«Сарайшық-Сарай Бату-Сарай Берке қалалары ізімен» атты халықаралық ғылыми-зерттеу туристік экспедициясы Атырау облысында туризмді дамыту және «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын туристік орталыққа айналдыру мақсатында Астрахань облысында орналасқан «Дария-ТУР» атты туристік агенттігімен өзара ынтымақтастық жөнінде келісімшартқа қол қойды.
- Біздің халықаралық экспедицияның бір мақсаты - Қазақстанның киелі орындарын, туристік нысандарын насихаттау, шетелдік туристерді елге тарту болатын. Келісім-шартқа сәйкес, болашақта Сарайшық музейі мен «Дария-тур» компаниясы екі ел аумағында экскурсия, экспедиция және ғылыми конференцияларды бірігіп ұйымдастыратын болады, - дейді Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтар.
«Дария-тур» компаниясының жетекшісі Ольга Мұхитденованың айтуынша, Астрахань өңірінде қазақ тарихына қызығушылық зор. Туристік фирма бұған дейін Алтынжардағы Құрманғазы өңірлік мәдени орталығына Ресейдің барлық өңірі мен жақын шетелдерден келетін туристерді тартумен танымал болған екен.