• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қазан, 2019

Жыр жаттаған оқушылар жүлдесі

608 рет
көрсетілді

Қызылордада «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы аясында ұйымдастырылған «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңі өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы міндеттерді арқау еткен шараға «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау жырлаған нұсқасын жатқа айтудан аудан мен қалада өткен іріктеулерден озып шыққан 27 оқушы қатысты.

Былтыр қазақ эпостарының арасындағы шоқтығы биік «Алпамыс батыр» жырын айтудан басталған са­йыс биыл «Қобыланды ба­тырға» ұласып, «Qazaq Epos» қоғамдық қоры­ның бұл бастамасын күл­лі рес­пуб­лика қолдап әкет­кені белгілі. Өскелең ұр­пақ­ты хал­қымыздың рухани асыл мұрасымен сусында­тып, ерлік пен елдікке тәр­биелеп, батырлыққа баулитын бай­қауға биыл облыс бойынша 2733 бала қатысыпты. Солардың арасынан озып шыққан 27 өреннің өнерін белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қа­­зақ Ұлттық Өнер универ­си­те­тінің профессоры Алмас Ал­ма­тов бастаған қазылар ал­қасы баға­лады.

Сайыс алдында қатысу­шыларға сәттілік ті­ле­ген қа­зылар алқасының төр­ағасы 132 бет, 5206 жолдан тұратын жырды жатқа айту оңай еместігін атап өтті. «Біз қазақ жырын белгілі бір деңгейге дейін жырладық, енді оны әрі қарай жалғауды осы жастарға тапсырамыз. Бұл ұлттың жадын жаңғыртып, өт­кенімізді өнеге етудің жар­қын бастамасы» деген жырау сөзі шара маңызын айшықтай түсті.

Шартқа сәйкес, оқушылар сахнада алғашында жұптасып өнер көрсетті. Осы сыннан ірік­телген 8 оқушы екінші ай­налымда жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, сыныбына сәйкес қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұ­рақ­тарға жауап берді. Эпостағы ескі сөздерді тарата айтып, сауалдарға барынша тиянақты жауап берген өрен­дердің талабына риза бол­дық. Қазылар бұл сында тең түскен 8 баланы келесі айналымға шығарып, онда оқушылар жырдың белгілі бір тұсын жатқа айтудан жарысты.

Бес сағатқа созылған са­йыс қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Нау­рызбай Байқадамов же­ңім­паз жүлдесі – 1000 000 теңгені Қазалы ауданындағы №129 мектептің 10 сынып оқушысы Гүлзира Қонысбайға табыс­тады. Екінші орын бәйгесі – 600 000 теңгені Қармақшы ауда­нындағы №272 орта мек- т­еп­тің 8 сынып оқушысы Дая­на Толыбаева алды, үшін­ші орын қазалылық өреннің үлесіне тиіп отыр. Осы аудан­дағы №170 мектептің 7 сыныбында оқитын Гауһар Әзен 300 000 теңгені иеленді.

Осы күні Ұстаздар күніне орай өткен кеште оқушыларды жыр сайысына дайындаған жетекшілеріне де ерекше құр­мет көрсетілді. Облыс әкі­мі Қуанышбек Ысқақов же­ңімпаз оқушының мұғалімі Гүл­файруз Әлішеваға 2 000 000 теңге, жүл­дегер шәкірттерді жа­рысқа әзірлеген Мереке Қай­­нарова мен Жадыра Көшекбаеваларға 1 200 000 және 600 000 теңгенің серти­фикаттарын салтанатты жағ­дайда табыс етті.

 

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ,

журналист

 

Қызылорда