Әртүрлі хабар таратушы мессенджерлерде 1 қазанынан бастап әр балаға 11 мың теңгеден, отбасының кірісіне қарамастан төлемдер енгізілгені туралы таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды.
Балалары бар отбасылардың құқықтарын қорғау және заңды мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі саналады.
Бүгінгі таңда бала тууды ынталандыруға және балаларды отбасында тәрбиелеуге жәрдемдесуге бағытталған мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер жүйесі ұсынған балалы отбасыларды қолдаудың ұлттық моделі құрылды. Яғни:
- бала тууына байланысты жәрдемақы (бірінші, екінші, үшінші балаға берілетін жәрдемақы мөлшері 95 950 теңге (38 АЕК), төртінші және одан да көп бала үшін – 159 075 теңге (63 АЕК);
- бір жасқа дейінгі баланың күтіміне арналған жәрдемақы (биылғы жәрдемақы мөлшері бірінші балаға 5,76 АЕК – 14 544 теңге, екінші балаға 6,81 АЕК – 17 195 теңге, үшінші балаға 7,85 АЕК – 19 821 теңге, төртінші және одан көп бала үшін 8,90 АЕК – 22 473 теңге);
- мүгедек баланы ересек болғанға дейін тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушысына, қамқоршысына тағайындалған және төленген жәрдемақы (оның мөлшері 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап орташа есеппен 41 418 теңге (1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейі)
- бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматты күтуге төленетін жәрдемақы (2019 жылдың 1 шілдесінен бастап, 41 578 теңге (13.4 ең төменгі күнкөріс деңгейі)
Сондай-ақ Қазақстанда «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағына ие болған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы табысына қарамастан төленеді (мөлшері 16 160 теңге).
Сонымен қатар, 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған жәрдемақы төленеді, 2019 жылы жәрдемақы мөлшері – 10 504 теңге.
Сонымен қатар, жұмыс істейтін әйелдерге босануы және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа механизмдерін әзірлеуде. Бұл механизмдер ашықтық, әділдік және еңбекке ынталандыру қағидаттарына негізделіп, балаларды әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылатын болады.
«Егемен-ақпарат»