Малайзия астанасы Куала-Лумпурде Ұлттық музейдің «Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты тұңғыш көрмесі құрметіне Көк туымыз көтерілді. Өркениетті елдің төрінде көк байрағымыздың желбіреуі малай халқының қазақ халқына көрсетілген зор құрметі, елімізге деген сүйіспеншілігі ретінде бағалануда.
Аталмыш көрме 1 қазан күні «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі жобасының аясында Малайзиядағы Куала-Лумпур музейлерінің департаментінде ашылды.
Осыған дейін халықаралық көрме Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Солтүстік Македония және Түркия музейлерінде өтіп, шетелдіктер Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасы мен таңғажайып тарихына тәнті болды. Әсіресе еліміздің ең құнды жәдігері – бүкіл әлемге танымал «Алтын адамға» аса мән берілді.
Бір айға созылатын көрме барысында Ұлттық музей қорынан бас-аяғы 346 жәдігер ұсынылмақ. Ал Қазақстан мен Малайзияның арасындағы мәдени байланыстарға келсек, екі елдің өзара ұқсастығы – көпэтносты және көпсалалы мемлекет саналатындығында. Ел астанасы – Куала-Лумпур зәулім ғимараттарымен көз тартады. Әсіресе орталығына орналасқан қос мұнара биіктігі жағынан дүние жүзі бойынша ең биік ғимарат болып есептеледі. Үшкір тұмсығы көк тіреген сәулет туындыларын көзбен көрген туристер мұнара Нью-Йорктегі Эмпайр Стейт Билдинг ғимараты мен Чикагоның зәулім үйлерінен де асып түседі дегенді алға тартады. Қазақстан үшін сондай теңдессіз туынды, рухани жауһар болып саналатын «Алтын адам» да Куала-Лумпурді ғажайып әсерге бөлеп, тағылымы терең тарихтың тылсым сырына жетелейді деген ойдамыз.
Қаршыға КҮЛЕН