Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болуы керек» деген сөзі ел ішіндегі іскерліктің ілгерілеуіне серпін бергендей. Мұның бір дәлелін өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуынан байқауға болады. Мысалы, Алматы облысында ішкі өндірісі жолға қойылған, ауыл шаруашылығы кешеніндегі шикізаттан бастап, дайын өнім экспорттауға дейін қол жеткізген аудандар қалыптасты. Соның бірі – Қарасай ауданы.
Өндіріс – экономика өзегі
Бүгінде Қарасай батыр есімін ұлықтап отырған аудан Жетісу өңіріндегі дәулетіне сәулеті жарасқан аймақ қана емес, Алматы сияқты алып мегаполистің арқа сүйеуші нысанына айналды. Бұл жерде күніне 3 млн адамға дейін қызмет көрсететін қала экономикасын шикізатпен қамтудағы Қарасай ауданының маңызы зор екенін айтқымыз келген. Яғни, іргедегі аудан ірі мегаполистің тірек күші сияқты міндет атқарып отыр. Екінші жағынан, бұл – аймақтағы барлық саланың дамуына мүмкіндік беретін қозғаушы күш. Жыл басынан бері Қарасай ауданында 13,2 мың тонна ет, 50,4 мың тонна сүт, 191 млн дана жұмыртқа өндіріліпті. Демек, аудандағы агроөнеркәсіп кешенінің өнім өндіру мен өңдеу бағыты да тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғаны анық.
Бұл өз кезегінде Қарасай ауданының экономикалық көрсеткіштер жағынан облыстағы жетекші орынға шығып, жыл өткен сайын халықтың тұрмыс-ахуалы арта түсуіне жол ашып отыр. Салыстыру үшін айталық, 2017 жылы аудан бюджетіне 32 млрд теңге таза пайда түскен болса, былтыр бұл көрсеткіш 49 млрд теңге көлеміне жеткен. Биылғы бюджет кірісінің межесі 55 млрд теңге шамасында болжанып отыр. Бұл – өндірістің өркен жайғандығының көрінісі. Әсіресе, өнеркәсіп өндірісінің дамуы өңірді басқа аудандармен салыстырғанда алдыңғы қатардан көрінуге жол ашты. Өткен жылы өндірістен түскен табыс көлемі 195,0 млрд теңгені құрап, облыстағы өнеркәсіп саласының 33 пайызын құрады. Бұл аудандағы жүйе құраушы 7 кәсіпорын мен 18 ірілі-уақты кәсіпорындардың жұмыс нәтижесі. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнімнің қаржылай құны 25 млрд теңге болып, облыста өндірілген өнімнің 7,5 пайызын құрады.
Қарасай ауданында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 14 400 нысан тіркелген. 2526 шағын кәсіпорын, 9918 жеке кәсіпкер, 1956 ауыл шаруашылығы құрылымдары ауданның экономикалық өркендеуіне өз үлесін қосуда. 67 мыңға жуық адам еңбек ететін, осы шағын кәсіпкерлік саласы бюджет қоржынына 11,5 млрд теңге қаржы құйып келеді.
Ал жүйе құраушы ірі өнеркәсіп орындары туралы ұзақ айтуға болады. Аудандағы Елтай ауылдық округі аумағына қоныс тепкен «Эфес Казахстан» сыра зауыты, «Кока-Кола Алматы Ботлерз», «Азия Газ NG», «Эйкос», «Пласт-Инжиринг», «Алматы Стекло», «Cristal Pure Glass», «Q-Recycling», «Жаркент Газ Сервис», «RG BRANDS», «SUNAGRO», «Unimaster Agro», «ECOFILDS», «ECOFILDS», «ECOCULTUR», «Ал-матинский продукт», «AURORA AGRO», «Terra Nova», Полимерлі технологиялық жүйелер», «Алматы тері өңдеу зауыты», «Kaz Eco Food», «Holland Green Tech», «Clever Medical», «Kelun-Kazpharm», «Қарасай машина жасау зауыты», «ОУСА Альянс» сияқты ЖШС-лар Қарасай ауданының ғана емес, облыс, қала берді еліміздің экономикасына жұмыс жасап отыр.
Қарасай ауданындағы сыртқы нарықты игерген кәсіпорынның бірі – «Алматы өнімдері» атты кондитерлік фабрика. Бүгінде тұтыну нарығында «A Product» брендімен танымал болған кәсіпорынның өнімі жоғары сұранысқа ие. Көршілес Ресей, Қытай мен алыс шетелдерге де тәтті-дәмді кондитерлік өнім түрлерін жөнелтіп отырған кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 13 мың тонна дайын өнім шығаруға есептелген. Өнімдері Орталық Азия елдеріне, Ресейдің 13 қаласына және Германия мен Беларуське эспортталады. Астын сызып айтайық: кәсіпорын 500 адамды жұмыспен қамтып отыр. Және жұмысшылар мен қызметкерлердің барлығы дерлік Қарасай ауданының тұрғындары. Сұранысқа ие мамандарды кәсіпорын қаржысына оқытып, қайта даярлап алады. Адам капиталына деген құрметтің бір түрі бұл да. Қазір фабрика кеңейіп, жаңғырту бағдарламасы негізінде қосымша цехтарды іске қосудың қамында. Бұйырса, тағы да жұмыс күші қажет болатыны анық. Демек, ауданның еңбек нарығында сұраныс артады. Әрі осы «A Product» конфет пен печеньеге қажетті ұн мен қантты, басқа да шикізатты облыс аумағынан тасымалдайды. Айтпақшы, бұл шетелге өнім жөнелтетін Қарасай ауданындағы жалғыз өндіріс орны емес. Дәл осы «A Product» зауытының іргесінде «Алматы-Стекло» ЖШС зауыты да жұмыс істеп тұр. Соңғы үлгідегі цифрлы технологиямен жұмыс істейтін зауыт түрлі пішіндегі шыны ыдыстар мен құтыларды құйып шығарады. Өндірістің мүмкіндігі жылына 120 миллион данаға дейін тапсырыс орындауға жетеді. Мұнда да бес жүзге жуық адам жұмыс істейді.
Бұл үрдістің жүлгесі үзілген емес. Жақында жылына 1200 тонна дайын өнім өңдейтін, 81 жұмыс орнына арналған «Қалқан – 7» металл өңдеу зауыты мен профнастил, металл жабынды өнімдерін өндіретін «Болашақ ҚазМеталл» кәсіпорны іске қосылды. Сол сияқты, Қаскелең қаласында 900 адамға жұмыс беріп отырған «Хамле» фабрикасы, 700 жұмысшы еңбек ететін «Алматы қағазы» кәсіпорны бүгіндері өз өнімдерін елімізбен қатар алыс-жақын шетелдерге шығара бастады. Демек, ауданға таяу болашақта инвесторлардың ағылатыны сөзсіз. Ал қазірде аудандағы инвестиция тарту бағыты бойынша негізгі капиталға 57,2 млрд теңге құйылып, облыс бойынша инвестициялық портфель көрсеткіші 18,7 пайызға жетті.
Рухани жаңғырған өлке
...Алматыдан жоғары трасса арқылы шығып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ауылын бетке алған бізден жолай тоқтап тұрған ресейлік нөмірлі көліктің иесі жөн сұрады. Жігіт ағасы Мәскеу облысынан екен. Отбасымен бірге саяхаттап, Қазақстанның шығысы мен оңтүстігін аралап өтуді мақсат етіпті. Бізден осы маңдағы «Атамекен» мәдени кешеніне апаратын жолды нұсқап жіберуді өтінді. Біздің де бағытымыз Шамалған ауылы еді, ізімізден ерді. Орыс азаматы іздеген ол кешен Қарасай ауданындағы рухани ағарту орталығы ғана емес, тарихи-мәдени саяхат орнына айналған мекендер қатарына еніп отыр. Айтпақшы, біз Шамалған ауылындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы жайлы бұған дейін қалам тербегенбіз. Бұл жолы да аз-кем айналып соғуды мақсат етіп отырмыз. Өйткені қазіргі қарыштап дамыған Қарасай ауданының даңқын асырып, мәдени маңызын арттырып отырған осындай орталықтар. Оның үстіне орталықтың осы ауылда салынуында үлкен мән бар. Шамалған – Елбасының кіндік қаны тамған ауыл. Әлем назарындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Үшқоңыр тауының етегіндегі осы бір етек-жеңі жинақы елді мекеннен түлеп ұшқан еді. Ауылда тұғыры биік тұлғаның тағылымды өмір жолын өскелең ұрпаққа паш ететін тарихи-өлкетану мұражайы 1998 жылдан бері келушілерге қызмет етіп келген. Бүгінде «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы шамалғандықтар ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы болатындай рухани кешенге айналды. Елбасының өмір жолы мен қызметінен тағылымды сыр шертетін кітаптар мен экспонаттарды осы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан тамашалауға болады. Құнды жәдігерлерді жинақтауға Шамалғандағы тарихи өлкетану мұражайы, орта мектептің ұжымы жұмылса, Елбасының жазба еңбектері мен танымдық фотосуреттері, әр жылдарда жарық көрген кітаптары Елбасы кітапханасы мен Ұлттық кітапхана мұрағатынан алынған. Ал орталықтағы келушілерді қызықтыратын экспонаттың бірі – Елбасы мінген үкіметтік автокөлік екен. Бізден жол сұраған шетелдік саяхатшыны қызықтырған осы жәдігер екен.
Жалпы, рухани жаңғырған өлкедегі адам аяғы үзілмейтін тағы бір орталық – «Батыр бабалар» мемориалды кешені. Қарасай ауданында көрнекті орынға жалпы көлемі 465 миллион теңге шамасында қаржы құйылған екен. Қазақ тарихының қалың қатпарынан сыр шертетін шежірелік суреттермен әрленген бұл кешен бабалардың ерлік жолына қойылған ескерткіш сияқты. Киіз үй бейнелі мемориалды кешеннің іші-сырты ақ мәрмәр таспен қапталған. Көкке ұмтылған биік стелла болаттан құйылып, сүйірлене біткен күмбезді шатырға үйлесіп тұр. Мұндағы ежелгі сақ заманына арналған экспозицияның өзі бір әлем. Ұзындығы 15, ені 3 метр болатын Тұмар ханшайымның заманын бейнелейтін, сол кезеңдегі ұрыс даласына жетелейтін панораманың жөні және бөлек. Алтын адам дәуірінен жеткен жәдігерлер, тұтас дала өркениетінің бөлшегіндей көрінетін қолөнер мен ұста қолынан шыққан бұйымдар да ежелгі дүниеге шақыратындай. Ал нысан қабырғасында мемлекет шежіресі жылдар легімен өріліп, Қазақ хандығының құрылуы мен бүгінгі Тәуелсіз еліміздің арасындағы ғасырларға созылған соқтықпалы-соқпақсыз тарихтың әр сәті көркем суреттермен безендіріліпті. Мемориалды кешенді аралауға Алматы маңындағы аудандардың мектеп оқушылары ынта танытып, жиі келеді екен. Тіпті тарих сабағын осында келіп өткізетін тәжірибе қалыптасыпты. Сананың түлеуі, рухтың жаңғыруы үшін бұл да бір ізгі қадам. Осы үдеден шығып, туған жерге тағзым етіп отырған қарасайлықтарға құба-құп дейсің.
Айтпақшы, туған жерге тағзым дегеннен шығады, жақында аудандағы Шамалған кентінде жаңадан дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылғанынан жұрт құлағдар болуы керек. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ауылына деген перзенттік тартуының бір көрінісі. «Үшқоңыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағы 7300 шаршы метрді алып жатыр. Нысан 6 блоктан тұрады. Волейбол, баскетбол, гандбол және минифутболға арналған әмбебап залда жарыс тамашалау үшін 300 орындық жеке трибуна және бар. Шығыс жекпе-жегі, бокс, күрес сияқты спорт түрлеріне арналған жаттығу залына жапсарлас 160 адамдық көрермен залы бөлек салынған. Жүзу бассейніне де сұраныс көп екен. Бұл кешен бір мезгілде 300 адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.
Әкіммен аз-кем әңгіме
Жандарбек Далабаевтың Қарасай ауданына басшылық еткеніне бір жылдан енді асты. Еңбек жолын ауылдағы мектептің мұғалімі болып бастаған әкім қазір аймақтағы тәжірибелі мемлекеттік қызметшілердің қатарында. Әкім ауданның жағдайын былай әңгімеледі. 1929 жылдың отыз бірінші қаңтары күні Алатаудың етегінде шашырай қоныстанған ауылдардың басы біріктіріліп, Ленин атындағы жаңа аудан құрылған екен. Кейіннен тағы бір партия көсемі Калининнің есімін иеленіп, келе-келе Қаскелең ауданы болып өзгерген өңірде тіршілік қазанының қайнағанына 90 жыл уақыт болды. Қазір аудан аумағында 1 қала, 10 ауылдық округ бар. Мұндағы 47 елді мекенде 272 400 адам тіршілік кешуде. Аудандағы 54 орта мектепте 57 мың 388 оқушы білім алуда. Ішкі миграция мен демографиялық өсімге байланысты балалардың саны да артып келеді. Бұл өз кезегінде оқушылар санын көбейтіп, үш ауысымды мектептердің пайда болуына ықпал етуде. Бүгінде ауданда 11 үш ауысымды мектеп жұмыс жасайды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл Керімбеков және Мәметова атындағы орта мектепке 300 орынды, Абай ауылындағы орта мектепке 600 орынды жапсаржай салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар екі мектептің жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қалған 4 мектептің мәселесі де таяу жылдары шешілмек. Бұл жерде осындай әлеуметтік құрылыстарға жер дайындау күрделі мәселе екенін айта кеткен орынды. Себебі елді мекендер бір-біріне өте жақын орналасқан, жердің барлығы жекеменшіктің үлесіне өтіп кеткен ауданда мектепке арналған жерді айқындау қиынға соғады. 20 мың тұрғынға арналған «Асыл арман» тұрғын үй кешенін жобалау кезінде мектеп пен балабақша және аурухана нысандарын назардан тыс қалдырудың нәтижесінде бүгіндері 1,5 мың баланы тасымалдап оқытуға мәжбүр болуда. Алайда бұл жерде мектеп құрылысына қажетті жер дайындалып, бүгіндері мердігерлері анықталуда. Ауданда денсаулық сақтау саласы бойынша 1 аудандық, 2 ауылдық аурухана, 8 медициналық бөлімше, жұқпалы аурулар ауруханасы және жекеменшік денсаулық сақтау мекемелері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл саланы алдағы уақыттары дамытуға ауқымды шаралар жоспарланған. Сол сияқты, Мәдениет саласы, автокөлік жолдары, құрылыс саласы бойынша айта қаларлық игілікті істер бар. Қарасай ауданындағы өзекті мәселенің бірі – елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету болып келгені белгілі. Осы орайда Қаскелең және Казачка өзендерінен су алатын жалпы сметалық құны 9,4 млрд теңгелік «Қаскелең су топтамасы» жобасының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. «23+1» деп аталатын бұл ірі жоба жүзеге асырылғаннан кейін Қаскелең қаласы мен Қырғауылды, Жаңатұрмыс, Абай, Долан, Шамалған, Жандосов және 1-Май ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың бәрінде ауыз су мәселесі толығымен шешімін табады.
Алматы облысы