Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Батыр бабалар» мемориалды кешені осыдан екі жыл бұрын ғана ашылған еді. Қазір бұл кешен өңірдегі танымал тарихи орынға айналды.
Қазақ тарихының қалың қатпарынан сыр шертетін шежірелік суреттермен әрленген бұл кешен бабалардың ерлік жолына қойылған ескерткіш сияқты. Киіз үй бейнелі мемориалды кешеннің іші-сырты ақ мәрмәр таспен қапталған. Көкке ұмтылған биік стелла болаттан құйылып, сүйірлене біткен күмбезді шатырға үйлесіп тұр.
Мұндағы ежелгі сақ заманына арналған экспозицияның өзі бір әлем. Ұзындығы 15, ені 3 метр болатын Тұмар ханшайымның заманын бейнелейтін, сол кезеңдегі ұрыс даласына жетелейтін панораманың жөні және бөлек. Алтын адам дәуірінен жеткен жәдігерлер, тұтас дала өркениетінің бөлшегіндей көрінетін қолөнер мен ұста қолынан шыққан бұйымдар да ежелгі дүниеге шақыратындай...
Ал нысан қабырғасында мемлекеттілік шежіресі жылдар легімен өріліп, Қазақ хандығының құрылуы мен бүгінгі тәуелсіз еліміздің арасындағы ғасырларға созылған соқтықпалы-соқпақсыз тарихтың әр сәті көркем суреттермен безендіріліпті. Ғимарат іші құдды бір батыр бабаларымыздың заманы қазіргі ұрпағына «Ұлы дала тарихы осылай жазылған...» деп тіл қата жөнелетіндей көркемдік пен тылсым сырға тұнып тұр. Мемориалды кешенді аралауға Алматы маңындағы аудандардың мектеп оқушылары ынта танытып, жиі келеді екен. Тіпті тарих сабағын осында келіп өткізетін тәжірибе қалыптасуда.
Жалпы көлемі 465 миллион теңге шамасында қаржы құйылған кешеннің іргетасынан шатырына дейінгі құрылысы демеушілердің көмегімен салынса, әрлеу, безендіру мен көркемдеу жұмыстарына жұмсалған қаржы ғана облыстық бюджеттен бөлінген екен.
Алматы облысы