Бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары үшін өткізген брифингте облыстық әмбебеп кітапхана директоры Дариға Дүйсебаева мәлім етті.
2016 жылдың қаңтарында облыс аудандарында, ауылдарда 406 кітапхана болса, бүгін олардан 255 кітапхана ғана қалды. Оның басты себебі ішкі-сыртқы көші-қонның тоқтамауы екені белгілі. Көптеген ауылдарда аз ғана түтін қалғандықтан, ол жерде кітапхана ұстау жергілікті бюджетке тиімсіз. Амалсыздан алдыңғылардың бірі болып кітапхана жабылады.
«Біз бұл үдеріске ештеңе істей алмай отырмыз. Ауылда қанша адам қалса да, кітапхана олардың баратын орны. Мерзімді баспасөздерді алып оқиды, кітап алады дегендей, бас қосатын орын да кітапхана, өйткені түрлі шаралар өткізді. Ауыл, аудан әкімдеріне осылай түсіндіріп айтамыз, бірақ нәтиже оншалықты жоқ» деді Дариға Дүйсебаева.
Сонымен қатар ол Л.Толстой атындағы орталық әмбебап кітапхана жағдайын да айтты. Ол 40 жылдан бері жөндеу жұмысын көрмеген, қыста суық, жазда тым ыстық. «Үмітімізді үзбейміз, алдағы жылдары жөнделетін болуы тиіс» деді ол.