• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Қазан, 2019

Тақтакөпір көтерілісі: күштеп ұжымдастыруға қарсылық

3727 рет
көрсетілді

Кеңес өкіметін орнату кезінде қа­зақ­тың 50 пайызына жуығы қырылған­дығын архив құжаттары бүгінде тайға таңба басқандай дә­лелдейді. Большевиктер билігін қазақ даласында қуана қарсы ал­ған­дар қарасы аз болыпты. Зор­лық-зомбылыққа, күштеп ұжым­д­ас­тыруға сүйенген билікке кім қол­дау көрсетеді дейсің? Өт­кен ғасырдың 20-30 жылдары Қа­зақ­­станда кеңес өкіметіне қар­­­сы­лықтың өрши түскені де сон­дықтан. Соның бірі әрі алғаш­қысы Тақтакөпір көтерілісі дейді тарихи деректер.

Оқырман қауым Қазақстан карта­сының түкпір-түкпірінен Тақтакөпір атауын шарқ ұрып іздеп, таба алмайды бүгінде. Аталған аудан Қарақалпақ ав­тономиялы облысының құрамында 1925-1930 жылдар аралығында Қазақ Автономиялы Республикасының құ­зы­рында болғандығы тарихтан мә­лім (бүгінде Өзбекстанның құра­мында). Большевиктер билігіне қарсы көтеріліс те осыдан тұп-тура 90 жыл бұрын Тақ­такөпір Қазақ АССР-іне қараған кезде болған еді.

Тақтакөпір көтерілісі демекші, ба­ла күнімізде аталған көтеріліс туралы үлкендерден еміс-еміс еститінбіз. Әри­не ол кезде әңгіме ауаны басқаша ар­нада өрбитін. «Басмашылар кеңес өкі­метіне қарсы көтеріліске шығыпты. Кедейлерге теңдік әперген, ұлттарды бір-біріне теңестірген большевиктерді өлтіріпті. Байлар өзінің байлығынан, билігінен айрылғысы келмеген. Ишандар большевиктерді кәпір деп санаған». Біз осы әңгімеге кәдімгідей ұйитынбыз.

Бала жасынан санасы коммунистік идеологиямен уланған жеткіншектің ол кезде басқаша қабылдауы мүмкін емес те еді. Аудан орталығындағы Орталық ба­зарға барар жолдағы басмашылар қо­лынан қаза тапқан қызыл жауынгерлер зиратына соншалықты құрметпен көз тігетінбіз. Зират басына орнатылған бес жұлдызды обелиск қаһармандарға ға­на көрсетілетін ерлік символы ретінде баға­ланатын-ды...

Сөйтсек, Тақтакөпір көтерілісінің тарихы тым тереңде, тым әріде екен ғой. Бұл туралы ең алғаш зерттеуді қолға ал­ған, архивтерді ақтарып, күштеп ұжым­дастыру кезіндегі сұмдық деректер­мен қалың қауымды таныстырған ға­лым, тарих ғылымдарының кандидаты Тұрғанбек Алланиязов. Ғалым 1992 жылы Өзбекстан Республикасы Ғы­лым Академиясы Қарақалпақ бөлімі Хабар­шысының 2-нөмірінде «1929 жылғы Тақтакөпір қарулы көтерілісі туралы» мақаласын жариялады. Осыдан кейін ғалым аталған көтерілісті түбегейлі зерт­теуге кірісіп, оған он жылға жуық уа­қытын жұмсады. Соның арқасында ке­ңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру сая­сатының астарлы ақиқатын бүге-шігесіне дейін ашып берген іргелі ең­бекті дүниеге әкелді. Тұрғанбек Ал­лания­зовтың шағын тиражбен шық­қан Тақтакөпір көтерілісі туралы «Контрреволюция» в Казахстане: Чим­байский вариант» (Т.Алланиязов, Ал­маты, Фонд «ХХІ век», 1999) атты ең­бегінде тарихи деректер жан-жақты қам­тылады.

Әу бастан-ақ «кедейлер өкіметі» мен соның «жырын жырлайтын партия­сы» өз мүдделеріне орай қабылдаған құ­жаттарды жүзеге асыруда негізінен кү­ш­­тік құрылымдарға сүйенді. Елді ә деген­нен үрей құшағында ұстап, айт­қанына көндіріп, жұмсағанына жүр­гізетіндей белсенді әрекетке көш­ті. Шектен тыс зорлықтың ақыры жақсы­лыққа апармайтыны атам заманнан бел­гілі ғой. Алайда, билік бишігін үйір­гендер кейде осы қағиданы қаперіне ал­ғысы келмейтіні бар. Ал күштеп ұжым­дастыруға көнгісі келмейтін халық көте­ріліске шықты.

1929 жылы 27 қыркүйекте шамамен күндізгі сағат 1-дің кезінде Қара­қал­пақстанның солтүстік-шығысында ор­наласқан Тақтакөпірдің оңтүстігінен «Аллалап» айғайлап, ұран тастаған, винтовка, бердеңке, аңшы мылтығымен қаруланған 30-дан аса көтерілісші қа­лаға басып кірген. Көтерілісшілер ди­қандарды өздеріне қосылуға ша­қыр­ған. Диқандардың бір бөлігі, 150-ге жуық­ адам көтерілісшілерге қосыл­ған. Аудандық партия комитеті, аудан­­­дық атқару комитеті, аудандық жас­­тар комитеті, «Қосшы» одағы, ха­лық сотының және тергеушілердің камералары, аудандық қаржы бөлімі тал­қандалған, қылмыстық істер, салық құ­жаттары өртелген. В.Ленин, К.Маркс,

Ф.Дзержинский, А.Рыков сияқты боль­ше­виктер көсемдерінің қабырға­ла­рда ілулі тұрған суреттері жұлып алынып, лақтырып тасталған.

Халық тергеушісі Ибрагимов, ше­гірт­кемен күрес жөніндегі инструктор Сошников, жұмысшы Шпильковтың әйелі мен 9 жастағы баласы және жұ­мысшы Лагунина өлтірілген.

 Әйтсе де Тақтакөпір тым қорғансыз да емес еді. Онда құрамында 20 адам бар Дедов басқаратын қарулы комму­нарлар отряды бар болатын. Бірақ кө­терілісшілердің алғашқы атқан мыл­тық даусынан кейін-ақ коммунарлар тым-тырақай қашқан. Ал әр жерден бір мыл­­тық атып, бытыраңқы қарсылық көр­­сеткендерді көтерілісшілер табанда атып өлтірген. Жалпы саны 8 адам қаза болған. Олардың ішінде отряд ко­мандирі Дедовтың өзі де бар еді.

Аңдаткөлге бара жатқан Грязновтың отряды жолшыбай қарулы топ басқа жолмен Тақтакөпірге бет алды дегенді есітіп, іле-шала кері бұрылып қалаға келіп кіреді. Көтерілісшілерге қарсы со­ғысқа кірісіп, оларды қаладан қуып шығады. Тақтакөпірде Грязнов отряды батрактар және коммунарлардың кө­мегімен бүлікке қатысқан 44 адамды тұт­қындайды.

Сірә, коммунарларға көмекке сырттан тағы да қарулы отряд келеді деп сес­кенген болса керек, көтерілісшілер 30-40 адамнан топ-топқа бөлініп, қаладан шы­ғып кеткен. Бірақ көтерілісшілер мұ­нымен құтылмады. 4 және 7 қазанда көтерілісшілердің үш тобы талқандалды. Шайқас үстінде көтерілісшілерден 8 адам өліп, 5 адам қолға түсті, қалғандары амалдап қашып құтылды.

1929 жылдың 8 желтоқсанына дейін ОГПУ-дің Ерекше үштігі біраз істі қарап, көтеріліске қатысқан 32 адамды ату жаза­сына кесті. Үкім жедел орындалды. 1930 жылдың 1 маусымына дейін 27 адам әр­­түрлі мерзімге концлагерге айдалды, тағы 25 адам 3 жылға жер аударылды». (Т.Омарбеков. Қарақалпақстандағы көтеріліс. «Жұлдыз»,1993, №4). Міне, кеңес өкіметінің зорлық-зомбылыққа негізделген саясатына алғаш рет нара­зылық танытқан халық өкілдері осылайша қатаң жазалауға ұшырады...

Ал енді «Тақтакөпір көтерілісінің басында кімдер тұрды, оны ұйымдас­тыр­ғандар кімдер?» дегенге келетін болсақ, көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін ОГПУ тарапынан тергеуге алынған кісі­лердің жауаптарынан Жәлел-Мақсұм Ис­матуллаев, Әбдікәрім Исматуллаев, Қа­дырғазы Дәулетназаров, Барлықбай Нұрымов, Палуанияз бай деген кісілердің есімдері аталады. Әрине Тақтакөпір көтерілісіне байлар мен дінбасылардың ықпал еткенін жоққа шығаруға болмас, тіпті, жергілікті халық арасында Хан Мақсұм мен Барлықбайдың кө­те­рілісті ұйымдастырғаны туралы әң­гі­мелер әлі күнге дейін айтылады. Алай­да дүние-мүлкін, егістік жерлері мен малдарын тартып алып, отбасына қауіп төндірген саяси жүйеге қарсы шық­қандардың наразылығын біржақты «контр­революциялық қозғалыс» деп баға­лау қисынсыз. Өйткені үстем тап өкілдерін құртуды ашық түрде ұранға айналдырған большевиктер жоғарыдан келген қаулыны жүзеге асыру барысында халықпен келісімге келіп, келіссөз жүргізуді ойына да алған жоқ, керісінше, күштеп орындатуға иек артып, талай рет қару қолданып, қан төгуге дейін барды. Ең бастысы, Қазақстандағы ОГПУ бастығының орынбасары А.Альшанский Тақтакөпірдегі көтеріліске басмашы­лардың қатысына саяси реңк беріп, оны Қарақалпақстандағы контрреволю­циялық ұйымның ісі деп сипаттайды. Көтерілістен соң тұтқындарды тер­геу кезінде оларға зорлықпен мойында­тыл­ған «контрреволюциялық ұйымның жұ­мысы» жайында қолдан жасалған дәйектерді алға тартып, өз баяндамаларында бірнеше рет Тақтакөпірге жа­қын орналасқан Шымбай, Кегейлі аудан­дарындағы «басмашылар ұйымда­рын жойғаны» туралы сенімді баяндаған болатын.

Иә, соншалықты көп адам қатынасып, мемлекетке аса зор көлемде зиян шектіре қоймағанымен, Тақтакөпір көтерілісі – сол аймақта ғасырлар бойы өмір сү­ріп келе жатқан қазақ, қарақалпақ ха­лық­тарын тапқа бөліп, бір-біріне қар­сы қойған, күштеп ұжымдастыру ар­қылы елді аштыққа қамап, қырғынға ұшы­ратқан большевиктердің қанқұйлы өкіметіне алғаш рет қаймықпай қарсы шығып, өзінен соңғы көтерілістерге (ондай көтерілістің жалпы саны КСРО бо­йынша 327-ге жетеді) дем берген.

Енді Тақтакөпір көтерілісінің шығу себебінің түп-тамырына үңіліп көрелік. Қа­рақалпақ жерін әзелден тарихи бес шаһар­дың елі ретінде Бесқала деп атай­тыны бар. Бесқала өңірі әуелден-ақ ауыз әдебиетіне, жыраулық дәстүрге ерекше мән беріп, болашақ ұрпағының жастайынан құлақ құрышын жырмен сусындатқан өңір. Оның үстіне жы­раулардың термелері де адамгершілік, иман­дылық, діни тақырыптарды, ел­дік мәселені тереңнен қозғайды. Қар­шадайынан Құран сөзін санасына сіңіріп өскен жандардың «дін – апиын» деген большевиктердің идеологиясын қа­был­дауы мүмкін бе? Тақтакөпір көте­рілісінің негізгі себебінің бірі де осы – ислам дінінің қолданыс аясын тарылтып, діни қызметкерлерді қудалауға байланыс­ты қарсылықтан басталған-ды.

Кедейлерге теңдік әпердік деген ке­ңес өкіметінің халықтың діни наным-та­нымына тыйым салуы, елдің сыйлы тұлғаларын, дін қызметкерлерін қуғын-сүргінге ұшыратуы көпшіліктің көңілін аяздай қарыды. Мұсылмандықты мұрат тұтқан, Құраны қолында, халқын иманға ұйытып отырған тұлғаларды ел алдында масқара қылып, кедей-кепшіктің мазағына айналдырғанына қалың бұқара күйінбей қайтсін! Жеңе алмасын біле тұра қарсылық көрсетуінің өзі ерлікке пара-пар емес пе!

Тақтакөпір көтерілісінің басты идео­логы Үббі Ибрагимов өзінің сөзінде дін­ге қатысты мәселені ашық айтқан: «Біз­дің ұйым Кеңес өкіметіне қарсы бү­кіл мұсылман халқын біріктіру жолымен ислам туы астында күресуі керек. Кеңес өкіметінің саясаты дінге қар­­сы бағытталған, ол мешіттердің жап­­­­­пай жа­былуынан, имамдарға салық са­­­лу­­дан, жазалау шараларынан және т.б. ай­қын көрінеді». («Контрреволюция» в Казахстане: Чимбайский вариант», 197-бет.)

Жоғарыдағы Үббі Ибрагимовтің айтқанын А.Алшанский де мойындайды: «Дін басылары өздерінің ұйымы қа­тарларына адамдарды көбірек тартуына іс жүзінде дінге қарсы жұмыс барысында жіберілген қателіктер себепші болды. ЦК-ның директивасына сәйкес дінге қарсы насихат жүргізудің орнына барлық жерде жаппай мешіттерді жабу мен тартып алу секілді әкімшілік әдіске толы деректер белең алған. Тіпті кейбір аудандарда мешіттерді еуропалықтардың жапқаны туралы деректер де бар. Төрткүл ауданында үлкен мешіт аудандық партия комитетінің хатшысы атымен аталатын клуб құзырына берілген. Аудандық партия комитетіне жамағат жинала келіп, Ақшуриннің өзімен келіссөз жүргізіп, мешіттің қай­­­тарылуын талап еткен. Хатшы ме­шітті қайтарудан бас тартқан. Соған қа­рамастан ресми материалдарда осы мәселе бойынша мешіт жамағаттың келісімімен берілгендігі айтылады» («Контрреволюция» в Казахстане: Чим­байский вариант», 201-стр.)

Осылайша Тақтакөпір көтерілісінің түпкі тамыры дінмен астасып жатқанын айқын аңғаруға болады. Тақтакөпір көтерілісі бойынша ғылыми еңбек жаз­ған тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира Дәулетованың тұжырымы да осыған саяды:

«1. Ислам діні идеологиялық жүйе сипатында Қарақалпақстан автономиялық облысының саяси өміріне белсенді енді. Мұсылман бауырларды бір-біріне қарсы қоюдың таптық күрес теориясы рулық қоғамға негізделген Қарақалпақстанда қол­дау табуы мүмкін емес еді.

Саясат саласында дінді пайдалану­дың тағы бір аспектісі – Қарақалпақ АО саяси қайраткерлерінің өзі төмендегідей ұранды ұстанды: «халық үшін ислам діні сақталуы керек». Саясатта діни фактордың болуы, нақты жағдайларға орай дінді жақ­таушылар – Тақтакөпір көтерілісіне қаты­сушылар өздерінің іс-қимылдарын негіздеу, өз мүдделерін, үміттерін, өкі­ніштерін идеологиялық тұрғыдан бекіту үшін ислам дініне ден қойды».

Тақтакөпір ауданында өзіміз бала кезден есімін құлаққа құйып өскен Әйім­бет ишан Қаймақбайұлының (1855-1937) тағдыр-талайының өзі Ке­ңес өкіметінің дін иелеріне деген зор­­лық-зомбылығының қандай бол­ған­дығынан дерек береді. Ишан Шым­бай ауданының аймағында туылып, Тақтакөпір ауданының Атакөл деген жерінде дүниеден озған. Әйімбет ишан Хиуаның медресесінде 12 жыл білім алып, араб, парсы, өзбек, түрікмен тіл­дерін жетік меңгерген. Ол халықтың сауатын ашып, жастарды имандылыққа бау­лып, жүздеген шәкірт тәрбиелеген. Алайда кеңес өкіметі орнағаннан кейін Әйімбет ишанның басына да нәубет төнген. Әйімбеттің Әбдікерім деген баласы Қызылқалада ұсталып, жер аударылған. Ақыры із-түзсіз кетіпті. «Қамысты» мешітінде діни ағартушыдан дәріс алған шәкірттері Ерімбет молда, Сапар молда абақтыға жабылып, оларды алдымен Хожелідегі абақтыға қамап, соңынан Қиыр Шығысқа жер аударады. Олар да із-түзсіз кеткен. Әйімбет ишан­ның өзі 6 айға Шымбайда абақтыға қа­малады. Ишан «халық жауы» ретінде ұсталған соң, «Қамысты» мешіті жабылып, дүние-мүлкі кәмпескеленеді.

 Ғалым Тұрғанбек Алланиязовтың пікірінше, «су мен қазуды кеңестендіру» ұранымен қолға алынған Қарақалпақ автономиялық облысындағы жер-су ре­формасы ортаазиялық басқа респуб­ликаларға қарағанда 1929 жылы бір кезеңде жүргізіліп және асығыс нау­қандық сипатқа ие болды. ҚАО басшы­лары жер-су реформасы барысында әлеу­меттік-экономикалық проблемалар түйінін тезірек тарқатуға ұмтылды. Олар бұл жерде жергілікті ерекшелікті ескермей, келесі науқанды – ұжымдастыруды белсенді бастауға тырысты. Обкомның және кеңестік мекемелер уәкілдерінің ойластырылмаған осындай әрекеттері ауылдарда зорлық-зомбылықты, наразы­лық­ты күшейте түсті. 1928 жыл мен 1929 жылдың күзі аралығында жіберілген асыра сілтеушілік Тақтакөпір көтерілісінің бір себебі болып табылады.

«Кез келген империя зұлымдық кей­піне енеді. Бұл дегеніңіз еркіңізден айы­ру, халықтық бас көтерулерді жан­шу, ұлттық интеллигенцияның қар­сылығын жаныштау, экономикалық экс­плуатация, жергілікті халықтың беде­лін төмендету, оның тілі мен мәде­ниетін құрту. Империялық биліктің тікелей немесе жанамалай қатысуымен бол­ған қандай да бір оң өзгерістер әдет­те қабылданбайды және тіпті тал­қы­ланбайды да» деп жазған еді тарих ғы­лымдарының докторы Жанна Қы­дыралина (Ж.Кыдыралина, Нация и история. Астана, «Елорда», 2009, 290-бет.). Сол сияқты Қарақалпақстандағы ірі байлардың, дін өкілдерінің мал-мүлкін тәркілеу ісінің басталуына арнайы қаулыда қабылданған шешімдердің көтеріліске негіз болғаны анық. Өйткені қаулыда «Қарақалпақ жерінде жойылуы тиіс әлеуметтік топтың қожалықтары және сол жойылатын қожалықтардың мал­дары мен шаруашылық мүліктерін олар­дың иелерінен ештеңе төлемей тар­тып алу керектігі» соқырға таяқ ұс­татқандай көрсетілген. Ол аздай атал­ған қаулының тағы бір бабында «ОГПУ органдарына Қазақ өлкелік комитетімен бірге кезінде солардың өздерінің қожалықтары болған округтерден тыс жерге аударылатын адамдарды анықтау ұсынылсын» деп, тәркілеуге ұшыраған адамдарды одан әрі тұқыртып, жер аудару керектігіне бұйрық берілген. Міне, осы қаулыны басшылыққа алған Қа­рақалпақ автономиялы облысындағы жергілікті партия қызметкерлері өздеріне берілген құқықты асыра пайдаланып, жергілікті байлар мен дінбасыларға әртүрлі салықтар салумен ғана шектелмей, олардың жекеменшігіндегі дүние-мүліктерді талан-таражға салды.

Осыдан 90 жыл бұрын кеңес өкіметін орнату кезіндегі болған Тақтакөпір көтерілісінен қандай ой түюге болады? Жалпы, күштеу саясатының зардабы, мәжбүрлеу саясатының салқыны ауыр, халықтың пікірімен санаспаудың ақыры әлеуметтік дүмпуге ұласады. Отар­шыл­дықтың құрсауынан, кеңестік дик­татураның қыспағынан аман қалған, «мың өліп, мың тірілген» халық үшін өткеннен сабақ алмай болмайтыны мәлім. Ендігі мәселе отаршылдықта, ком­мунистік дик­татурада емес, ендігі жерде қазақ қоғамының өркениетті жолмен дамуында. Дамығанда да әлеуметтік сілкіністердің алдын алатын әлеуметтік әділетті қоғам орнықтыруда болып отыр. Өйткені әлеу­меттік әділетсіздік белең алған кез келген қоғамда сілкіністердің бой көр­се­те­тіні белгілі. Сол себепті тәуелсіз ел­дің тұ­ғы­рының биіктігі, мызғымастығы қо­ғамдағы әділеттілік деген барометрмен өл­шенеді. Ұлы ақынның сөзімен қайырар болсақ, «Енді адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып өрге баса алады. Ал ақылдылықтың өлшемі – әділеттілік. Әділет ешкімді кемсітпейді, ештеңенің обалына қалмайды». Абайдан асырып айта алмаспыз, сірә.