Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы қоғамдық саладағы бірсыпыра көкейкесті мәселелерді қозғады. Саяси тұрақтылық, экономикалық даму, азаматтық құқықты жетілдіру секілді ұлыстық бағыттармен қатар әлеуметтік, бұқаралық саланың да қордаланған түйткілдерін жан-жақты қамтыды. Оның ішінде ұлттық руханият пен мәдениет жолындағы түйіні шиеленген мәселелерді шешудің заманауи қарекеттерін батыл түрде ашып көрсетуі елдің ыстық ықыласына ие болды.
Осылардың ішіндегі аса маңыздысы мемлекеттік тіл мәртебесі төңірегіндегі кесімді пікірлер болды. Қазақ тілінің қоғамдағы қолданысы күн санап өсіп келеді. Десек те әлеуметтік қызметтің басым көпшілігі орыс тілінде екені кісіден жасыратын сыр болудан қалған. Сөз жоқ, бұл жағдай өскелең ұрпаққа игі әсер бермейді. Сондықтан ана тілімізді әуелі сақтау, сосын өркендету шараларын шұғыл қолға алуымыз керек.
Жалпы білім мен ғылым ахуалы да ең өзекті тақырып. Әлем роботтехникадан өтіп, жасанды интеллект саласын өндіріске енгізіп жатқан кезде біздің білім мен ғылым қағазбастылықпен, әсіре флешмобпен әуез болып кеткені белгілі. Заман керуені қазақтан мектептен бастап университетке дейінгі кәсіби біліктілікті дәуір талаптарына сай қайта түлетуді (қайта реформалауды емес) талап етеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл саладағы мақсаттардың даңғыл жолдарын нақты айтты. Мұғалім беделі, ұстаздар қауымының жалақысының өсірілуі туралы да сөз қозғалды. Осыларды қорыта келгенде, Президент Жолдауының ағарту саласына үлкен серпіліс әкелетініне сеніміміз мол.
Мәдениет – ұлт ұстыны, ұлттың әлем алдындағы дидары тек оның мәдениеті арқылы жарқын болатыны белгілі. Бұл саладағы атқарылып жатқан ұлан-ғайыр жұмыстарды тізбектеп айта беруге болады. Егер әлем өркениеті қазақ деген елді танып, ұлтымыздың қадір-қасиетін бағалап жатса, сол игіліктің бір мысқал үлесі мәдениет саласындағы тұлғалардың жанкешті еңбегінің арқасында деп айта аламыз. Әлбетте, өркениетке бет алған елде төккен терге лайық құрмет те болса керек-ті. Осы мәселені дөп басқан Президент мәдениет саласындағы қызметкерлердің еңбекақысын көтеруді ұсынды.
Әл-Фарабидың 1150 жылдығын атап өту, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау жөніндегі ұсыныстар да көңіл қуантады. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбунасыр бабамыздың адамзатқа ортақ барша ғылымның негізін қалағаны біздің ұрпақтың мәңгілік мақтанышы болуы керек. Осы күні жалпы музыка теориясының, таңбалы нота жүйесінің негізін әл-Фараби бабамыз жасағанын зиялы орта да ескере бермейді. Сондықтан әлем халықтарының музыкалық сауат саласындағы жетістіктерін екшейтіндей үлкен ғылыми құрылтай ұлы даламыздың төрінде болса жарасар еді. Отырардан шығып Ұрымға дейін даңқы шыққан бабамыздың өмірі туралы көркем фильм түсіру керек шығар.
Абай Құнанбайұлы мерейтойы барысында көрнекі ғылыми еңбектер, энциклопедиялық жұмыстар, музыкалық-антологиялық жинақтар шығады деп сенеміз. Егер Абай мұрасын әлемге таныстыра алатындай көптілді-кешенді еңбектер жоспарланатын болса, ұтарымыз көп болар еді.
Президентіміз осы шараларды өткізу барысында мейлінше өрелі еңбек жасауға, іс-шаралардың ғылыми тағылымдық маңызына баса мән беруге шақырды. Сонымен қатар аста-төк ысыраптан тыйылуымыз керек екенін де ескертті. Абай атамыз айтқандай «мал шашпақ» мақтаннан аулақ болып, болашақ үшін абыройлы іс атқаратын кез енді келді.
Жанғали ЖҮЗБАЙ,
күйші