазақстанда оның бәрі тоқтаған. Бірен-саран облыстарда қандастарға ар­нал­ған бейімдеу орталықтары бар, бірақ олардың жұмыстары ешқандай сын көтермейді. Осындай жағдайдың салдарынан қазіргі қандастар бала-шағасын шұбыртып, өз күштерімен келеді. Келгеннан кейінгі жағдайлары да оңай болмайды. Тұратын үйді өздері табады. Тұрақты тіркелу мен Ықтияр хат алу үшін толып жатқан құ­жат жинайды. Бұған да олардың біраз ақ­шасы, төрт-бес ай уақыты кетеді.

Қазіргі кезде көші-қонмен нақты кім айналысатыны белгісіз. Көші-қон коми­теті әлдеқашан таратылған. Қазір ол – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы шағын бас­қарма. Ол басқарманың этностық көші-қон мәселесін толық шешуге шамасы жетпейді.

 «Халықтың көші-қоны туралы» Заңда этностық көшті шетелдерде ұйымдастыру Сыртқы істер министрлігіне жүктелетіні атап көрсетілген. Бірақ бұл министрлік заңда көрсетілген бұл міндетті ойдағыдай орындап отыр деп айту қиын.

Сондай-ақ қандастардың Қазақстанға келгеннен кейінгі көп шаруасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полиция­сына барып тіреледі. Бірақ бұл мекемеде этностық көші-қонның ерекшелігін түсініп, жанашырлық таныту кенже қалып тұр. Атажұртқа ат бұратын аға­йынның азаюының бір себебі осыдан туындап отыр. Осыған орай, мына жағ­дайды атап айтқымыз келеді. Соңғы уақытта дүние жүзі бойынша көші-қон ең күрделі мәселелердің біріне айналып, бұл жө­ніндегі ереже-тәртіптер қатайтылуда. Бірақ бұл талап босқындар мен еңбек мигранттарына қатысты. Ал этностық көші-қон, яғни өз қандастары мен отандастарын көшіріп әкелудегі шарт-талаптар барлық елдерде де бұрынғыдай жеңілдіктер жасау негізінде жүзеге асырылады. Бұған Израиль, Германия, Польша сияқты елдерден бастап Ресейдегі этностық көші-қон туралы жүргізіліп жатқан жақсы істер айқын дәлел.

Қазақстандағы көші-қон мекемелері үшін шетелден келген босқын да, жұмыс іздеп жүрген гастербайтер да, атажұртқа оралған қандастар да – барлығы бір сияқты. Мысалы, қандастарымыз бел­гіленген мерзімде тұрақты тұруға рұқсат алып үлгермесе, көші-қон полициясы оған ереже бұздың деп, айып салып, шекарадан кері қуады. Кейде паспортына Қазақстанға қайтып келуге болмайтын «қара таңба» басады. Мысалы, Алматы облысы Қарасай ауданына Ауғанстаннан бала-шағасымен көшіп келген бір топ қазақ осындай қиыншылықты бастан кешіруде.

Елбасы тапсырмасы қалай орындалуда?

2017 жылы өткен Әлем қазақтарының V құрылтайынан кейін көші-қондағы жағдай өзгеріп, біраз мәселе бір жүйе­ге түседі деп үміттенген едік. Бұл құ­рыл­­­тай­да Елбасының ұсынысымен Қауым­дастық Төрағасының бірінші орынбасары болып Зауытбек Тұрысбеков сайланды. Зауытбек Тұрысбеков – кезінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған, оның ішінде біраз уақыт Көші-қон комитетін басқарған белгілі қайраткер.

Құрылтайда Елбасы шетелдегі қа­зақ­тармен байланыс жасап, олардың атажұртқа оралуына кең жол ашу жө­нінде сегіз бағыттан тұратын міндетті атап көрсетіп, Үкіметке нақты тапсырма берді. Бұл тапсырманың ең басты­ларының бірі – «Отандастар» қорын құрып, осы Қор мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірлесуінде шетел­дегі ағайындармен байланыс жасап, олардың атажұртқа оралуының бар­лық мәселелерін қамтитын кешенді бағ­дар­лама әзірлеу еді.

Бүгінгідей әңгімеде қауымдастықтың «Отандастар» қорымен ара-қатынасына да тоқтала кеткеніміз жөн. Бұл қор Ел­басы­ның бесінші Құрылтайдағы тап­сыр­масына сәйкес дүниеге келді. Арқа сүйейтін осындай тірегі болмаған­дық­тан қауымдастық кезінде көп қиын­дыққа ұшыраған. Әсіресе қаржы мә­селесі шаршататын. Санаулы қызмет­керлер жарытымсыз жалақыға жұ­мыс істеді. «Отандастар» қоры құ­рыл­са, қауымдастық ендігі жерде мұн­­дай қиындықтардан құтылып, қана­тын кең сермеп, биікке көтеріледі деп сен­генбіз. Сондай-ақ шетел қазақ­та­ры­мен байланысты нығайтып, көші-қон мәселесіне айрықша көңіл бөлу жө­­ніндегі ұсыныстарымызды кезінде «Отан­дастар» қорына да, қауымдастыққа да бергенбіз. Ол ұсыныстардың қанша­лықты ескерілгені бізге белгісіз. Шетел­дегі қазақ диаспорасымен байланыс жа­сау­дың маңыздылығы мен қажеттілігі жоғарыда жан-жақты айтылды. Ендігі басты мақсат та, негізгі міндет те – отан­дастармен арадағы осы байланысты одан әрі нығайту. Бұл үшін төмендегідей мәселелер нақты қолға алынуы қажет:

Елбасы 2017 жылғы Дүниежүзі қа­зақтарының құрылтайында шетелдер­дегі қазақ диаспорасымен байланыс жа­сап, олардың атажұртқа оралуына жағдай жасау жөнінде сегіз түрлі ба­ғыт-бағдардан тұратын міндеттерді нақ­ты­лай келіп, былай деген еді: «Елім деген әрбір қазаққа Қазақстанның есі­гі әрқашан да ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Келгендерге қауымдастық ар­қылы барлық жағдайды жасауымыз керек. Көшіп келуге ниет еткен аға­йын­дарға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Барлық мемлекеттерде біздің елшіліктеріміз бар, сол елшіліктеріміз азаматтардың құжаттарын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Бұл жұ­мысты осында отырған Сыртқы істер министріне тапсырамын. Елге келген соң құжат түгендеу үшін әрлі-берлі сабылу болмау керек...

... Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Серпін» бағдарламасын көбейтіп, шеттен келген ағайындарға бейімдеу керек...».

Міне, содан бергі екі жылда Елбасы­ның үлкен жиында айтқан осы тапсырмалары қалай орындалуда? Алдағы уақытта осы мәселелерге анық жауап беріліп, бұл жөнінде бүкіл жұртшылыққа жететін ашық әңгіме болуға тиіс.

Кейінгі кезде шетел қазақтарымен байланыс жасау жұмыстарында «Отан­дастар» қоры алға шығып, Дүние­жү­зі қазақтары қауымдастығы кейін­ге ығыс­­тырыла бастаған. Болашақта осы мә­селені реттеу керек. Елбасы құрыл­тайда бұл екі ұйым шетел қазақтарына қолдау көрсету жұмыстарын бірлесіп жүргізсін деп атап көрсетті. Қандай мәселеде де әр ұйымның өзіне тиісті айқын, нақты міндеттері болуы керек. Әр ұйым өз міндетіне өзі ғана жауап беруі тиіс. Яғни, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қоры бірінің жұмысын бірі қайталамай, әркім өз шаруасымен айналысуы қажет. Екі ұйымның әрқайсысының өздеріне тиісті міндеттері мен атқаратын жұмыстары нақтылануы керек. Шетелдегі қазақтар­мен байланыс жасаудың негізгі ұйытқысы Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығы болғаны жөн.

«Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына соңғы уақыт­та қанша қаржы бөлінді; ол қар­жы қайда, не үшін жұмсалуда; оның тиімділігі мен нәтижесі қандай; ше­тел қазақтарына қолдау көрсету мен қандастар көшін көбейтуде қандай іс-шаралар қолға алынды; ол іс-шаралардың нақты нәтижесі бар ма, әлде қаржы босқа жұмсалып жатыр ма – бұл мәселелер жөнінде нақты, айқын есеп берілуге тиіс.

Сондай-ақ бұл саладағы қызметкер­лердің нақты қандай жұмыстармен айналысатыны ашық, айқын болғаны жөн.

Бұл жөнінде «Отандастар» қоры мен қауымдастық жұртшылықпен, құрыл­тайшылармен ашық кездесу өткізіп, есеп беріп отырғандары дұрыс.      

Қазақ диаспорасымен байланыс жасаудағы айрықша маңызды мәселе – этностық көші-қон, яғни қандастар көші екендігі жоғарыда айтылды. Бұл мәселемен айналысатын бұрынғы Көші-қон комитеті жоқ болғандықтан алыс-жақындағы ағайындардың атажұртқа оралуын ұйымдастырып, қозғау салудың негізгі салмағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қоры­на түседі. Соған орай, қауымдастық пен қор алдағы уақытта төмендегідей екі мәселені ерекше ескерсе дейміз. Оның біріншісі – қандастар көшін ұйым­дастырудағы бұған дейінгі жақсы істерді одан әрі дамытып, жалғастыру. Сондай-ақ этностық көшті жақсы жүргізетін елдердің тәжірибесін зерттеп, оңтайлы тұстарын пайдалану. Дүниежүзі қазақтарының V құрыл­тайындағы Елбасының тапсырмасымен қауымдастық кеңсесі Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына көшірілген еді. Елбасының бұл шешімі дұрыс болды. Өйткені қауымдастықтың өзі дең­гей­лес ұйымдармен бірге елордада отыр­­ғаны тиімді. Сонау тоқсаныншы жыл­­дардың ортасында Елбасының тіке­лей қолдауымен Алматыда жаңадан са­лынған қауымдастықтың төрт қабатты ғи­мараты жиырма жылдан астам ше­телдегі ағайындардың атажұртқа келгенде табан тірейтін орталығы болды. Ендігі жерде қауымдастықтың ғима­ратын бұрынғы қалпында сақтап, әлем қазақтарының орталығы ретіндегі жұ­мысын жалғастыра беруін қамтамасыз ету керек. Бұл үшін ғимаратты Алматы қаласы әкімдігінің қарауына беріп, шетелдегі қазақтармен мәдени және іскерлік салада байланыс жасайтын ор­талыққа айналдырған тиімді деп ойлаймыз.

* * *

Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өткен екі жылда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Нұр-Сұлтан қаласына жаңадан қоныс аударды, «Отандастар» қоры жаңадан шаңырақ көтерді. Ал жаңадан бастаған істе әрқашан да түрлі қиындық кездеседі. Қауымдастық пен «Отандастар» қоры бұл қиындықтарды жеңіп, құрылтайда Елбасы белгілеген тапсырмаларды толық орындап, алыс-жақындағы ағайындармен байланысты нығайтып, қандастар көшін көбейтеді деп үміттенеміз. Бұл үміт – жалғыз біздің емес, шетелдердегі сан миллион қазақтың үміті. Бұл үміттің қалай орындаларын алдағы уақыт көрсетеді.

 

 Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

 жазушы-драматург, профессор