Шағын кәсіпкерліктің шырайын келтіруге бағытталған қадамның бірі – «Көше саудасына арналған 100 орын» бағдарламасы. Бұған дейін жергілікті атқарушы органдар жыл сайын көше саудасын ұйымдастыруға 1 жылдық мерзімге жер учаскелерін бөліп келді.
Сауда алаңдарын жабдықтап, орналастыруға, құйылған қаржыны қайтарып алуға бұл уақыт әрине аздық етеді. Жаңа бағдарламаның тиімді тұсы да осы, қатысушыларға жер 3-5 жыл аралығында жалға беріледі. Бұл өз кезегінде бизнестің дамуына және қаланың сәулет келбетіне сән беруге мүмкіндік ашады. Жоба шартына сәйкес әртүрлі әлеуетті қатысушылардан 1 жер учаскесіне кемінде 4 өтінім түскен жағдайда, учаскелер комиссия таңдауымен ұсынылады. Ал 1 жер учаскесіне әртүрлі әлеуетті қатысушылардан 4 немесе одан да көп өтінім түссе, аукцион өткізіледі.
– Бүгінге дейін 68 жер учаскесіне конкурс өткізілді, комиссия қорытындысымен 35 жеңімпаз анықталды, – дейді «Атырау» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Таханов. – Біз олармен фаст-фуд, кофеханалар, көкөністер, тамақ өнімдері, нан өнімдері, ет өнімдері мен компьютерлік қызметтерді сатуға арналған сауда павильондарын салу үшін жер учаскелерін жалға беру туралы келісім жасадық. Сауда павильондарын орнату жұмыстары басталды.
АТЫРАУ