• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 08 Қазан, 2019

Перзентханадан шыққан шу: Атырауға Денсаулық сақтау вице-министрі бастаған комиссия келді

331 рет
көрсетілді

Өткен аптада Атырау облыстық перинаталдық орталығының басшысы қамауға алынды. Алғашында лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланды және сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген күдікке ілінген бас дәрігерге қатысты кейін тағы бір дерек шықты.

29 қыркүйекте дүниеге келген нә­ресте тіршілік белгісін біл­дір­ме­гендіктен, дәрігерлер «баланың өлі ту­ғаны» туралы анықтама жа­зып, де­несін тоңазытқышқа жібер­ген. Ал бі­раз уақыттан соң сәбидің тірі екені анықталады, бірақ ақ ха­латтылар оны тоңазытқыштан шығармаған. Себеп, әлде сылтау: «Базаға енгізілген мәліметті дұрыстау мүмкін емес». Арнайы жедел іздестіру шарасында анық­талған бұл жайт туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдола мәлімдеді. Мәселеге пікір білдірген Денсаулық сақтау министрі Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысын жұмыстан шығаруды ұсынды. Алайда министрлік пен әкімдік тарапынан аталған бас­қар­­маның қызметіне сараптама жүр­гізіліп, нәтижесінде Мәншүк Ай­мұрзиева лауазымында қалатыны ту­ралы шешім шығарылды. Ал 7 қа­зан күні облыстық перинаталдық орталықтың 31 қызметкері жұмыс­тан босатуға өтініш жазды. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Серік­жан Ерментаевтың айтуынша, қазір дәрігерлер қызмет орындарында, олармен денсаулық сақтау басқармасының, министрліктің және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері жұмыс жүргізіп жатыр. Аймаққа Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева бас­таған республикалық меке­мелер­дің жетек­ші мамандары келді. Министр­дің орын­басары об­лыстық, қалалық пери­наталдық ор­талықтардың қыз­метімен танысып, дәрігерлермен сөй­лесті және бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Әрине, қиын жағдай қалыптасса да, мұнайлы өңірдегі медицина саласының ахуалы тым мүшкіл деу­­ге де болмайды. Жыл басынан­ бе­рі қалалық перзентхананы екін­­ші деңгейден үшінші деңгейге ауыс­­тыру шаралары қолға алынды. «Босандыруды ұйымдастыруға бағытталған жоспарлы шара аясында облыстық перинаталдық орталықтан анестезиолог-реаниматолог ауыстырылды, екі неонатолог келді, бәрі де тәжірибелі, еңбек өтілдері бар мамандар. Аталған ауру­ханаға Ақтөбе облысынан тағы екі маман-неонатолог келеді. Қалалық перинаталдық орталық 100%-ға жабдықталған, –дейді Мәншүк Аймұрзиева. – Мекеме ауыр дерттері бар жүкті әйелдерге босан­дыру бойынша сапалы меди­циналық қызмет көрсетуге дайын».

Басқарма басшысы облыстық перина­талдық орталықтың да жұ­мы­сы күшейтілетінін айтады. Жұ­­мыстан кеткен дәрігерлердің ор­­ны­на Атыраудан, еліміздің бас­­қа да аймақтарынан мамандар ша­­қы­­­­­рылады. Қазір өңірде бала өлі­­мін азайту бойынша жос­пар­лан­ған шаралардың орындалуын бақы­лайтын мониторинг тобы жұмыс істеп жатыр. «Атырау облысын­да бала өлімінің көбеюі тамыз айында бай­қалды. Жыл сайын елімізде 2,5 мың бала өлімі тіркеледі», деді министр Елжан Біртанов Үкімет отырысында.

Статистикаға сүйенсек, респуб­лика бойынша Атырау облысындағы бала өлімінің көрсеткіші орташа деңгейде. Соның өзінде соңғы екі айда 40 нәресте шетінеді. Бұл 40 үйдің ғана қайғысы емес...

 АТЫРАУ