Қазіргі таңда өмір сүру салтымызға тікелей байланысты дерттің қатарында асқазан мен ішектің қабынулары да бар. Бұл дертке шалдығуға генетикалық бейімділік қана емес, асығыс-үсігіс, жүре тамақтану, темекі шегу, антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау сынды себептер түрткі болып тұр.
Мамандар ойық жаралы колит және Крон ауруы кез келген жаста кездесе беретінін, қазір әлемде асқазан, ішек жолдары ауруларына тепсе темір үзетін жастағылар мен балалар да жиі шалдыға бастағанын алға тартып отыр. Мамандардың айтуынша, бүгінде ас қорыту жолдарының кеселі мүгедектік пен өлім-жітімге бастайтын аурулардың алғашқы бестігіне кіреді.
2019 жылдың 9 айындағы мәлімет бойынша Қазақстанда созылмалы С гепатиті бар 27,645 мың науқас, созылмалы В гепатиті бар 19,333 мың науқас (дельта-агенттерсіз) және созылмалы Д гепатиті бар 1,290 мың науқас (дельта-агентпен ХГВ) есепте тұр. 2018-2019 жылдары 13 405 науқас вирусқа қарсы терапия алған. Биыл С вирусты гепатитімен ауыратын 11 мың науқасқа және В гепатитімен ауыратын барлық мұқтаж науқастарға жаңа режімдермен вирусқа қарсы терапия өткізу жоспарлануда.
Осы мәселелерге орай Алматыда VI халықаралық «Орталық Азия гастроэнтерологиялық апта – 2019» конгресі (ОАГА) өтті. Конгреске қатысу үшін Алматы қаласына 500-ден астам делегат, соның ішінде алыс және жақын шетелдерден 75 лектор, гастроэнтерологтар, терапевтер, инфекционистер, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, педиатрлар, онкологтар, зертханалық және функционалдық диагностика саласының мамандары келді.
Конгреске қатысушылар асқазан-ішек жолы ауруларын анықтау мен оның алдын алу мәселелерін, ауру көрсеткішін төмендету жолдарын, АІЖ кеселін қатерлі ісікке жеткізбей емдеу, гастроэнтерология саласында зақымы аз хирургиялық көмек көрсету, соның ішінде бауыр трансплантациясы мәселелерін талқылады. Сондай-ақ аймақ клиникаларындағы озық емдеу тәсілдері мен оны енгізу туралы ақпараттармен бөлісті. Сондай-ақ гастроэнтерологиялық апта аясында вирусты гепатитпен күресу мәселесі де қоса талқыланды. Өйткені жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирусты гепатитпен күресу қажеттілігін түсіне отырып, 2016-2021 жылдарға вирустық гепатит жөнінде денсаулық сақтау секторының Жаһандық стратегиясын қабылдады.
Стратегия мақсаты – 2030 жылға қарай халық денсаулығына қауіп төндіретін ауыр дерт ретінде вирустық гепатитті жою. ДДСҰ стратегиясына орай, көптеген мемлекеттер өздерінің ұлттық жоспарларын қабылдады, бұдан еліміз де шет қалған жоқ.
– Ағымдағы жағдайды бағалай отырып, Жол картасында айтылған міндеттер белгіленген мерзімде шешіледі деген қорытынды жасауға болады. Таяу күндері ДДСҰ конференциясы өтті. Біз алғашқылардың қатарында 2017 жылы Жол картасын жасадық, соған сәйкес 18,588 мың науқасты емдеу жоспарланып отыр. Олардың 12 мыңы бүгінде вирусқа қарсы терапияны аяқтады, осылайша терапияның тиімділігі 99 пайыздан астамды құрайды. Бізді алда СВГ күресу бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр, – дейді Бауырды зерттеу жөніндегі Қазақ қауымдастығының төрағасы Александр Нерсесов.
– Әлемнің әр аймағында ішектің қабынуы ауруына шалдығу көрсеткіші әртүрлі. Қазіргі тіркелген жағдайларға қарап отырсақ, жыл өткен сайын бұл сырқатқа аз шалдығатын Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей елдерінде де өсім байқалады. Қазақстанда диспансерлік науқастардың электрондық тізіліміне сәйкес, 2018 жылы Крон ауруы бар 555 науқас және жара колиті бар 2218 науқас тіркелді. Алайда, бұл толық статистика емес. Өйткені науқастардың көпшілігі амбулаториялық кезеңде қарала бермейді. Сондықтан ІҚА жағдайында медициналық көмекке уақтылы жүгінбеудің салдары туралы науқастардың жеткілікті түрде хабардар болмауы мәселесін шешу қажет. Бұл өз кезегінде ақпараттық іс-шараларды тұрақты өткізуге, қолжетімді көмектің көлемі туралы ақпараттандыруды, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсартуға көмектеседі, – дейді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ гастроэнтерология кафедрасының доценті, Ішекті зерттеу жөніндегі Қазақ ғылыми қоғамының президенті Жамила Қайбуллаева.
Израильдегі Тель-Авив медициналық орталығының Гастроэнтерология және гепатология бөлімшесінің аға гастроэнтерологы Юлия Ронның айтуынша, 2005 жылдан бері әлемде ІҚА емдеу үшін биологиялық терапияны кеңінен қолданады. Соның нәтижесінде оперативтік араласулар санын айтарлықтай төмендетуге қол жеткізілді, бұл пациенттердің өмір сүру сапасына оң әсер етті.
Біздің мамандар Қазақстанда биологиялық терапия 2010 жылы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты базасында басталғанын алға тартты. Ал 2013 жылдан бері биологиялық терапияны қоса алғанда, ішектің қабыну аурулары бар науқастардың емін мемлекет өтейді. Жақында ғана терапияның тері асты тәсілін амбулаториялық қамтамасыз етуге көшуге шешім қабылданған.
– Бүгінде қазақстандық дәрігерлер арсеналында бірнеше биологиялық препараттар бар, олардың әрқайсысы өзінің ерекшелігі бар және қандай да бір құралды таңдау бойынша ұсыныстар нақты жағдайға байланысты. Әлемдік фармацевтикалық индустрия ІҚА биологиялық терапиясына арналған жаңа, неғұрлым тиімді препараттарды үнемі әзірлейді. Ал мамандандырылған зерттеулер дәрігер-практиктерге дәрілердің дұрыс таңдауын және емдеу стратегиясын анықтауға көмектеседі, – дейді Нұр-Сұлтан №1 қалалық ауруханасының колопроктология және хирургиялық инфекция орталығының хирург-колопроктологы Асылтай Наурызбаева.
Сонымен Қазақстанда биологиялық препараттардың қолжетімділігінің жағдайы қандай деген сауалға мамандар төмендегідей жауап берді.
– Тұтастай алғанда, ІҚА-ға шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі жыл сайын кеңейіп келеді. Әділін айтқанда, Қазақстан посткеңестік кеңістікте бұл емді толық жүргізіп отырған бірден-бір ел екенін мойындау керек. Біздің дәрігерлеріміздің терапевтік арсеналында 2013 жылдағыдай бір ғана емес, 6 биологиялық препарат бар және олардың әрқайсысында ІҚА терапиясында өзіндік орны бар. Уақытпен тексерілген «ескі» молекулалардың тиімділігі және жаңа препараттардың бірегейлігі дәрігерлерімізге осындай қауіпті ауруларды бақылауды қамтамасыз етуге және ІҚА бар науқастардың өмір сүру сапасын арттыруға көмектесіп отыр, – дейді Жамила Қайбуллаева.
Қысқасы, 2013 жылдан бастап, биологиялық терапияны қоса алғанда, ІҚА-ға шалдыққан науқастардың емін мемлекет төлейді және қазіргі уақытта іс жүзінде барлық өңірлерде науқастардың осы санатына көмек көрсету үшін жағдайдың бәрі жасалған. Десе де бірқатар мәселелер шешілмеген, әлі өзекті күйінде қалып отыр.
– Біздің науқастарға көмек көрсету мәселелерінде хирургиялық қызметті дамыту – әлі де егжей-тегжейлі пысықтауды талап етеді. Өйткені, консервативті терапиядан басқа, науқастарға хирургиялық көмек те қажет. Мүгедектікке шалдықтырмай, дер кезінде жасалып, өмірді құтқаратын ота – ОЖК және КА бар науқастарды емдеу стандарты болып саналады. Сондықтан біздің мақсатымыз – жұмысымыздың тиімділігі мен нәтижелерін көрсету, әрбір өңірде ІҚА орталықтарын құруға ықпал ету, – дейді хирург-колопроктолог Асылтай Наурызбаева.
Бірнеше жыл бойы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қазақстанның әр аймағында кәсіби команда сабақтастығы мен пәнаралық өзара іс-қимылы негізінде ІҚА-мен ауыратын науқастарға көмек көрсету бөлігінде қызметті оңтайландыру үшін нормативтік-құқықтық негіздері пысықталған. Ендігі жерде ІҚА менеджментіне тартылған барлық мамандар гастроэнтеролог, Хирург-колопроктолог, педиатр (мүмкін психолог, эндоскопист, сәулелі диагностика маманы, морфолог және тағы басқалары) командасына бірігуі қажет.
АЛМАТЫ