«Астана» ХҚО халықаралық инвесторлар апталығы аясында Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп қаржы форумын өткізді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысқан форумға шаһардың іскер топтары жиналды.
Бүгінде 26 елдің 250-ден астам компаниясы АХҚО қызметін пайдаланады. Қ.Келімбетов олардың арасында әртүрлі ірі компаниялар, әлемдік коммерциялық банктер бар екенін айтты. Орталық 10 жыл ішінде компаниялар санын мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Қ.Келімбетовтің айтуынша, Қазақстан инвестицияларды өте жақсы қабылдады, дегенмен келесі деңгейге көтеріліп, екі есе тартымды болу үшін көп жұмыс істеу керек.
«Халықаралық қаржы орталығы аясында, инвесторлар талабына жауап беретін платформаның бірнеше деңгейі бар. Біріншіден, бұл құқықтық алаң. ТМД елдері арасында біз жеке құқық қағидаттары мен нормаларына негізделген жеке коммерциялық, келісімшарттық заңды қолданатын жалғыз елміз. Екінші бағыт – реттегіш. Біз өзіміздің реттеуішімізді құрдық. Бұл қаржы институттарын тіркеуге және қаржылық лицензия беруге мүмкіндік береді. Құқықтық ортадан кейін біз ұсынатын өте маңызды деңгей – қаржылық платформа. Сіздер америкалық компаниямен бірлескен жаңа биржаның құрылғанын білесіздер. Біз әлемдегі екінші биржамыз, өз технологиямызды белсенді түрде таратудамыз. Бұл маңызды қадам болды. Өйткені, капитал нарығын қайта бастау үшін орталыққа банктік несиелендіру ғана емес, капитал нарығында қаржыландырудың жаңа құралы да қажет», деді Қ.Келімбетов. Сонымен қатар ол түрлі инвестициялық қорларға лицензия берілетіндігін атап өтті. Жуырда қазақстандық жеке инвестициялар қоры құрылды. Бүгінгі таңда жарғылық капиталда 70 миллиард теңге бар.
«Біз платформамыздың бірнеше деңгейін біріктіргіміз келеді. Қаржылық, заңдық, технологиялық бөлім бізге алға жылжуға мүмкіндік береді», деді АХҚО басқарушысы.
Б.Сағынтаев өзінің құттықтау сөзінде Алматыда Қазақстанның салық төлейтін ірі компанияларының үштен бірі, 30-дан астам трансұлттық компания, банктердің бас кеңселерінің 86%-ы, біріккен кәсіпорындар мен ірі халықаралық ұйымдардың 43%-ы орналасқанын атап өтті. Алматы – 36 миллиард доллар экономикасы бар Орталық Азияның ең дамыған мегаполисі.
«Біз алдымызға жаһандық қала болу, өмір сүру сапасы әрі экономикалық мүмкіндіктері жағынан үздік 100 мегаполис қатарына ену сынды ұзақ мерзімді міндет қойып отырмыз. Алматы халқының саны қала маңындағы тұрғындарды қоса есептегенде қазірдің өзінде үш миллионға жақындап қалды, ал 2030 жылға қарай бес миллионға жетуі мүмкін», деді Б.Сағынтаев.
Әкім шет аймақтарды қала стандарттарына сай дамыту жөніндегі «Жаңа Алматы» үш жылдық жоспарын жүзеге асыру үшін 800 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысы мен жеке инвестиция қажет екенін, сол арқылы шаһардағы бастамалардың орындалуын және алматылықтардың тұрмыс жағдайын жасқартуды қамтамасыз ететін салық түсімін арттыруға болатынын айтты.
Алматы әкімдігі «Астана» ХҚО-да тіркелген инвестициялық қормен ынтымақтастықты қалыптастыруды жоспарлауда. Б.Сағынтаев Үкіметпен бірге бизнес жүргізуде әкімшілік кедергілерді азайту, тіркеу ресімдерін жеңілдету үшін шаралар пакетінің қолға алынғанын атап өтті.
«Алматының Индустриялық аймағында мемлекеттік бюджет есебінен бірегей инфрақұрылым қалыптасты, сонымен қатар «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА-да салық төлеу және басқалары бойынша жеңілдіктер қарастырылған», деді қала әкімі.
Айта кетерлігі, мегаполисте бизнесті қолдаудың бірқатар консалтингтік және қаржылық шаралары жүзеге асуда. Мысалы, Qoldaý кәсіпкерлікті қолдау орталығы бизнеске бір терезе қағидасы бойынша мемлекеттік қызметтер мен тегін консалтингтік қызметтер көрсетеді. «Almaty Finance» компаниясы мен «Almaty» микроқаржы ұйымы шағын және орта бизнесті қолдау үшін 2%-дан 7%-ға дейін жеңілдетілген несие береді.
«Жалпы біз келер жылдан бастап шағын және орта бизнесті қаржылық қолдау көлемін үш есе ұлғайтуды жоспарлаудамыз. Биыл бұл көрсеткіш 11,5 миллиард теңгеге, келер жылы 30 млрд теңгеге жетуге тиіс. Одан әрі шешім қабылдау үшін сараптама базасына сүйене отырып, оның ішінде әкімдіктің ситуациялық орталығы мен Big Data негізінде қолдау шараларына түзету енгізетін боламыз», деп атап өтті мегаполис басшысы.
Б.Сағынтаев әлеуетті инвесторлар үшін тауарларды өңдеу және қайта өңдеу, көлік-логистика қызметі, туризм салаларының перспективалы бағыттар екенін жеткізді. Осы өміршең салаларда жаңа өндіріс ашуға зор ықпал ететін креативті экономикаға ерекше назар аударған жөн.
Қазақстандық қаржы форумы – тұтынушылар құқын қорғау, АХҚО-ның бизнесті дамытуға беретін мүмкіндіктерін талқылайтын алаң. Форумның мақсаты – АХҚО-да жүргізілетін инвестиция тартудың негіздері және бизнес жүргізудің шарттары туралы хабардар ету, сонымен қатар қаржы қызметін тұтынушыларды қорғау.
Алқалы жиында АХҚО сарапшылары спикер ретінде қаржы қызметін, қаржы технологиясын, «жасыл» облигация мен ислам облигациясын шығаруды реттеу, бағалы қағаздар нарығын инвестициялау, сонымен қатар үздіксіз кәсіби даму туралы жан-жақты мағлұмат берді. Бұл форум спикерлердің әдеттегі монологы форматында емес, залдағы қатысушылармен арадағы қызу пікірталас сипатында болды. Барлық қатысушыларға мәселені шешу жолдары туралы тәжірибе, ақпарат және жаңа деректермен алмасу мүмкіндігі берілді.
АЛМАТЫ