• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қыркүйек, 2019

Вокзалдың қасбеті – қаланың әспеті

397 рет
көрсетілді

Қарағандының қайта жаңғыртылып жатқан темір жол вокзалы ала жаздай әңгіме болды. Облыс, қала басшылығы дүркін-дүркін құрылыс басына барып, мердігер компанияның жұмысын жіті қадағалап жүрді. Жолаушыларды айтпағанда, қала тұрғындары да жаз бойы жабық болған вокзалдың құрылысы қашан бітеді, қалай болып шығар екен деп асыға күтті. Өйтпегенде ше, вокзал деген кез келген қаланың, елді мекеннің бет-бейнесі, әспеті емес пе?!

Жалпы, Қарағанды теміржол вокзалы жоспар бойынша жылдың соңына таман толықтай ашылуы тиіс болатын. Тапсырыс берушілер мен мердігерлер керуен сарай қай­та жаңартылғаннан кейін сән-сал­танаты бойынша еліміз­дегі ең үздік вокзалдардың бірі болады деп сен­дірген. Мысалы, ғимаратты әрлеу жұмыс­тарына заманауи мате­риалдар, атап айтқанда, табиғи тасқа ұқ­сас­тығы өте жақын травертин қолда­нылды. Вокзалдың үш қабатты жа­ңа бөлігінде  кассалар, күту залдары, медпункт, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған демалыс бөлмесі, ана мен бала бөлмесі, фудкорттар мен сауда дүңгіршектері орналас­ты. Жолау­шылар перронға үсті жабық жер үсті өткелдері бойынша түсетін болады. Құры­лысшылар жылу және электрмен қамтамасыз ету желілерін толықтай ауыстырды. Ішкі климат-бақылау және еденді жылыту жүйелері орнатылған. Сондай-ақ керуен сарайдың жолаушылар өткізу қабілеті 2,5 есе артады деп жос­пар­ланған. Бір сөзбен айтқанда, вок­залдың келушілер үшін ыңғайлы, қауіп­сіз әрі кең болуы басты мақсат етіп қойылған.

Міне, осындай ауқымды жұмыс­тар атқарылып жатқанда қоғамның қырағы көз өкілдері біреуге майда-шүйде, ал біреуге аса маңызды кем­ші­лікті байқап қалды. Ол – жаңғыр­тылған вокзалдың қасбетіне қатысты әңгіме еді.

Осыдан бір айдай бұрын «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Қарағанды магис­тральдік желі бөлімі» вокзалдық шаруашылық жөніндегі директордың орынбасары Өміртай Шериязданов жаңа­ртудан кейін ғимарат тарихи архитектуралық келбетін жо­ғалт­пайтын болады, вокзал қасбетінің стилі өзгеріске ұшырамайды, ал ғи­марат ішіндегі бірегей өрнектелген жапсырмалар сақтаулы күйінде қала­ды деп уәде берген еді. Алайда жаңар­ған, жасарған вокзалдың қасбеті жауапты қызметкер айтқандай және жұрт күткендегідей болмай шықты. Қас­беттің тарихи келбетінен айырылып, қарадүрсін болып шыққанына шыдай алмаған біраз жұрт әлеуметтік желіде наразылықтарын білдіріп, айқай-шу көтерді.

Бұл әңгіме облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Жеңіс Қасым­бекке де жетті. Ал өңір басшысы бол­са, темір жол вокзалын қайта жаңғыр­ту кезінде туын­даған мәселені шешу керек деп санайды.

– Тұрғындарды нысанның сырт­қы келбеті қызықтырады – бұл қа­ла­ның көрікті жерлерінің бірі бол­ған. Біз Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігі мен «Қазақстан те­мір жолы» ҰК АҚ басшы­лығымен сөй­лестік. Жоба бо­йынша вокзалдың өткізу қабілетінің артуына байланысты ғимараттың ауданы кеңейтілді, бұл орталық кіреберістің сыртқы қасбетіне әсер етті. ҚТЖ басшылығы жөндеу жұ­мыс­тарынан кейін ғимараттың жаңа қасбеті бұрынғы тарихи келбетіне барынша ұқсай түсетініне сендірген. Сондықтан соңғы күндері әлеуметтік желілерде тұрғындар көтерген мәсе­лелер шешіліп, жаңа ғимаратта адам­дар­дың жайлылығы үшін барлық жағдай жасалатын болады, – деді ол.

Сонымен, ендігі сөз мердігерде. Оның бүгінде құрылысы аяқталып қалған вокзал қасбетін қайтіп, қандай жолмен бұрынғы қалпына келтіретіні бей­мәлім. Мәселен, Қарағанды қала­лық сәулет-қала құрылысы жөніндегі кеңестегі мамандардың пікірін білге­німізде, олар ғимараттың сырты қап­тал­ған травертин тас материалына ою-өрнек салып, бедерлі пішім беру оңай шаруа емес екенін айтты. Оны шебер қолдар жасамаса, бүгінгінің станогы дәл осы тұста шарасыз кө­рінеді. Егер, мердігер қасбетті тура та­рихи қалпына ұқсатып істеуге ниет білдірсе, онда бұған көп уақыт және қыруар қаржы керек екен...

ҚАРАҒАНДЫ