• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Қазан, 2019

Жол азабы азая ма?

1596 рет
көрсетілді

«Жол азабы – көр азабы» деген мақалдың мәнін батыс­қазақ­стандықтар жақсы біледі. Өйткені өңірдегі облыстық һәм аудандық деңгейдегі 5082,7 шақырым жолдың 28,7%-ы ғана қанағаттанарлық күйде.

 Президент қозғаған, Премьер қолдаған

Жалпы, Батыс Қазақстан облысында 6496,7 шақырым жол бар. Мұның 1414 километрі – республикалық дәрежедегі жолдар. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, осы республикалық жолдардың тек 2277 шақырымы, яғни 35%-ы ғана – асфальт­бетон жамылғылы, ал 2363,2 (36,4%) шақырымына қиыршық тас төселген.

Дәрежесі жоғары жолдың жағдайы осындай болғанда, жергілікті деңгейдегі көлік жолдарының жай-күйін өзіңіз-ақ шамалай беріңіз. Әлі күнге дейін Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының орталығын Орал қаласымен жалғайтын сапалы жол жоқ.

Кеңес өкіметі тұсында да тақтайдай жолдың не екенін білмеген Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарының тұрғындарын 2018 жылы 15 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қуантқан еді. Елбасы Батыс Қазақстан облысына келген сапарында жергілікті тұрғындардың талай жылдан бері шешілмей келе жатқан түйткілі – Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына баратын қатқыл табанды жол салу мәселесіне қозғау салды.

Облыс орталығынан 500-600 шақырым қашықта жатқан аудан орталықтарына жол салу мәселесі талай жылдан айтылып келеді. Бірақ бұл мәселені шешуге облыстың күші жетпейді. Өйткені жол салу шығындары өте қымбат. Оның үстіне қатқыл табанды жол құрылысына қажетті қиыршық тас та, битум да өңірде жоқ, түгелімен сырттан тасымалданады. Мұның бәрі жол құрылысы шығынын еселеп арттырады.

– Өңірдегі жол проблемасы әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Облыстық маңызы бар жол­дардың 70 пайызының сапа­сы сын көтермейді. Бұл азамат­тардың күнделікті өмірінде қиындық туғызады. Сонымен қатар, өңірдің экспорттық және транзиттік әлеуетін төмен­детеді. Елбасының тапсырма­сына сәйкес, Орынбор тас жолын жөндеу жұмыстары, оң­­түс­тіктегі – Қазталов, Жәні­­бек және Бөкей ордасы аудан­дарында жол құрылысы басталғанын білемін. Үкіметке жергілікті әкімдікпен бірлесіп, 2021 жылдың соңына дейін осы жұмыстарды аяқтауды тапсырамын. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады, – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 19 мамыр күнгі Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде.

Жақында ғана, 4 қыр­күйек­те Премьер-Министр А.Мамин­нің өңірге келген сапа­рын­да облыстық және аудан­дық маңызы бар жолдар­дың басым бөлігінің сапасы қана­ғаттанғысыз күйде болғандық­тан, облыстық және аудандық дәрежедегі жолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу жобаларына республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат үлесін 80%-ға жеткізу мәселесі де талқыланған болатын.

 Меже бар, мүмкіндік керек

Үкімет басшысының сапарында көтерілген осы жол мәселесіне кеңірек тоқталайық. Дәл қазір облыстағы жергілікті жолдардың 28,7 пайызы жақсы және қанағаттанарлық күйде. Бұл – еліміздегі ең төмен көр­сет­кіш! Салыстыру үшін айтсақ, Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш – 92%, Жамбыл мен Павлодарда – 80%, тіпті ең төмен деген Атырау мен Ақтөбе облыстарында 54 және 53% екен. Сондықтан Батыс Қазақстан облысы үшін түбегейлі шешім керек. Өңірде жолдарды қай­та­дан салуға және жөндеуге жыл сайын бөлініп отырған қаражат қазіргі жағдайды жақ­сартуға дәрменсіз.

2020-2023 жылдары облыста Барбастау-Ақжайық-Индер, Бөрлі-Ақсай-Жымпиты, Чапаев-Жаңақала-Сайхын, РФ шекарасы-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу бағыттарындағы автожолдарды қайта салу, Жайық өзеніне көпір орнату секілді ірі жобалар жоспарланған. Бұл жобалардың жалпы құны 90 млрд теңгеден асады.

Бұдан бөлек, жол жөндеу бо­йы­нша қосымша жобалар бар.

«Жеткілікті қаржыландыру болса, алға қойып отырған бұл жоспарды 3-5 жылдың ішінде жүзеге асыруға болады» дейді мамандар.

 Мәселенің шешімі

Елімізде 2018 жылдан бастап облыстық және аудандық ма­ңызы бар автожолдарға қа­тыс­ты жобаларды қаржылан­дыру 50/50 қағидасы бойынша жүзеге асырыла бастады. Яғни бұл жолдарды салуға қажетті қаржының тең жартысы республикалық бюджеттен келсе, қалған жартысын облыс бюджеті көтеруге тиіс деген сөз. Бірақ бұл міндет бюджеті шағын, дотациялық өңір саналатын Батыс Қазақстан облысы үшін көтере алмайтын салмақ болып тұр.

Соңғы жылдардың статис­тикасына көз салайық: 2018 жылы өңірде жол құрылысына 8,8 млрд теңге бөлінді, оның 5,4 млрд теңгесі – республика қоржынынан, 3,4 млрд теңге жергілікті бюджеттен шықты. 2019 жылы бөлінген 12,5 млрд теңгенің де басым бөлігі – 9,1 млрд теңгесі республикадан түсіп отыр. Сондықтан 50/50 қағидасы Батыс Қазақстан облысы жағдайында жүзеге асуы мүмкін емес.

Қалыптасқан қиын жағдай­дан шығудың жалғыз шешімі – жол құрылысы секілді өте маңызды әрі қымбат жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру үлесін 80%-ға дейін жеткізу керек.

P.S. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018 жылға арналған жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісіне қарағанда, Қазақстан жол сапасы бойынша әлемнің 140 елінің ішінде бар болғаны 106-орында тұр екен. Бұл аса маңызды көрсеткіштің соңында қалуымызға, әрине, Батыс Қазақстан облысындағы автожолдардың ахуалы әсер еткені анық. Осының өзі Ақжайық өңірінің жол мәселесіне мемлекеттік дәрежеде көңіл аудару қажеттігін көрсетіп тұр.

 Батыс Қазақстан облысы