28 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында волейболдан ерлер арасындағы Қазақстан Республикасы 27-ші Кубогы өтті, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Атырау» клубы тартысты ойында екінші орын иеленді. Волейболшыларымыз жарыстың ширек финалында петропавлдық «Есіл СК» командасын 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалда дәл сол есеппен «Ұшқын-Көкшетау» командасын тізе бүктірді. Финалдық матчта атыраулықтар Алматы қаласының «Буревестник» командасынан 3:0 есебімен ұтылды. Ал Маңғыстау облысының «Маңғыстау» командасы үздік үштікті қорытындылады.
- Қазіргі таңда біздің команда алда өтетін «Суперкубок» ойынына қызу дайындалуда. Осы ойында Қазақстан кубогында көрсеткен нәтижеден асып түсуге ниеттіміз, - дейді «Атырау волейбол клубының» директоры Амандық Ғарифолла.
Айта кетейік, 17-21 қазан аралығында Талдықорған қаласында «Суперкубок» ойыны өтеді. Ойында Қазақстан кубогында үздік төрттік қатарынан көрінген «Буревестник», «Атырау», «Маңғыстау», «Ұшқын-Көкшетау» командалары өзара бәсекеге түсетін болады. «Суперкубок» иеленген команда 2020 жылдың сәуір айында өтетін волейболдан клубтық Азия чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайды.