Түркістан облысында мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың еңбектерін, өнегелі өмірін ел арасында насихаттау мақсатында Nur Otan партиясының бастамасымен, аудан әкімдіктерінің қолдауымен «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» атты экспедиция ұйымдастырылып, танымдық-тағылымдық іс-шаралар өткізілді. Созақ ауданынан бастау алған мерейтойлық іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, қоғам қайраткері, Созақ ауданының Құрметті азаматы Қуаныш Айтаханов, аудан әкімі Салыхан Полатов, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
«Киргиз» деп жүрген қазақтың атын қайтарды»
Созақ ауданында өткен ұстаз, ғалым, публицист С. Қожановтың 125 жылдығына арналған «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» тақырыбындағы салтанатты іс-шараға қатысушылар алдымен «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» экспедиция мүшелерін Қазыналы Қаратау төскейінде күтіп алып, теріскейдің текті ұлы туған жер Ақсүмбе ауылына табан тіреді. Ақсүмбеде С.Қожанов атындағы мектептің алғашқы кірпіші қаланып, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Білім ошағының алғашқы кірпішін жазушы Мархабат Байғұт пен аудан әкімі Салыхан Полатов қалады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Біздің Сұлтанбек Қожановтың өмірінен алатын үлгіміздің бірі – кең ойлау, өз халқың үшін шынайы уайым жеу, оның кемшіліктерін айта білу, осылайша олардан арылуға көмектесу» деген болатын. Еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, көсемсөзшінің есімі барлық қазақстандықтардың мақтанышы, ал оның өмірі мен қызметі келер ұрпақ үшін Отанға қызмет етудің үздік үлгісі болып табылады. Сұлтанбек Қожановтың есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында ауданымызда, республика көлемінде жыл сайын түрлі мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі ұлт күрескерінің 125 жылдығына арналған жиынның туып-өскен жері Ақсүмбеде өтуі – аудан тұрғындары үшін де, жас ұрпақ үшін де өте маңызды», деді аудан әкімі Салыхан Полатов жиында. Ал жазушы Мархабат Байғұт өткен жылдарды еске алды. «Осыдан 25 жыл бұрын, Сұлтанбек ағамыздың 100 жылдығы атап өтілген болатын. Ол кезде облыстық тіл басқармасының басшысы едім. Сұлтанбек Қожановтың жүз жылдығы аталып өтіледі, үлкен той болады, соған облыс басшысының орынбасары баяндама жасайды, соған материал дайындап бер деді. Қарасам Сұлтанбек аға туралы ешқандай материал жоқ. Сөйтіп бір апта күні-түні ізденіп, жүз жылдығына арналған баяндаманы дайындап шықтым. Мінеки, бүгінде тәуелсіздіктің арқасында Қожанов туралы еңбек өте көп. Сұлтанбектанушылар да жетерлік. Көп кітап шықты, «Шығыстың Сұлтанбегі» деген роман жазылды. Сұлтанбек Қожанов туралы әлі зерттеліп, жазыла береді. Осыдан бес жыл бұрын Шолаққорған ауылында Қожановтың 120 жылдығы аталып өткен болатын. Сол кезде Ақсүмбеге келіп, биікке, Ақбикештің жанына шығып қарадық. Мына қасиетті Қаратаудың өрлігіне таңдандық. Қазақтың, бүкіл түркінің қарашаңырағы атанған Қаратау үш бұтақтан тұрады. Жамбыл облысында бір бұтағы, Қызылорда облысында бір бұтағы, ең негізгі жотасы – биік, ұлы бұтағы біздің Түркістан облысында. Ақсүмбемен басталып, Ақсу Жабағылыдан аяқталады. Ақсүмбеде қасиетті Қаратаудың басталар жерінде – Сұлтанбек Қожанов, Ақсу Жабағылыда – Тұрар Рысқұлов, екі жағында екеуі заузаңғар болып, бүкіл алашқа, күллі қазаққа мұрат – мақсаттарын арнаған ұлы тұлғалар тұр. Сұлтанбек мұраттастарымен бірге Түркістанды астана еткісі келді. Қолдан келмеді, Қызылорда астана атанды. Алайда, «киргиз» деп жүрген «қазақтың» атын қайтарды», деді жазушы Мархабат Байғұт.
Мәдени іс-шара Сұлтанбек Қожанов атындағы мұражайда жалғасын тауып, қонақтар тарихи жәдігерлермен танысты. Ал мәдениет үйіндегі «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты аймақтық ғылыми-тәжірбиелік конференцияны ғалым Нариман Нұрпейісов жүргізіп отырды. Конференцияны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Созақ ауданының Құрметті азаматы Қуаныш Айтаханов, ғалым, сұлтанбектанушы Бейбіт Қойшыбай, ғалымдар Әлібек Сейдехан, Тұрсын Хазіретәлі, Медеубек Тәңірберген, Мамыт Амангелді, Қайрат Анарбаев баяндама жасап, ұлы тұлғаның өмірі мен жасаған өнегелі істеріне тоқталды. Ұлтжандылығы мемлекетшілдікпен ұласқан, мемлекетшілдігі ұлтының рухына қызмет етуге жұмылдырылған қайраткердің халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық екені айтылды. Ал ақын Рахым Балаби ұлт қайраткеріне арнау өлең оқыды. Сондай-ақ бұл күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттай отырып, Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына орай, ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында облыстық «Тұғыры биік тұлға» атты жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.
Ұлт тарихындағы жарқын тұлға
Түлкібас ауданында Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған іс-шаралар «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» тақырыбында өтті. Ұлы тұлғалардың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» автосапарына қатысушылар 1915 жылы «Алаш» қайраткері, тұңғыш қазақ инженері Мұхаметжан Тынышбаевтың басшылығымен соғылған Жаскешу ауылдық округі Рысқұл ауылының маңындағы тауасты темір жолмен танысты. Мұхамеджан Тынышбаев пен Тұрар Рысқұловтың ең бірінші кездесуі Түлкібастағы Шәңке-бастау жерінде болған. 1915 жылы темір жол құрылысын басқарған М.Тынышбаев жас Тұрардың білім алуына бағыт-бағдар беріп, болашағына жол ашқан екен. Бұл туралы ауыл қариясы Өміртай Қалықұлов тунельмен танысу кезінде айтып берді. «1915 жылы Тұрар Рысқұлов Ташкент қаласына оқуға баруға осы Түлкібас ауданына келген. Негізінде туысқандары Түлкібас ауданында тұрады. Сонда жұмыс істеп жүрген бір қазақ Мұхамеджан Тынышбаевқа Тұрар туралы айтады. Тұрарды шақырып алып әңгімелескенде оның тіл білуі, ойын жеткізе алуы, талабы биік екенін аңғарған Мұхамеджан Тынышбаев арқасынан қағып, оқуы керектігін айта қаражат беріп Ташкентке оқуға жібереді», деді Өміртай Қалықұлов. Тарихи деректерге сүйенсек, ұзындығы 1 шақырым, биіктігі 6 метр, ал ені 8 метрді құрайтын темір жол тунелін Ресейдің теміржол құрылысшылары және жергілікті тұрғындар соққан. 1950 жылы жаңа үлгідегі тепловоз және вагондардың көлемінің ұлғайуына байланысты тунельді пайдалану мүмкін болмағандықтан, сыртынан айналма темір жол салынған. Бүгінгі таңда аудан әкімдігі аталмыш нысанның тарихи маңыздылығын ескере отырып, ескерткіш тақтайша орнатқан, аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Мағыналы іс-шара Тұрар Рысқұловтың ата қонысы Рысқұл ауылындағы күрделі жөндеуден өткен ауылдық клубтың ашылу салтанатымен жалғасты. Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша, биыл 5 ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтуде. Ең бірінші болып аяқталғаны осы Рысқұл ауылдық клубы. Ауыл тұрғындарының рухани азық алатын орны 100 адамға есептелген. Клубқа күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар аумағы да толығымен абаттандырылған. Ауыл жастарының музыкалық және басқа да үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар қонақтар Түлкібас кентіндегі тоғыз жолдың торабы, Түркісіб теміржолының бойында орналасқан қазақ халқының біртуар азаматтары М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Қос тұлғаға арналған ескерткіш Түлкібас ауданының 90 жылдығына орай демеушілер есебінен тұрғызылған. Шараның жалғасы аудан орталығы Тұрар Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану мұражайымен танысу іс-шарасына ұласты. Тарихи-өлкетану мұражайы қоғамдық негізде 1963 жылы ашылып, 1983 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлімшесі болып қайта құрылған. 1994 жылы мұражайға мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың 100 жылдығына орай аты берілді. Қазіргі таңда мұражай «Тұрартану», «Көне заман және этнография», «Аудан тарихы», «Табиғаттану» деп аталатын төрт экспозиция залынан тұрады. Тұрартану бөлімінде мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы мәліметтер беретін «Өмірдерек», «Т.Рысқұловтың әулеті», «Т.Рысқұлов кемеңгер», «Т.Рысқұлов. Түркісіб», «Алаштың ардақтысы Тұрарға тағзым» атты тақта және тұрартанушылардың шығармалары қойылған. Айтулы шара «Тұңғыш Президент» саябағында өткен «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» атты салтанатты жиынмен қорытындыланды. «Баюымыз керек, бай болуымыз керек. Сонда ғана еліміз мықты болады. Бірақ байлықпен бірге қайраткерлердің рухын, сіңірген еңбегін, олардың мінезін, шырқыраған жанын ұғынуымыз керек. Олар өлетінін, атылатынын білді. Бірақ ұлтына қызмет етуден қайтқан жоқ. Мұстафа Шоқайлар сыртта жүріп еңбек етті, Тұрар, Нәзір, Сұлтанбектер іште жүріп еңбек етті. Яғни олардың елге қызметі ұмытылмауы тиіс», деді жазушы Мархабат Байғұт.
Сондай-ақ іс-шараға қатысушылар ұлы тұлғаның айтулы мерейтойына орай «Тұңғыш Президент» саябағының ішінен бой көтеріп жатқан «Жастар аллеясына» 125 түп көшет отырғызды.
Түркістан облысы