Елімізде жағдайы қиын отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 2002 жылдан бері беріледі. Алғашқыда бұл көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 40 пайыз төмен азаматтарға тағайындалған болса, 2018 жылдың басынан шартты және шартсыз сияқты екі түрде беріле бастады. Биыл 1 сәуірден бастап АӘК көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы деп белгіленіп, әр адамға 20 789 теңгеден тағайындалған-ды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында әлеуметтік көмек көрсетудің жүйесін одан әрі дамытуға арнайы тоқталып, Үкіметке АӘК-ті бөлу тәртібін реттеуді тапсырған болатын.
АӘК – қаржылай қолдау ғана емес
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, АӘК-ке биылғы жылы бюджеттен 206 млрд теңге қарастырылған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 415 647 отбасы аталған көмекке қол жеткізді. Атап айтқанда, АӘК 2 млн 138 мың 214 адамға берілген. Оның 1 млн 335 мың 965-і – бала, 165 мың 535-і – көп балалы ана. Бір отбасына берілген көмектің көлемі орта есеппен 88-90 мың теңгені құраған. Ең көп мөлшерде тағайындалған көмек бір отбасына 455 112 теңге болған.
АӘК тек қаржылай көрсетіліп қоймайды. Онда тұрмысы төмен отбасындағы еңбекке жарамды азаматтар өз бейіміне қарай қысқа мерзімді тегін курстан өтеді және оларға жұмыс ұсынылады. Сондай-ақ қолы қысқа жандар шағын несиелер мен қайтарымсыз гранттар алу арқылы жеке кәсіпкерлігін дамытуға мүмкіндік алады. Жыл басынан бері АӘК алған 55 мың адам жұмыспен қамтылған. 8400 азамат жеңілдетілген несие алса, 3400 кісі 505 мың теңгеге дейін тегін қайтарымсыз грант алып, өз жұмысын бастаған.
Алайда осы аралықта оңай олжаға кенелгісі келгендер де аз болмаған сыңайлы. Министрліктің мәліметінше, 73 мың 814 заң бұзушылық фактілері анықталып, 155 млн 500 мың теңге қаражат бюджетке қайтарылған. Нәтижесінде 38 мың 519 отбасының көмек мөлшері қысқартылып, 8 890 отбасына көмек беру уақытша тоқтатылды. Ал 22 мың 881 отбасына көмек беру мүлде тоқтатылған.
АӘК жүйесі жетілдіріледі
Апта басында өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдау шараларының кешенді тәсілі мен атаулы сипатын қабылдау қарастырылатын заң жобасын таныстырды. Онда жәрдемақының жаңа түрі барлық көп балалы отбасына берілетіні айтылды. Яғни жаңа жылдан бастап 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар, күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студенттері бар барлық көп балалы отбасына мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Нақтырақ айтқанда, көмек мөлшері балалардың санына байланысты болады. 4 баласы бар отбасына – 42 мың 500 теңге, 5 балалы отбасына – 53 мың 100 теңге, 6 баласы бар отбасына – 63 мың 700 теңге, ал 7 және одан көп баласы бар әр шаңыраққа 73 мың 300 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалмақ. Сондай-ақ бұл берілген жәрдемақы АӘК тағайындау кезінде табыс көзі ретінде есептелінетінін де ескерген жөн.
Әлеуметтанушылар жаңа заң жобасы көп балалы отбасыларға тұрақты қолдау көрсетіп, ананың еңбегін бағалап қана қоймай, демографиялық ахуалды түзеуіне оң ықпалын тигізетінін айтады.
Қолданыстағы заңнамаға сай АӘК-тің шартты және шартсыз екі түрі бар екенін айттық. Яғни отбасында еңбекке жарамды азамат болмаған жағдайда шартсыз АӘК тағайындалады да, олардың құжаты 6 ай сайын қайта қаралады. Ал шартты түрі отбасында еңбекке жарамды азамат болған жағдайда беріліп, құжаттарын 12 ай сайын жаңалап отыратын. Келесі жылдан бастап кез келген АӘК алушының құжаты тоқсан сайын тексеріліп отырады.
Министрдің айтуынша, жаңа АӘК барынша әділ болып, азаматтарды еңбек етуге ынталандырады. Сондай-ақ мемлекеттік көмек нағыз мұқтаждарға көрсетілетін болады. «Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартса оның отбасы атаулы әлеуметтік көмектен айырылады. Бұл уақытша қолдау. Отбасының жағдайын жақсартуға мемлекетпен қоса отбасының жұмысқа жарамды адамдары да жауапты», деген болатын Б.Нұрымбетов.
Атаулы әлеуметтік көмек – кешенді көмек. «АӘК жағдайы төмен, аз қамтылған азаматтарға беріледі. Ол ақшалай түрде және әлеуметтік жағынан бейімдеу, яғни жұмыспен қамту шараларымен қоса көрсетіледі», деген-ді министр.
Кепілдендірілген әлеуметтік топтама тағайындалады
Мемлекет басшысы Жолдауда: «Аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Бұл дегеніміз – мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу», деген болатын.
Министр таныстырған жаңа заң жобасында осы тетіктер қарастырылды. Сөйтіп келесі жылдан бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік пакеттер берілмек. Атап айтқанда, 6 жасқа дейінгі балаларға тамақ, гигиена заттары тегін берілсе, 6-18 жас аралығындағы балаларға мектептегі ыстық тамақ, мектеп жолақысы, мектеп формасы және оқу құрал-жабдықтары тегін болады. «Бұл – көп балалы аналарды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік пакет. Аз қамтылған балалардың 60 пайызға жуығы көп балалы отбасынан шыққан (56,5%). Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар құрамынан балаларды шығарып, оларға табысына қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыру ұсынылады», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Ведомство басшысының айтуынша, алдағы уақытта әр отбасының әлеуметтік картасын жасау арқылы көмек көрсетудің тиімді жолына көше аламыз. «Біз мемлекет болып тек қана АӘК алу құқы бар ма, жоқ па демей, жалпы отбасының өмірлік жағдайын біліп отыруымыз керек. Сондықтан біз әр отбасының әлеуметтік картасын ақпараттық жүйеде жасақтаудамыз. Еліміздегі 7 млн-ға жуық отбасының бүкіл мәліметі сол жерде бар. Біздің бұл ақпараттық жүйелер еліміздегі басқа мемлекеттік органдардың 21 ақпараттық жүйесімен байланысқан. Мысалы, сіздің үйде бала дүниеге келсе біз оны көріп отырмыз. Үйден, жұмыстан айырылып қалсаңыз бәрі шығып тұрады. Егер сол отбасының жағдайы шынайы қиын болса ол бізге келіп емес, қайта оған мемлекеттік орган өздері көмектесуі керек. Түбінде бізде сондай жүйе қалыптасуы керек», деді ол.
Экономист Ғалымжан Керімбек Президенттің тапсырмасымен, Үкіметтің ұйғаруымен қолға алынып жатқан жаңа әлеуметтік қолдаулардың тиімді тұстары көп екенін айтады. «Бұл заң жобасының тиімді тұстары көп. Ең алдымен көп балалы отбасында туып, мемлекеттің қамқорлығын көріп өскен баланың Отанға деген сүйіспеншілігі терең, өз-өзіне сенімді болып өседі. Есейгенде елге еңбек етуге кішкентайынан дағдыланады. Екінші жағынан, біздің жағдайымызды шетелмен салыстырудың керегі жоқ. Бұл біздің қоғамның талабы. Үшіншіден, бұл – ел экономикасының даңғыл жолына түскендігінің, тұрақтылықтың белгісі», деді ол.