• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 10 Қазан, 2019

Асқар Мамин Моңғолия Премьер-Министрімен келіссөздер жүргізді

201 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстанға ресми сапармен келген Моңғолия Премьер-Министрі Ухнаагийн Хурэлсухпен келіссөздер өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Тараптар сауда-экономикалық, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, тау-кен, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ аймақтық және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстан-Моңғол қатынастарының ілгерілемелі дамуының негізі қаланды. Президент Қ. Тоқаев сыртқы саясаттағы сабақтастықты ұстана отырып, Моңғолиямен ынтымақтастықты тиімді дамытуға баса мән береді», — деді А. Мамин.

Өз кезегінде У. Хурэлсух Қазақстанның Азиядағы және жалпы халықаралық аренадағы беделін атап өтті.

«Біз халықтарымыз бен мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және оны сапалы жаңа деңгейге шығаруға қызығушылық танытамыз», — деді ол.

Үкімет басшылары өзара тауар айналымын одан әрі арттырудың маңызды әлеуетін атап өтті, ол 2018 жылы $80 млн құрады. Тау-кен өнеркәсібіндегі, құрылыс, мал шаруашылығының дайын өнімін, кашемир, былғары шығару және қайта өңдеу, транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ, халықаралық автомобиль тасымалдары үшін қолайлы жағдай жасау туралы ШЫҰ келісімі аясында екі ел арасындағы қатынасты жандандыруды қоса алғанда, өзара іс-қимыл келешегіне ерекше көңіл бөлінді.

А. Мамин Қазақстан Республикасы мен Моңғолияның 2021-2024 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастығын белсендіру жөніндегі Жол картасының жобасын әзірлеуді ұсынды.

«Сауда-экономикалық ынтымақтастықты қос тараптан да арттыру арқылы екіжақты сауданың барлық әлеуетін ашу қажет. Қазақстандық тарап Моңғолия нарығына Қазақстаннан жеткізіле алатын 100 әлеуетті тауарды қамтыған тізімді әзірледі», — деді ҚР Премьер-Министрі.

А. Мамин Нұр-Сұлтанның Ұлан-Батырмен қарым-қатынасындағы маңызды байланыстырушы фактор Моңғолиядағы қазақ диаспорасы екенін атап айтты — 120 мыңнан астам қазақтың 90 мыңы Баян-Өлгей аймағында тұрады. Премьер-Министр тұрақты негізде бірлескен мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу, шығармашылық ұжымдармен және ғылыми мекемелермен алмасу қажеттігін айтты.

Үкімет басшысы алдағы екі жылда Қазақстанда Моңғолияның Мәдени күндерін және Моңғолияда осындай күндерді өткізуді, сондай-ақ, Өлгей қаласында Абай Мәдени орталығын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен келесі бірқатар құжатқа: 

Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы 1993 жылғы 22 қазандағы азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімшартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға; 

терроризмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге; 

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Моңғолияның Білім, мәдениет және ғылым министрлігі арасындағы білім беру, ғылыми дәрежелер мен атақтар туралы құжаттарды өзара мойындау туралы Келісімге; 

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Моңғолияның Білім, мәдениет және ғылым министрлігі арасындағы 2008 жылғы 6 тамыздағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға; 

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау комитеті мен Бас ветеринарлық басқарма – Моңғолия Үкіметінің Атқарушы агенттігі арасындағы ветеринарлық бақылау мен қадағалау саласындағы меморандумға;

Нұр-Сұлтан қаласы мен Ұлан-Батыр қаласының арасындағы бауырластық қатынастарды орнату туралы келісімге; 

Моңғолияның өсімдік шаруашылығы және егіншілік институты мен А. Бараев атындағы ғылыми-өндірістік астық шаруашылығы орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 

Моңғолия үкіметі басшысының Қазақстанға ресми сапары аясында екі елдің іскерлік топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Моңғолия бизнес-форумын өткізу, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Халықаралық жасыл технологиялар орталығына бару жоспарланған.