Қыркүйек айының 22-і күні Баянауыл ауданында өрт шыққаны туралы хабар тарады. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, биылғы жылдың бірінші жартысында 69 орман өрті анықталған. Өрттің көлемі 1385 гектар аумақ болса, 583 гектары – орман алқабы. Өрттен кейін 11 қызметтік тексеру жүргізіліп, орман қорғау бөлімдерінің 13 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Апат айтып келмейді. Дегенмен күздігүні Баянауыл орманында өрт шыққаны солтүстік өңірде әдеттегі оқиға секілді көрінді. Өйткені орманда жыл сайын өрт. Жергілікті халықтың орман өртіне бойы да үйреніп кеткендей.
Аумақтық инспекцияның мәліметінше, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өңірде өрт қауіптілігінің жоғары маусымы 12 сәуірден басталатынын да ерте ескерткен екен. Ал мамандар өрттің тұтануының себебі желдің жылдамдығы секундына 20-24 метрге дейін жетуіне, күн райының 29 градус ыстық болуына, ағаш арасына найзағайдың жиі түсуіне байланысты десе, әкімдік құрғақ шөп өртенуінен немесе адамдардың жауапсыздығынан болуы мүмкін деп әртүрлі болжам айтып жатты. Тіпті өрт болардан бұрын «Табиғи орман өрттерін сөндіруге әрекет ету бойынша өзара іс-қимылдарын бірлесіп» көрсету мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті, «Қазавиаорманқорғау» АҚ Баянауыл авиациялық бөлімшесі, ауылдық аумақтардың өрт сөндіру бекеттері, 102, 103 қызметтері, ерікті өрт сөндіру бірлестіктері жұмылып 6-қыркүйекте табиғи парк аумағында оқу-жаттығулар да өткізген-ді.
Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жаз айында болған өрттердің өзі оңай сөндірілгенімен бұл жолы қиынға соққанын жеткізді Өскеменнен 3 тонналық цистернасы бар «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-тың МИ-171 тікұшағы көмекке келді. Өйткені таулы жер, желдің тұруы өрттің таралуына әсер етті. Ал аудан әкімдігі болса, бұл хабарға шаң жұқтырмай, «орман қоры аман, құрғақ шөп қана өртенген» дейді.
– Аудан аумағында, табиғи парк аумағында да өрт сөндірілді. Желдің салдарынан өрт орманның төменгі бөлігін шарпып, тек қураған бұталар жанып кетті. Өртті сөндіруге өрт сөндірушілермен бірге парк қызметкерлері, жергілікті тұрғындар қатысты, – дейді аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт аумағы шамамен 93 гектар. Бұл аумаққа Баянауыл ұлттық паркі, Жасыбай орманшылығы қарайды. Бұдан басқа Қызылтау ауылдық аумағында – 69 гектар, Күркелі ауылдық аумағында – 283 гектар, Бірлік ауылдық аумағында – 61 гектар, Қаратомар ауылдық аумағында – 17 гектар, Ақсаң ауылдық аумағында 9 гектарға жуық жер жанған. Бірқатар шаруа қожалықтарының шабылған шөптері отқа оранған.
Ал Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне сұхбат берген еліміздің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер «Баянауылдағы өрттің нақты бір шеті көрінбейді. Біз тікұшақпен қарап шықтық. Өртке оранған аумақтың ішінде жанып жатқан учаскелер бар. Қазіргі кезде соның бәрін сөндіріп жатырмыз» деді.
Биылғы қыркүйек айында Баянауыл ұлттық табиғи саябағында болған өрт 2008 жылы қараша айындағы оқиғаны еске салды. Ол кезде саябақтың 80 гектар орман алқабы өртенген-ді. Айтпақшы, біз биыл тамыз айының соңында ғана «Баянауылдың бір байлығы – орманы» атты мақала жазған едік. Енді міне, мақаламыздың сиясы кеппей жатып қалың орманның бір-ақ сәтте өртке оранғаны өкінішті-ақ.
– Біздің басты қызметіміз де, мақсатымыз да осы орманды, табиғатты қорғау. Өрттен сақтап, орманын, өсімдігін, жан-жануарларын көбейту. Орманды өрттен қорғау ерекше назарда. Ұлттық парк 1985 жылы Кеңес өкіметі кезінде құрылды. Баянауыл ормандары сонау 1926 жылдан бастап қорғауға алынған. Жалпы аумағы 68 452,8 гектарды құрайды, оның ішінде орманмен қамтылған аумағы 14 890 гектар. Аумағы жағынан еліміздегі ең үлкен табиғи парк. Жыл сайын парк аумағында ағаш, қарағай өскіндерін егеміз. Парк бойынша 37 гектар көлемде 2 жылдық орман екпелері отырғызылды, 73 гектар көлемде орман екпелерін толықтыру, 255 гектар көлемде орман екпелерін күту жұмыстары жүргізілді, – деген-ді парк басшысы Сүйіндік Ахметжанов.
Негізі, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Баянауыл, Жасыбай, Далба деп аталатын үш бөлімшеден тұрады. Табиғи парк аумағы қорық аймағы (9079 га), экологиялық тұрақтандыру аймағы (4695 га), туристік және рекреациялық аймағы (11615 га), шектеулі шаруашылық қызмет аймағы (25304 га) деп бөлінген. Мәлімет бойынша, 2016-2018 жылдары алапат өрттер бола қойған жоқ. Дегенмен, бір жылда 16 рет шағын өрт тұтанғаны тіркелді. Оның аумағы 0,3 га жерді алған. «Орманды сақтау – міндет. Орман – байлық. Орман шаруашылықтарына үстіне су бөшкесі орнатылған «Уаз» автокөліктері қажет. Техникаларды да, байланыс рацияларын да жаңартатын уақыт жетті. Заманға сай техникаларды игерсек», деген өтініштерін жеткізген болатын орманшылар. Олардың айтуынша, өрттің 90 пайызы төменде болады, яғни шөп жанады. Орман өртін сөндіру өте қиын. Жалпы орманда өрт төмендегі және жоғарыдағы болып екі түрге бөлінеді. Жоғарыдағы өрт қатты жел соққанда басталып, ұшқындары бұтақтан бұтаққа түсе береді. Жалын жан-жаққа шашырайды. Орман өрті ағаш қорын азайтып, қалың ағаштар аумағын мүлде өртеп жіберуі мүмкін. Құстар мен жан-жануарлардың тіршілігін жояды. Сондықтан орманға жақын ауылдарда толығымен жабдықталған өрт бекеттерінің орналасуы, орманда шыққан өрт орнын табу үшін бақылау мұнараларының орнатылуы, су шашатын тікұшақтар, автоцистерналар, өрт сөндіргіш автокөліктер, шынжыр табанды тракторлар, мотоциклдер, өртке қарсы құрал-жабдықтар қажет. Өйткені қазіргі бар техниканың көбі ескірген, пайдалану мерзімі де өткен. Яғни, техниканың әлсіздігі, өрттің алдын алу шараларының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан орман алқаптары азайып кетуі әбден мүмкін. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, өңірдегі орманды қорғау бөлімдерінде қазір 40 өрт машинасы, 30 шағын өрт машинасы, 59 өрт тракторы, 30 өрт бақылау мұнарасы бар екен. Сондай-ақ «МИ-2» және «БО-105» тікұшақтарымен бақылау жасалады.
Тағы бір мәселе, орманды өрттен қорғау бөлімдеріне жұмысшылар, көлік жүргізушілер, тракторшылар, қорықшылар, өрт сөндірушілер, өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілері, ең бастысы, нағыз орман мамандары жетіспейді. Облыс орталығындағы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті студенттерді орман шаруашылығы мамандығы бойынша оқытуда. Бірақ орман шаруашылығына оқу бітіріп келіп жатқан түлектер аз. Орманшының еңбекақысы бар-жоғы – 40 мың теңге. Сондықтан орман шаруашылығы бойынша білім алмаған кездейсоқ адамдар жұмысқа келеді. Бұл ретте аз еңбекақыға қарамастан әулетімен еңбек етіп жүрген табиғат жанашырлары – орманшылар отбасыларын қоғамға үлгі етуге тиіспіз. Орман шаруашылықтарына білікті, білімді кәсіби мамандардың келуі көп түйткілді шешер еді.
Мәселенің мәнісіне қайта оралсақ, 23 қыркүйектегі өрттен бұрын да Баянауыл ормандарының жаз бойы тыныш болмағанын еліміздегі «Авиациямен орман қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету» АҚ сайтында жарияланған мәліметтерінен байқасыз. Мысалы, «5 тамызда Баянауыл орманшылығының 83 бөлігінде, парк аумағында өрт шыққан. Аудандық авиациялық бөлімі, парк күштері мен құралдары жіберілді. Жедел қабылданған шаралар барысында өрт 0.005 га аумақта сөндірілді. Өртті сөндіруге авиациялық бөлімінің 4 өрт сөндіруші-десантшысы, парктің 10 орманшысы, 5 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт себебі – найзағай» деп көрсетілген. Сондай-ақ 3 тамызда Жасыбай орманшылығында Бо-105 тікұшағының көмегімен 400 литр су мен 100 кг жүк жеткізілді. Жалпы көлемі 57 тонна су себіліп, өрт сөндіру екі күнге созылды. Өрт себебі – найзағай» делінген. Дәл осындай мәліметтер 1, 3, 6, 12, 13, 17, 18 шілдеде Баянауыл ормандарында өрт болғанын көрсетеді. 2019 жылғы 30 маусымда кешкі уақытта Жасыбай орманшылығының 14-ші бөлігінде белгісіз себептермен өрт шықты. Өрт апатымен күреске авиациялық бөлімше, күштер мен құралдар жіберілді. Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның 2 адамы, парктің 23 адамы және 7 бірлік техника жұмылдырылғаны айтылған.
Ал қыркүйекте болған Баянауыл ауданындағы өрт 500 гектардан астам аумақты шарпыды. Төтенше жағдайлар департаменті «өртті сөндіруге 120-дан астам техника, ТЖ департаментінің жеке құрамының 500-ге жуық адамы, парк қызметкерлері мен ерікті өртке қарсы құрылымдардың өкілдері, екі тікұшақ жұмылдырылды» деп хабарлайды. Енді өрттің орманды аумақтың қанша көлемін алғанын және басқа да жағдайларды Орман және аңшылық шаруашылық инспекциясының аумақтық комиссиясы нормативтік құжаттарға сәйкес анықтайды. Өрт себебі қызметтік тергеуден кейін белгілі болмақ.
Жалпы, еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 29,8 миллион гектарды құрайды. Оның 6,8 миллион гектары Ауыл шаруашылығы министрлігінің иелігінде. Ал 22,7 миллион гектар орман алқабы жергілікті әкімдіктер қарауына берілген. Яғни, дала өрттерінің алдын алу мен сөндіру жергілікті әкімдіктерге, ал, орман өрттерінің алдын алу және сөндіру жергілікті әкімдік пен пен орман шаруашылығын қорғау комитеттеріне жүктелген. Бірақ жергілікті әкімдіктің дала өртінің алдын ала алмағанын Баянауыл әкімдігінің осы жолғы өрт кезіндегі «орман аман, тек құрғақ шөп өртенді» деген жайбарақат мысалынан-ақ көріп отырмыз.
Ақпарат құралдары жарыса жазған хабарларда «орманды өрттен қорғау үшін» қыруар қаражаттың кеткенін байқайсыз. Орманды өртеу кімге керек? Орман өртенсе болды, «біреулердің өртеуі мүмкін» деген жел сөз жүреді. Ол «біреулер» жемқорлар емес пе? Қызметтік тергеуден соң үнемі өртке найзағай, жел, күннің ыстығы себеп болған деп хабарланатыны белгілі. Қазір қай салада болсын, жемқорлық жайлағаны белгілі. Баянауылдың орман шаруашылығында да 2016 жылы сыбайлас жемқорлықпен «көзге түскендер» ұсталған. Табиғи бақтар, орман шаруашылықтары тамыр-таныстық, жемқорлық құрбанына айналған ба дерсің.
Еліміздің орман қоры аз екені белгілі. Ал осы қорды сақтау – мемлекет үшін маңызды. Орман өрті ауа райынан ғана емес, сөнбей қалған шоқтан да пайда болуы мүмкін. Орманды өрттен сақтау, табиғатқа тағылық көрсетпеу – ортақ міндет. Өрт – тілсіз жау, елдің, өңірдің экономикалық әлеуетіне үлкен материалдық шығын келтіріп, тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді. Өткен жылы Үкіметтің Қаулысы бойынша қазан айының үшінші жексенбісі «Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі» болып бекітілгені белгілі.
Орман өртінен кейін есеңгіреп қалған Баянауылдың орман шаруашылықтарына кәсіби мерекелерін лайықты атап өту үшін өрт қауіпсіздігін сақтау, тұрақты бақылау, жауапкершілік, өрттің алдын-алу мәселесі сабақ болса екен дейміз. Әрине күтпеген орман өртін қадағалау оңай емес. Бірақ жыл сайын, жаз демей, күз демей орман өртенсе, қорғансыз табиғат байлығы сирей беретіні өкінішті.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы