• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Технология 08 Қазан, 2019

Қазақстанның IT саласы жастардың қолында

2172 рет
көрсетілді

Белгілі жас IT-маман, 18 жасында «Жүз жаңа есім» жобасына еніп, отандық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерген Иван Крепак бүгінде Астанада жаңа ашылған IT университетінің киберқауіпсіздік мамандығы бойынша кәсіби біліктілігін арттырып жүр.

И.Крепактың робот техни­касына, мобиль­ді қосым­ша­ларды бағдарлама­лауға деген қызығу­­шылығы мектеп­те оқып жүрген кезінде артқан. Алғашқы жо­баларының бірі «Ақыл­ды құ­лып» 2016 жы­лы АҚШ-тың Крем­ний ал­қа­бында өткен бай­қауда үз­дік биз­нес-идея атанып, өнер­тап­қышқа 20 мың АҚШ доллары көлемінде ин­вес­тиция әкелген. Кейінгі жұ­мыс­тары да республикалық ин­нова­ция­лық жобалар бай­қауында үздіктер қатарынан та­былды. Ол «Жүз жаңа есім» жо­ба­сының жеңімпазы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевпен кез­десуге мүмкіндік алған. Ал екінші рет Елбасының қаты­суымен өткен Жастар жы­лының салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, еліміздегі жастардың IT саласындағы жетіс­тіктерімен бөліскен еді. Ол кезде И.Крепак Алма­ты­­дағы Назарбаев зияткер­лік мектебінің оқушысы бол­са, бүгін ол – Астанада жаңа­дан ашыл­ған IT универ­сите­тінің ки­бер­қауіпсіздік маман­дығының 1-курс студенті. Өзі айтқандай, еліміздегі үз­­дік мектепте білім алып, ел­ор­дадағы жаңадан есігін аш­­қан IT университетінде кәсіби бі­ліктілігін шыңдап, ин­но­ва­­­циялық жобалар ар­қылы Қазақстанның IT саласының дамуына үлес қос­қысы келеді.

И.Крепактың осыған дейін нақты қанша жоба жасағаны есінде жоқ, алайда елеулі де­ген жұмыстарының саны он­нан асады. «bLock» деп ата­латын «ақылды құлыбы» – оның IT саласында танылуы­на себеп болған алғашқы жо­басы. Аталған жобамен ол 2016 жылы Nur Otan пар­­тиясы ұйымдастырған Nurintech инновациялық жоба­лар бай­қауына қатысып, оқу­шы­лар­ға арналған аталымда жүл­­дегерлер қатарынан та­был­­ған. Ол ұсынған ақылды құ­лып шетелдік баламаларынан әлдеқайда арзан, смартфон арқылы басқарылып, бір бу­ма кілтті алмастыра алады. Осылайша өнертапқыш жеке мүлік пен ақпаратты қо­р­ғаудың тиімді жолын ұсын­ған. Ол үшін смартфонда арнайы мобильді қосымшаны жүк­теп, ақылды құлыпты са­тып алу жеткілікті. Ал жоба­ның басты ерекшелігі – оның 30 м қашықтықта жұмыс іс­теуі, өзге елдерде жасалған баламалары құрылғының сиг­­на­лын 10 м қашықтықта қа­был­дайды екен. Сондай-ақ И.Крепак ұсынған жоба, дәлірек айтқанда, 14 есе арзан. Дәл осы жұмысы Кали­форния штатында өткен «Өз бизнесіңнің бастауы» бай­қауында «Үздік бизнес-идея» атанып, ақшалай сыйлық ұтып алған. Сондай-ақ «Жас әл-Фараби» ғылыми жобалар жарысында екінші атанып, Астанада өткен ұлттық инно­вациялық жобалар олимпиадасында алтын медальға қол жет­кізген.

Осылайша алғашқы ірі жобасы сәтті шыққан И.Крепак Nurintech байқауынан жеңіп ал­ған ноутбугында кезекті жо­басын жасауға кіріседі. Нәти­жесінде өзі секілді олимпиа­далар мен жарыстарға жиі қатысатын достарына арнап «Жарыс» мобильді қосым­шасын ұсынады. Қосымшада алдағы уақытта түрлі сала бо­йын­ша өтетін байқаулардың хабарландыруы мен пайдалы ақпарат бар. Бұл жобаны сынау үшін өнертапқыш Nurintech байқауының келесі жылғы іріктеуіне қатысады. Байқауда соңғы кезеңге дейін жетіп, «Әлеуметтік маңызды жо­балар» аталымында екінші орынға ие болып, 500 мың тең­ге қаржылай сыйлық ұтып алады. Иван IT саласы­на жасаған сәтті қадамын осы бай­қаумен тығыз байланыс­тырады. Оның айтуынша, пар­тия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ұйымдастырылған жоба ол үшін сәтті болды.

«Елбасының жастарға, оның ішінде жастардың ин­новациялық бастамаларына үлкен мән беруі мен секілді оқушылардың идеяларын әлем­дік аренаға шығарып, өз саласында танылуына көмек­тесті», дейді жас өнертапқыш.

Әрдайым жобаларының қоғам­ға пайда әкелуін көздей­тін жас дарын мүмкіндігі шек­теулі жандарға арнап «Voice-Komek» мобильді қо­сымшасын жазып шыққан. Жо­баның көмегімен есту және сөйлеу қабілеті нашар жан­дар бір-бірімен еркін түсі­нісуге мүмкіндік алады. Қо­сымша дыбыстық сигналдарды мәтінге және керісінше мәтінді дыбысқа айналдыра алады. Автордың айтуынша, қазір құрылғы жеті тілді тү­сінеді, оның ішінде қазақ тілі де бар.

И.Крепак өзі оқып жүрген білім ордасы туралы ерекше тебіреніспен айтады. Себебі шетелдік және отандық үздік жоғары оқу орындарынан ша­қыртуы бола тұра, ол Astana IT University-ге қабылданған тұңғыш студенттер мен тү­лек­тер қатарында болуды таң­даған. Ол бұл таңдауын ең ал­дымен ЭКСПО аумағында ор­наласқан университеттің бай инфрақұрылымымен және оқу бағдарламасының тәжірибеге көбірек көңіл бөлетіндігімен бай­ланыстырады.

«Бір салаға қызығушылық танытатын ортаға түскеніме қуанамын. Студенттер мен оқытушылар – бір топпыз. Ендігі арманым – оқу ор­ны­ның инновация са­­­­ла­сындағы кез келген мақ­са­тың­ды жү­зеге асы­ра алатын орта екенін дә­лел­деу», дейді ол.

Оның айтуынша, IT сала­сының киберқауіпсіздік, бағ­­­дар­ламалау және өзге де маман­­­дық­тарында білім алу­ға келген қыздардың көп­­ті­гі оны таң­ғалдырған. Мұ­ның керемет құбылыс еке­нін айтады. Қа­зір ол бағ­дарламалау, инфор­ма­тика, тарих, ағылшын тілі, мате­матикалық анализ пән­дерін терең меңгеріп жүр. Ақ­­па­рат­тық қауіпсіздік ма­ман­­дығында бағдарламалау мен тарих пәндері ерекше рөл ат­қа­рады, дейді жас өнер­тап­қыш.

«Компьютерлік бағдар­лама­лардың әлсіз тұсын табу – ол бағдарламалау кодымен ғана емес, адамдармен де жұмыс істеуден тұрады. Бағ­дарламалау сабақтары ком­пьютер және желімен жұ­мыстың қыр-сырын, ақ­паратқа қол жеткізу мен сақ­тау жолын түсіндіреді. Ал құ­пия ақпараттың жария болуы секілді мәселелер әдет­те адамдардың әрекетінен туын­дайды. Сондықтан қо­сым­­ша тарих, психология негіз­дерін білу маман ретінде шыңдалуыма көмектеседі», дейді ол.

И.Крепак – еліміздің IT сала­сы­ның дамуына үле­сін қосқысы келетін жас да­рындардың бір мысалы ғана. Қазақстанның әр түк­пірінде инновациялық жоба­ларды жүзеге асыратын, бола­шақ­­та мемлекетіміздің тех­но­логия саласындағы әлеуе­тін кө­теретін мыңдаған қара­до­малақ білім алып жүр. Со­­лар­­дың дарынын кішкен­тайынан байқап, дұрыс жолды көр­сетіп, жетекшілік ететін тәлімгерлер табылса игі. Сон­да үкімет тарапынан осы салада жасалып жатқан игі бас­тамаларды жалғайтын ұрпақ ертең-ақ дайын тұрады.