• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қазан, 2019

Ақбөкен атқаны үшін айыбын төледі

776 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы прокуратурасы қадағалау актісі арқылы мемлекет пайдасына 10,8 млн теңге өндіріп алды. Бұл ақбөкен аулап, мүйізін сату секілді қылмыс жасаған тұлғалардың тигізген материалдық залалы болатын.

Жаңа­­қала аудандық соты­ның 2019 жылғы 20 наурызда шығар­ған сот үкімімен осы ауданның Жуалыой ауылында тұратын үш жігіт Қылмыстық кодекстің 339-бабы (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотталған болатын. Олар 1,5 жылға бас бостандығы шектеліп, 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылған. Және мемлекет пайдасына 10 822 500 теңге материалдық залал және 324 675 теңге мемлекеттік баж өндірілуі тиіс болатын.

Оқиға былай болған: 2018 жылы 18 желтоқсан күні Жаңа­қала ауданы Жаңақазан ауыл­дық округіне қарасты Жуалыой ауылы­ның тұрғындары С.Рыс­паев пен М.Құспанов қос атпен мал іздеп шығады. Оларға жол­дағы Ешкі қыстағында тұ­ра­т­ын Е.Кадин қосылады. Түнде жайылып жүрген ақбөкен үйіріне кездесіп, атпен қамап, үш серкесін атып алған. Оның мүйізін кесу үшін жолда бір мал­шының үйінен қолара сұрап алған. Сөйтіп жүргенде 19 жел­тоқ­­сан күні түнгі 02.00. сағат ша­ма­сында «Охотзоопром» инс­пе­кторл­арының қолына түскен. Бұлтартпайтын айғақтар­мен қолға түскен браконьерлер сот кезінде қылмысын толық мойындап, істеген істеріне өкініш білдірген.

Алайда кінәлілер сот үкіміне сәйкес төлеуі тиіс 10,8 млн теңге қаржыны төлеуге асықпапты. Биылғы 15 мамырдан бері сотталғандар бар болғаны 180 мың теңге өтеген.

«Прокурорлар ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, борышкерлердің меншігінде 105 ірі қара мал және 382 қой барын анықтады. Прокура­тура­ның ұсынуы бойынша «Ат­қару­шылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәрте­бесi туралы» Заңның 32, 66-бап­тары­н­ың тәртібінде сот орындау­шы мүліктің тiзiмдемесін жасап, мүлікке тыйым салынды», дейді Батыс Қазақстан облысы прокурорының БАҚ-пен байланыс бойынша аға көмекшісі Бауыржан Ахметжан.

«Үкім уақытында орындалмаса, сотталушылардың иелі­гіндегі мал базарға шығарылып, аукцион­ға салынады» деген ескертуден кейін борышкерлер қалған соманы толығымен өтеп тастапты.

2019 жылдың басынан бері аудан прокуратурасы атқару­шылық іс жүргізу саласында 2 ұсыну енгізіп, 13 млн теңге өн­дірген. 3 сот орындаушысы тәр­тіптік, 2 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Батыс Қазақстан облысы