• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қазан, 2019

Балалар табиғи астан ажырамаса екен...

763 рет
көрсетілді

Қазіргі жас ұрпақ бұрынғы кездегі балалармен салыстырғанда табиғи тағамнан алыстап барады. Бұл — бүкіл әлемдік мәселе. Ғалымдар бүгінде Орталық Азия аймағында дұрыс тамақтанбау сал­дарынан балалардың 10 пайыздан астамының бойы дұрыс өспегенін анықтаған. Керісінше, семіздікке шалдыққан балалар көбейген. 2000 жылдан бері семіз балалар саны 80 пайызға ар­тыпты. ЮНИСЕФ зерттеуі бойынша, Орталық Азия аймағы ба­лалардың семіздікке шалдығуы бойынша (10,7 пайыз) әлемде екінші орында. Бұл аймақта 2000-2017 жылдар аралығында бес жасқа дейінгі семіз бүлдіршіндер саны 1,6 миллионнан 3,2 мил­лионға көбейген. Аймақ халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету көр­сеткіші артқан сайын семіздікке шалдыққан балалар да көбейген.

ЮНИСЕФ-тің ұйымдасты­руы­мен Қазақстанда балалардың дұрыс тамақтану мәселесіне ар­налған халықаралық симпо­зиумда Орталық Азия мен Кавказ елдерінде балалардың бойы­ның өсу көрсеткішінен гөрі артық салмақ деңгейі тым жо­ғары екендігі туралы айтылды. Мамандар бала бойының өсуі бәсеңдеп, керісінше дене сал­мағы ауыр тартуы толымды­ та­мақтанбаудан деп біледі. Айма­қ­тағы балалардың 10 пайызының бойы жасына лайық емес, аласа.

Симпозиумда баланың бойы өспей, керісінше дене сал­ма­ғы­ның артуы оны қатерлі ауруға шалдықтыратыны айтылды. «Қа­зіргі замандағы балалар та­ғамы сапа тұрғысынан да, кө­лемі жағынан да жас ұрпақты қа­нағаттандырмайды» дейді мамандар.

Иә, бүгінгі азық-түлік өнімде­рі­нің сапасы осыдан 20-30 жыл бұрынғымен салыстырғанда төмен. Тағамдар қандай дәру­мен­дермен байытылса да тұ­ты­нушыны бұрынғыдай қа­на­ғаттандырмайтыны айтылып жүр. Тіпті нанның дәмі де өз­ге­ріске ұшыраған. Өнімдер қоректілігі тұрғысынан таби­ғи­лықтан алыстап барады. Көп мөлшерде тамақтанса да жар­тылай аштықты сезіну, ас құнар­лығына қанағаттанбау алдымен азық-түлік құрамындағы эле­менттермен байланысты, әрине.

Орталық Азияның басқа ел­дерін айтпай-ақ, Қазақстандағы азық-түлік туралы айтсақ, көте­рі­летін мәселе көп. Өнімдер өскен, өндірілген орыннан бас­тап, тұтынушыға жеткенше бірнеше технологиялық өңдеу­ден өтеді. Осы өңдеу барысын­да тағам өзінің азықтық сапасын жоғалтатыны айтпаса да түсінікті. Денсаулыққа пайдалы өнімдер табиғи сапасын жо­ғалтпай тұтынушыға жетсе дейміз. Бірақ дүкенде самсап тұрған, өндіруші «сапалы өнім» деп ұсынатын сүт, дәнді дақыл, жал­пы кез келген азық-түлік түрі бұрынғы құндылығынан айырылған.

Бүгінде мысалы, дүкен сөре­леріндегі сүт өнімдерінің арасында бала денсаулығына зиянды тиер тауарлар аз емес. Неше түрлі микроорганизмдермен, дәрумендермен байытылған азық-түлік түрлерін көргенде «расымен табиғи ма?» деген сұ­рақ келеді көкейге. Тәтті жемейтін бала жоқ. Ал сол тәт­тілердің сыртындағы қағаз орауына қарасаңыз, ағзаға зиянды бояғыш заттар, қатерлі дерт ша­қырар қоспалары бар екенін көресіз. Дүниежүзілік азық-түлік жүйесінде тағамға қосылатын химиялық қоспаларға шектеу болғанмен, аз мөлшерде салынған қоспаның бала денсаулығына көп зиян тигізерін ешкім ойламайды.

ЮНИСЕФ өкілдері тағам сапасы мәселесіне келгенде ден­саулық, ауылшаруашылық, бі­лім, әлеуметтік қамсыздандыру тә­різді үкіметтік құзырлы орган­дар бірлесе әрекет етуі керек екенін айтуда.

Қазіргі заманда жас аналардың көбісі бұрынғы кезеңдегі әйелдер сияқты асты қолдан әзірлемей, сәбилердің қарнын дүкендегі дайын тағаммен тойдыруға әуес. Дайын бөтелке, құтылардағы балалар тағамдары қанша жерден табиғи болса да көбісінің құрамында зиянды химиялық заттар болатыны белгілі. Жүз пайыз табиғи өнім ұзақ сақталмайтыны белгілі. Өндірушілер тауар ұзақ­ сақталу үшін оның табиғи құ­рамына өзгеріс енгізеді. Мә­се­лен, балдырғандарға анасы өз қолымен пісірілген ботқадан гөрі дүкендегі дайынын алуға әуес. Кейбір сондай ботқа қос­пасының құрамында микотоксин барын ғалымдар айтып жүр. Микотоксиннің аз мөлшерде болуының өзі баланың бүйрек-бауырына ғана емес, жүйке жүйесіне де зиянды.

Дүкендегі сыртында «та­би­ғи» деген жазуы бар шырындар мен жеміс езбелері де бала денсаулығына аса пай­далы емес. Өйткені бұл өнім­дер құтыға құйылмастан бұрын бірнеше қайтара өңдеу, қай­нату процестерінен өтеді. Ал ұзақ қайнатылған жеміс – көк­өністер құрамындағы пайдалы элементтерді жоғалтатыны белгілі. Жалпы сәбилерге ар­налған тағамдардың қай түрі болсын, үздіксіз қолдана берсе, бала ағзасында ауытқулар болуы әбден мүмкін. Мысалы, 2004 жылы Ресей сарапшылары Батыс елдерінен келетін балалар тағамдары құрамынан генетикалық түрлендірілген ағ­залардың көп мөлшерін анық­таған. Ғалымдар тағамдарда ге­нетикалық түрлендірілген ағ­за­лардың көбейіп кетуі адамзат тұқымын алдағы 100 жылда ұрпақсыз қалдыруы мүмкін деп дабыл қағуда.

Қазақстанда 6-9 жас аралы­ғындағы балалардың 20 пайызы артық салмақтан зардап шегуде. Мектеп оқушыларының тең жартысы күн сайын тәтті, жасанды сусындарды ішеді. Қазіргі балалардың үштен екісі жасанды тағамға тәуелді. Көбі табиғи сүт, дәнді дақылдарды қаламайды, өйткені ағзасы жасанды тағамға үйреніп кеткен.

Дүниежүзі бойынша жаңа туған сәбилердің 20 пайызы жасанды тағаммен ауызданады екен. Ал нәрестелердің 70 пайызы үш айдан бастап жасанды тағамға көшетіні анықталған. Ғалымдар құрамы қалай байытылса да ана сүтіне ештеңе жетпейді деген ұстанымда. Анасы өзі қолдан әзірлеген жеміс сығындылары мен ботқаны ешқандай зауыт өнімі алмастыра алмайды. Жас аналардың көбі жасанды тағамдарды қазан ұстауға уақыты тапшы болған соң алатынын айтып ақталғанымен, бала денсаулығы үшін бұл қатерлі екенін ескере бермейді.

 Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА