• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қазан, 2019

«Сарыарқа» газ құбыры елордаға жетті

1075 рет
көрсетілді

Құрылысы биылғы наурыз айында басталған «Сарыарқа» газ құбыры магистралды желісі елордаға да жетті. Қала іргесіндегі газ тарату стансасында құбырдың «алтын торабын» дәнекерлеу рәсімі болып өтті. Оған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Энергетика министрлігі мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Қазақстанның даму банкі» АҚ мен «Еуразиялық даму банкі» өкілдері қатысты.

Ауқымды жобаны қаржы­лан­­дыруға «Самұрық-Қа­зы­на» қоры белсене атсалысты. Құрылыс мердігері – «Қаз­Құры­лысСервис» МГҚК» АҚ, операторы – «Астана Газ ҚМГ».

Салтанатты рәсім барысында А.Есі­мов елордадан тартылған құбыр мен Жезқазған жақтан келген құбырды дәнекерлеу жұмысына дайындық барысымен танысты. Содан кейін бір-біріне беттесіп тұрған екі құбырды дәнекерлеуге нұсқау берді. Барлық құрал-жабдықтарын сайлап, тек қана нұсқау күтіп әзір тұрған екі дәнекерлеуші іске кірісіп кетті. Бұдан кейін А.Есімов пен А.Көлгінов, осы жобаны жүзеге асыруға қатыс­қан басқа да ұйымдар басшылары дәнекерленген құбырға ескерт­кіш қолтаңбаларын қалдырды.

А.Есімов құрылысқа оң баға беріп, елі­міздің солтүстік және орталық өңір­лерін табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету­­дің, жылу беру нысандарын көмір­ден газға көшірудің, сондай-ақ газ құбы­ры өтетін облыстардың экология­сын жақ­сартудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Тұң­ғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Бес әлеу­мет­тік бастамасы аясында салын­ған газ құбыры Орталық Қазақ­стан мен ел астанасын ортақ газ тасымалдау желі­сімен байланыстырды. Бұл бір жылдан аз уақыт ішінде салынған, тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба», деді А.Есімов.

Ол журналистерге берген шағын сұхбатында «Сарыарқа» құбыры арқылы жеткізілетін газдың тұтынушылар үшін ба­ға­сы­ әлі толық айқындал­ма­ғанын, тарифтің жан-жақты тиімді болуы­ қа­растырылатынын атап өтті.

Осы мәселеге қатысты беріл­ген мәліметтер бойынша, газ құбыры пайдалануға тапсы­рыл­ған­нан кейін «Интергаз Орталық Азия» АҚ-на жалға беріледі. Аталған компания газ тасымалдауды іске асырады. Бұл ретте­ газ тарифін қалыптастыру ке­зін­де «Интергаз Орталық Азия» АҚ-тың құбыр жолын пайдалану шығындары және жалдық төлемдері ескерілетін болады. Өз кезегінде тарифтерді бекіту Ұлттық экономика минис­тр­лі­гінің Табиғи монополияларды­ реттеу, бәсекелестікті және тұ­ты­нушылардың құқық­тарын қор­ғау комитетінің құзыретіне жатады. Ал ішкі нарықта тауар газының көтерме саудадағы шекті бағасын Энергетика ми­нис­трлігі бекітеді.

Елорда әкімі А.Көлгінов газ құбырын тартуға қатысты үл­кен жұмыстың атқарылғанын атап өтті. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті – газды қала ішінде тарату. Әкімдіктің ақ­параты бойынша елордада газ­ды бөліп тарату желілердің құ­рылысы үш кезеңге бөлінген. Жобаның бірінші кезегінде 9 іске қосу кешені қамтылады: Олар – бірінші, екінші іске қосу кешендері бойынша бірінші, екінші, үшінші ЖЭО-лардың су жылыту қазандықтарына газ беру; үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы іске қосу кешендері бойынша «Көктал-1, 2» тұрғын үй алқаптарына дейінгі газды бөліп тарату желілерін салып, іске қосу; жетінші, сегізін­ші, тоғызыншы іске қосу кешен­дері бойынша «Темір жол», «Оң­түстік-Шығыс» тұрғын үй алаптарына дейінгі газды бөліп тарату желілерін салып, іске қосу.

Жобаның екінші кезегінде 4 іске қосу кешені қамтылады: Олар – бірінші іске қосу кешені бойынша газды «Шығыс» бас­ты газды бөліп тарату пунктіне (БГТП) және «Оңтүстік-Шығыс» БГТП-ге беру; екінші іске қосу кешені бойынша газ «Шығыс» БГТП-дан Интернациональный, Мичурин, Күйгенжар тұрғын аудандарына және қазандықтарға беріледі; үшінші іске қосу кешені бойынша көгілдір отын «Оңтүстік-Шығыс» БГТП ауданынан «Тельман» шағын ауданына тартылады; төртінші іске қосу кешені бойынша­ газ «Оңтүстік» БГТП мен «При­городный» БГТП-дан При­го­родный, «Family Village», «Garden village» шағын аудандарына, Халықаралық әуе­жайдың және басқа да ны­сан­дардың қазандықтарына жіберіледі.

Жобаның үшінші кезе­гін­де 4 іске қосу кешені қам­ты­ла­ды: Олар – бірінші, екінші іске қосу кешендері бойынша газ «Көктал» БГТП-дан Ильин­ка шағын ауданы мен қазан­дықтарына беріледі; үшінші іске қосу кешені бойын­ша газ «Қараөткел» БГТП-дан­ «Шұбар» шағын ауданы мен­ қазандықтарға жіберіледі; Төр­тін­ші іске қосу кешені бойынша­ көгілдір отын «Өндіріс», «Кір­піш зауыты» шағын аудандарына, «ЖЭО-2» кентіне және қазандықтарға жіберіледі.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қала­сы­ның әкімдігі 9 іске қосу ке­шені қамтылатын бірінші кезек­тің жобалық-сметалық құжат­та­масына мемлекеттік сарап­та­маның оң қорытындысын алды.

Бірінші кезектің 1-6 іске қосу кешендері бойынша мердігерлік ұйым анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кетті. 7-9 іске қосу кешендері бойынша қазір конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Конкурс нәтижесі 2019 жылдың 15 қазанына қарай белгілі болады деп күтілуде. Жалпы, әкімдіктің ақпараты бойынша құрылыстың бірінші кезеңі 2020 жылдың соңында толық аяқталады.

Айта кету керек, 8 қазан күні ел астанасын дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорда­ әкімдігінің энергетикалық ин­фра­құрылымдарды газ құ­бы­рына қосуға дайындау жөніндегі сылбыр жұмысын сынға алып, осының салдарынан биылға деп бөлінген 2,7 млрд теңге игерілмей қалғанын айтқан еді. Президент ескертуінен кейін қалаға газ беру жұмыстары ширай түсуі тиіс.

Енді осынау айтулы жоба­­­ның қысқаша тарихына тоқ­тала кетейік. Тұңғыш Прези­дент Н.Ә.Назарбаев өзінің 2018 жылғы 5 наурыздағы Жол­дауын­да елі­міздің орталық және сол­түстік өңірлерін газдандыру үшін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салуды тапсырған еді. Жобаның бірінші кезеңінде Қызылорда – Жезқазған – Қа­рағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша газ құ­бырының желілік бөлігі салынды.

«Сарыарқа» газ құбырының жалпы ұзындығы – 1061,3 ша­қы­рым, құбырдың диаметрі – 820 мм. Қазір құбырдың же­лілік бөлігін салу жұмыстары аяқталды. Жобаның 1-ші кезеңін іске асыру жұмыстарын 2019 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Магистральды салуға 2 мың­нан астам адам атсалысты. Бар­лық құрылыс жұмыстары ең­бекті қорғау талаптарына сай жүр­гізілді. 8 айда бірде-бір өн­ді­ріс­тік жарақат тіркелген жоқ. Бүгінгі таңда кестеге сәйкес, Жез­қазған, Қарағанды, Теміртау мен­ Нұр-Сұлтан қалаларында газ­ өлшеу стансасы мен бес газ­ тарату стансасы салынып жатыр.

Дәнекерлеу жұмыстарында АҚШ-та жасалған CRC Evans кешені пайдаланылды. Заманауи технологиялық жабдықты қол­дану тәулігіне рекорд­тық 6-8 шақырым жыл­дам­­дықпен құбыр салуға мүм­кіндік берді. Бұдан басқа, құрылысқа 700 бірлік арнайы техника пайдаланылды. Осының барлығы біріге келе газ құбырының желілік бөлігін іске асыруды рекордты 8 айда (2019 жылғы наурыз-қазан) аяқтауға мүмкіндік берді. Ал әлемдік тәжірибеде осындай жобаларды іске асыру мерзімі орташа есеппен алғанда 36 айға созылады екен.

«Сарыарқа» газ құбырын салудың елдің орталық бөлі­гін­дегі өңірлердің халқы үшін әлеуметтік-экономикалық әсері зор. Біріншіден, шамамен екі миллиондай халықты табиғи газбен қамтамасыз етуге, жылыту объектілерін көмірден газға көшіруге, газ құбыры өте­­тін өңірлердің экологиясын жақ­сартуға мүмкіндік береді. Со­нымен қатар бірқатар облыс­та шағын және орта бизнестің дамуына игі әсері болады, жаңа жұмыс орындары ашыла­ды. «Сарыарқа» газ құбырының бойын­дағы өңірлердегі өн­дірісті да­мытуға, инвестиция тартуға жанама әсерін тигізетіні сөзсіз.

Газ құбыры 192 жеке жә­не 48 шағын коммуналдық қазандықты, 22 мың жекеменшік үй мен ЖЭО-1, 2-ні, ал бола­шақ­та салынып жатқан ЖЭО-3 су қа­зан­дықтарын газға көшіруге мүм­кіндік­ береді. Нәтижесінде, осы ша­ралар астананың эколо­гиялық жағ­дайын жақсартуы тиіс. Газ­дан­дыру нәтижесінде таскөмір тұтыну көлемі ел бойынша жылына 650 мың тоннаға төмендеуі тиіс. Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында атмосфераға тасталатын зиянды заттар жылына 35 мың тоннаға азаймақ.