Бүгінде Қарағанды облысында Nur Otan партиясының бастамасымен құрылған мобильді топтар өңірдің түкпір-түкпірін аралап, жастарға қайта оқыту және жұмысқа тұру бойынша мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде.
Жыл басынан бері осы шара арқылы 4 мыңнан астам адам қажетті кеңес алуға ниет білдірген. Тіпті, солардың көбі өздеріне ұнайтын жұмыс тауып немесе қысқа мерзімге оқыту курстарына барған.
Дегенмен, облыс тұрғындарының біраз бөлігі аталған бағдарламалар мен механизмдер туралы біле бермейтін болып шықты. Ендігі мақсат – ел арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту. Мәселен, бүгінде өңірде 500 дәнекерлеуші мен құрастырушы жетіспейді екен. Олардың еңбекақылары да тәуір көрінеді. Алайда бұл жұмыстарға барғысы келетіндер өте аз.
Айта кету керек, Қарағанды облысында жастардың үлесі 22%-ды құрайды. Олар үшін өңірде биылдың өзінде 30 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Атқарушы билік өкілдері жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу басым бағыттағы шаруа болуы керегін, оларға елімізде жұмыс істеп, тәуір еңбекақы алуға барлық жағдай жасалғанын түсіндірген жөн деп санайды.
Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекованың айтуынша, бүгінде жоғарыда айтылған жұмыстар жемісін бере бастаған. Мысалы, Осакаров ауданы Есіл ауылында тұратын Дмитрий Пасько осы уақытқа дейін жұмыссыз болған екен. Таяуда ол «Жатва» шаруа қожалығына механизатор болып орналасып, тәп-тәуір еңбекақы ала бастады. Тапқан табысына 1 тайынша, 9 шошқа, 10 балапан және 10 қаз сатып алыпты. Қазір жәрдемақы сұрамайды.
Сондай-ақ Саран қаласының тұрғыны Ирина Логинованың еңбекпен қамту орталығына хабарласқанға дейінгі отбасылық табысы бар-жоғы 20 мың теңге болыпты. Таяуда Ирина Саран қаласындағы «Теремок» дүкеніне сатушы болып орналасты. Отбасының табысы 65 500 теңгеден асты. Қазір Иринаның жағдайы түзелген, баласы «Балғын» деген балабақшаға орналасты. Бүгінде Логинова ханымға төленетін жәрдемақының мерзімі аяқталған. Ал оны қайта тағайындауға отбасы өтініш түсірмеген.
Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған дерекке сай, биыл 19 шілдеге дейін жұмыспен қамту орталықтарына, ХҚО-ларға, кенттік және ауылдық әкімдіктерге 20 мыңнан астам адам көмек сұрап, өтініш түсірген. Олардың ішінде 9355 адамға жәрдемақы тағайындалған.
2018 жылмен салыстырғанда АӘК алатын тұрғындар саны төрт есеге өсіп кеткен. Ал бюджет шығыны алты есеге көбейген. Қазіргі таңда облыста құрамына ішкі істер органдарының, мемлекеттік кіріс, еңбек комитеті өкілдері кірген жұмыс тобы құрылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жеке шаруашылықтарын зерттеумен айналысады.
Облыс басшылығы әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алып келген отбасылардан қайтарылатын қаражатты жіті қадағалап отыр. Сонымен қатар қай өңірде мұндай масылдық мінез-құлықтың жиі қайталанатынын анықтап, оларға талдау жасаумен де айналысып жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек тек қана мұқтаж жандарға берілуі тиіс. Сондықтан жәрдемақы тағайындау облыс әкімінің жеке бақылауында болады.
Қарағанды облысы