• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қазан, 2019

Қостанайда халықаралық кітапханашылар конференциясы өтіп жатыр

446 рет
көрсетілді

Қостанайда  «Ұлы даланың жеті қыры: қазақстандық қоғамның рухани  дамуындағы кітапханалардың ролі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады. Оған Қазақстанның облыстарымен қатар Ресейдің Қостанаймен көрші Челябі, Қорған, Свердлов облыстарынан да кітапхана мамандары қатысуда.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов бұл шараның Қостанай жерінде кітапхананың жұмыс істей бастағанына 125 жыл толуы аясында ұйымдастырылғанын айтты.

Баяндама жасаған Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры Дариға Дүйсебаева осы саланың тарихына тоқталды. Білім ошақтарының өткені де қызықты, тағлымы мол.

«Соғыс жылдары елімізге Кеңес Одағының майдан жүріп жатқан өңірлерінен қоныс аударушылар келді. Тек Қостанайдың өзіне Ленинградтан, Москвадан, Киевтен, Симферопольдан 3000-нан аса отбасы қоныс аударылды. Солардың есебінен кітапханалардың оқырмандар қатары көбейді. Қоныс аударушылардың арасында білімдар адамдар, білімді мамандар көп болатын. Солардың есебінен оқырмандар сапасы да жоғарылады» деді Дариға Төребайқызы. Бүгінде қазақстанның барлық аймағындағы секілді Қостанайдың аудандаы мен қалаларындағы кітапханалар кітап мен мерзімді басылымдарға бай, олар нағыз мәдениет ошағына айналған.

Қазақстан ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова бас кітапхананың қол жеткен жетістіктері мен жалпы еліміздегі кітапханалардың өзекті мәселелері туралы әңгімеледі. Кітапхананың 4 миллион оқырманы бар. Барлық жаңа техника және технологиялармен жабдықталған, әлем кітапханаларымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

«Кітапхананың бүгінгі басты өзекті мәселесі цифрландыру болып табылады. Осы кезге дейін 6 60 000-нан аса құжаттарды цифрландырдық. Оның тең жартысына жуығы қазақ тіліндегі құжаттар. Екіншіден мамандар дайындау да өткір тұр. Біз бұл жұмысты өз кітапханамызда ұйымдастырамыз» деді Бақытжан Қайырбекқызы.

Тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан журналистер академиясының президенті, Қазақстанның Тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер лдағының алты дүркін лауреаты Сағымбай Қозыбаев та конференция қонағы болды. Ол қатысушыларға рухани дүниеміз бен кітапхана байланысы туралы тағылымды әңгіме айтты.

Конференцияға қатысушылар мұнан кейін секцияларға бөлініп жұмыс істеді. Екі күнге жоспарланған конференция жұмысы ертең жалғасады.