Кәсіпкерлікті сипаттағанда оның нарықтағы, ішкі жалпы өнімдегі, экспорттағы үлесіне қатысты көңіл толмайтын деректер орын алып отыр. Соңғы үш жылда негізгі қорларға салынатын инвестиция көлемі азайып, осының салдарынан бизнестің болашаққа деген сенімсіздігі байқалады.
Заңгерлер қауымы алдында шағын және орта бизнеске қатысты жасаған баяндамасында «Атамекен» ҰКП басқарма мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов еліміздегі кәсіпкерлік ахуалдың түйткілді мәселелерін қозғады.
Биыл оныншы рет өтіп отырған Заң форумының ұйымдастырушылары «Атамекен» ҰКП және Lincoln Company сот өндірісі жүйесін оңтайландыру мен жеңілдету, инвестициялық дауларды шешудегі тұрақтылық мәселесін қозғап, үш жүзге жуық заңгер, Жоғарғы сот өкілдері мен тиісті министрліктердің мамандары, шетелдік заңгерлер бес секция бойынша кездесулер өткізді.
«Кәсіпкерлер палатасы үшін маңызды жобалардың бірі – көкейкесті мәселелер реестрі. Онда бизнес саласы өкілдерін толғандырған барлық ұсыныстар тіркеледі. 2017-2018 жылдарда шағын және орта бизнестің үлесі 28 пайызды құраса, өткен жылы 20 мыңнан астам бизнес орындары жабылып қалған. Оның ішінде сауда, құрылыс саласы басым. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, білім саласында еңбек өнімділігінің төмендеп кеткені алаңдатады» деген Рүстем Жүрсінов отандық кәсіпкерлік нарығын Шығыс Еуропадағы ахуалмен салыстыра қарастырды. Аталған елдердегі реформаларда ұқсастық бар. Бірақ еліміздегі бір миллионнан астам кәсіпкердің 0,1 пайызы ірі компаниялар болса, оның 0,2 пайызы ғана орта санатқа жатады. Ал Чехия мен Польша елдерінде орта кәсіпкерлікпен айналысатындар 18 пайызды құрайды.
Шағын және орта бизнес экспортқа жұмыс істемейді. Сондықтан да мемлекеттік органдармен орта класты қалыптастыру мәселесі талқылануда. Яғни бизнесті ірілендіруде қандайда бір қолдау шаралары қажет. Қазіргі кезде мемлекеттік деңгейде шағын және орта бизнесті қолдауды қайта қарастырып, субсидиялау, әкімшілік айыппұл, т.б. қайта қарау ұсынылуда. Сонымен қатар Үкімет тапсырмасына орай бақылаусыз экономиканың әдістемесі жасалып, Статистика комитетімен бекітілді. Кәсіпкерлер палатасының мәліметтері бойынша көлеңкедегі экономиканың үлесі 29,88 пайызды құрап, 16 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы, транспорт логистикасы көш басында тұр.
Сонымен қатар Үкімет басшысының тапсырмасымен биыл мемлекеттің экономикаға қатысуы бойынша сараптама жасау үшін жұмыс тобы құрылды. Осыған орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында үш мәселе қарастырылып, бірінші кезекте мемлекеттік тапсырыс мәселесі талқыланған. Жылына бөлінетін 400 млрд теңге қаражаттың 198 млрд теңгесі «Қазавтожолға» тиесілі болса, 170 млрд теңге мемлекеттік тапсырысқа кетеді. Ендігі кезекте осы қаражаттың 40 млрд теңгеге жуығын бизнеске беру керектігін атап өткен Рүстем Жүрсінов республикалық АҚ, ЖШС, РМК деңгейіндегі 320 нысаннан жекешелендіруге – 40, біріктіруге – 50, ұйымдастыру-құқықтық бағытын өзгертуге – 16, жұмысын тоқтатуға 2 нысан іріктелгендігін жеткізді. Соның нәтижесінде үнемделген қаражат көлемі 134 млрд теңгені құрап отыр.
Ендігі кезекте кәсіпкерлік нысандарды тексеру тікелей салық төлеушінің келісімімен жүзеге асатынын жеткізген Р.Жүрсінов Жоғарғы сотпен жасалған жол картасы, сонымен қатар кеден, салық, трансферт, бухгалтерлік есеп жүргізуге байланысты соттарды оқыту мәселесіне де тоқталды. Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева заңгерлік қоғамдастық қалыптастырудың ерекшеліктеріне тоқталса, «Атамекен» ҰКП Заңнама және өзін өзі реттеуді дамыту департаментінің басқарушы директоры Лаура Мерсалимованың айтуынша, заңнамаларды жетілдіру мен кәсіпкерлер үшін бизнес климатты жақсартуға байланысты соңғы алты жылда әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерлердің қаржылық шығындарын азайту мақсатында көптеген істер атқарылған. «Атамекен» ҰКП бизнеске ықпал ететін барлық құқықтық заңнамалық актілерді жетілдіру үшін 29 мың сараптамалық қорытынды жасаған. Бүгінде заңнамаға өзгерістер енгізуге байланысты мемлекеттік органдар тиісті жұмыстар жүргізуде, оның ішінде бизнес климатты жақсартумен қатар әкімшілік кедергілердің қайталанбауы үшін заңнамаларға арнайы толықтырулар ұсынылуда. Сондай-ақ кәсіпкерлікті жүргізу мен дамытуға тікелей ықпал ететін маңызды құжаттар – экология, денсаулық саласына қатысты заңнамаларға өзгерістер енгізіледі. Бүгінге дейін немқұрайды жүзеге асып келген заң жобаларын қоғаммен талқылау мәселесі де жолға қойылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай кәсіпкерлердің ар-намысына қатысты нормалар да кәсіпкерлік кодексіне енгізілмек. Бүгінде кәсіпкерлерді алаңдататын мәселелер арнайы реестрде тіркелген. Сондықтан да кез келген кәсіпкер сайт немесе әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы өзіне қажетті ақпараттарды алып, дер кезінде хабардар болып отыруына мүмкіндігі бар.
Бизнесті қылмыстық-құқықтық қорғау мәселесінде Джохар Утебеков кәсіпкерлер сауалдарына жауап беріп, аймақтарда орын алған олқылықтарға тоқталды. Ал «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерді құықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко Жоғарғы сот, құқық қорғау органдары, Бас прокуратура, соттар, т.б. мамандардан құралған топ жұмысына тоқталып, заң бұзған кәсіпкерлерді жауапкершілікке тартуда нақты дәлелдердің басшылыққа алынатынын жеткізіп, іс-тәжірибеде өзінің салықтық төлемдерін азайтуға әрекет жасайтын кәсіпкерлер үшін айыппұл тәртібін жасауға байланысты нақты ұсыныстарды атап өтті. Маман келтірген статистикалық мәліметтерге сәйкес 2016 жылы 216-бап бойынша – 274, 2017 жылы – 289, 2018 жылы 121 қылмыстық іс қозғалған.
Бизнесті жүргізудің құқықтық мәселелері әрі қарай жер қойнауларын пайдалану мен энергетика секциясында жалғасып, барлау жұмыстарын қаржыландыру, өндіру мен табиғатты пайдаланушылардың заң аясында жұмыс істеуі, экологиялық қауіпсіздік тақырыптарына ұласты. Ал медицина және фармацевтика секциясында денсаулық саласындағы құқық, денсаулық кодексіне қатысты мәселелер қозғалса, құрылыс нарығы секциясында «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асырудың құқықтық сипаты, тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін берудің заңнамасына қатысты сараптама жасалды.
Форумның IT-құқық секциясында мамандар Biq Data, ақылды қалалар, цифрлы активтер, блокчейн, венчурлық қаржыландыру, салық саласына енгізілетін өзгерістер бойынша пікір алмасып, бизнеске жасанды интеллекті енгізу мәселесін қозғады. Кәсіпкерлерге сот актілерін іздеуге және сот істерінің ықтимал аяқталуын болжауға, соттардың жүктемесін азайтуға, сот актілерінің ашықтығын, сот тәжірбиесінің біркелкі болуын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал ететін жасанды интеллект жобасын Қазақстан-Британ техникалық университетінің және Назарбаев университетінің Жасанды интеллект зертханасының қызметкерлері жүзеге асырады. Жасанды интеллекті енгізу 2019 жылы жол картасы аясында «Атамекен» ҰКП Жоғарғы сотпен бірлесе отырып жүзеге асырады. Іске асыру үшін арнайы құрылған жобалық кеңседе АҚШ-тың (IBM Watson, Legal Aid), Францияның (Soft Law), Ресейдің (РосПравосудие, КонсультантПлюс) қолданыстағы жүйелерінің тәжірибесі зерттелген.
Екі күнге созылған форум республика кәсіпкерлерінің заң тұрғысындағы көптеген түйткілді мәселелерін ортаға салып, сала мамандарынан кәсіби кеңес алуға мүмкіндік берді.
АЛМАТЫ