• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қазан, 2019

Киелі жерлердің ақиқаты

233 рет
көрсетілді

Жастар жылы және «Рухани жаңғыру» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер мүшелері, ЖОО тарихшылары мен елордалық ҚХА жастары Ақмола облысының тарихи-өлкетану орындарына алғаш рет сапар жасады.

Сапар ежелгі Бозоқ қалашығы мен киелі жер – Құмай-Қарағайлы бағыты бойынша жасалды. Елордалық Достық үйі алаңынан жинақталып, жолға шыққан топ Нұр-Сұлтан қаласы аумағынан Бозоқты өзенінің шығыс жағалауына, Есіл өзенінен өтетін дәстүрлі өткел – Қараөткелден оңтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым қашықтықта орналасқан Бозоқ қалашығына ат басын тіреді. Қазіргі кезде бұл археологиялық нысанның аумағы Нұр-Сұлтан қаласының шеңберінде жатыр. Экскурсияны К.Ақышев атындағы археологиялық ҒЗИ директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марал Хабдулина бастап отырды. Ол қатысушыларға Бозоқ қалашығын зерттеу туралы хронологиялық кестені түсіндіріп, академик К.Ақышевтің алғашқылардың бірі болып Бозоқ қалашығын музейге айналдыруға ұсыныс жасағанын атап өтті.

«Бозоқ жөнінде археологтар бірнеше маусым далалық қазба жұмыстарын жүргізді. Осы уақытқа дейін біршама кітап, зерттеу еңбектері де жазылды. Музей ашу туралы осыған дейін біраз құзырлы орындарға жүгіндік. Міне, енді сәті түсіп, жұмыстар басталып жатыр. Археологтардың талпынысы жүзеге асып, үміті ақталуда. Болашақ ұрпақ үшін тарихымызды тереңдей танып-білу өте маңызды. Сіздер көріп тұрған бұл жерлер бірнеше айдан соң ашық аспан астындағы ерекше музейге айналмақ», деді Марал Қалымжанқызы өз сөзінде.

Тарихи-мәдени мұра, ортағасырлық қала орындарына саяхат жасаған экскурсия қатысушылары тарихы тереңде жатқан Бозоқпен кеңірек танысты. Жұмыс барысында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер мүшелері және елордалық ҚХА жастары тазалық акциясына өз үлестерін қосты. Барлығы біріге ежелгі қалашық орнын қоқыстан тазартты. Адал еңбектен соң, қатысушылар ұйымдастырушылар ұсынған таза ауадағы түскі астан дәм татты. Келесі кезекте Нұр-Сұлтан қаласынан 120 шақырымдай жерде орналасқан Құмай археологиялық-этнографиялық қорым ескерткішіне жол басталды.

Ақмола облысының Ерейментау ауда­ны Жыланды тау жотасының етегінде жатқан бұл қорым 2009 жылы табылған. Құмай өзенінің сол жағалауындағы алқапта радиусы 3-7 шақырым аумақта жатқандықтарына байланысты бұл қорымдар ғылыми айналымға да осы атаумен енгізілген екен. Елордалық ҚХА жастары профессор Марал Хабдулинаның ескерткіштер туралы толыққанды ғылыми-танымдық мағлұматтарына сусындап, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Тарихи нысандарды аралап көріп, асыл мұрамызды одан әрі қадірлей түсуіне себепші болған ұйымдастырушыларға қатысушылар атынан зор алғыс білдірілді.

 Жұмыс күні «Ақмола облысының киелі нысандары» атты К.Ақышев атындағы археологиялық ҒЗИ аға ғылыми қызметкері Данияр Тілеуғабыловтың дәрісімен Қоянды ауылында аяқталды.