• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Қазан, 2019

Түнде ұшқан қаршыға

405 рет
көрсетілді

Жазушы Талғат Кеңес­баев ағамызды 2009 жылы Алматыдан Өс­кеменге облыстық «Дидар» газетіне жұмысқа келген кезден бері білемін. Бұл уақытта «Шығыс ақпарат» медиа­холдингінің директоры Нұржан Қуан­тайұлы болатын. Талғат ағамен сол кісіге келген, «Дидар» газетіне материалдарын әкелген сәттердің бірінде таныс­қан едім. Жалпы, қалам­гер елордаға көшіп кеткенге дейін «Дидар» газе­тімен үнемі байланыс жасап, әңгімелерін, мақалаларын жариялап тұрды. Өскеменге келген сайын басылымға бір соқпай кетпейтін. Редакциядағы жігіттермен емен-жарқын әңгі­мелесіп, ақыл-кеңесін айтудан аянбайтын.

Бір байқағаным, Талғат ағамыз өз замандастарынан гөрі жастарға жақын еді. Қашан көрсең айналасын жастар қоршап жүретін. Жастарға еркелейтіні де бар еді ағамыздың. Онысы өзіне жарасатын. Жас­тарға жасаған қамқорлығы жайында аға­мыз дүниеден өткелі бері әлеуметтік же­ліде жазылып, айтылып жатыр ғой. Мен де өзіме қатыстысын айтайын. 2012 жылы «Дидар» газеті А2 форматына көшкенде, яғ­ни қалың болып шыққан кезде «Путинмен кү­рес­кен қазақ» деген мақалам жарық көр­ді. Сол мақаланы жазуға себеп болған, Ресейдің бүгінгі президентімен күрескен, Семейде тұратын Мұрат Керімбаевты тауып берген Талғат ағамыз еді. Бір жылы Талғат ағамыз Өскеменге келгенде қазір астанада тұратын абайлық жас күйші Айбек Бекбосыновқа телефон шалып, «бір елдің баласысыңдар, араласып-құраласып жүріңдер» деп екеумізді телефонмен таныс­тырған еді. Етене араласпасақ та, Айбекті шығысқа келгенде ара-тұра көріп тұрамын. Көрген сайын Талғат ағаның телефонмен сөйлестіргені, бауырмалдығы, ағалық қам­қорлығы есіме түседі.

Былтыр жазда Талғат ағам телефон со­­ғады. «Өскеменде Бауыржан Байқұлов де­ген жігіт жүр. Онда көп ешкімді танымайды. Баратын жері жоқ. Далада қалып қалмасыншы. Хабарласшы. Жолықшы» деді. Телефонын берді. Фамилиясына қарап, әуелде танымағам. Сөйтсем, фейсбук әлеуметтік желісінде отыратын, әде­би сын жазып жүретін Бауыржан Сегіз­баев замандасымыз екен. Барсам, «Турист» қонақүйінің алдында кітап оқып отыр. Баукеңмен сөйтіп жолығып, біраз әңгіме­лесіп, Күршімге шығарып салғаным бар. Айта берсек, ағамыздың жастарға жасаған қамқорлығы көп.

Талғат ағамен тоғыз жылдай арала­сып, аға-іні болып сыйлассақ та, бір топы­рақ­тың тумалары (ол кісі Саржалдан, мен Таңаттан (бұрынғы «Социалистік Қазақ­стан») жазушыны толық танып, біліп үл­гер­меген екенбіз. Танымағанымыз, әлі де білмей, бағаламай келе жатқанымыз – қаламгердің қайраткерлігі. 2017 жылы Талғат ағаның «Полигонды Олжастан бұ­рын мен айтқанмын» деген тақырыпта сұх­баты шықты. Сол сұхбатта жазушы 1989 жылы Жазушылар одағында өткен әдеби жыл қорытындысында полигон туралы ащы шындықты жайып салып, артынан сол кездегі Семейдегі Жазушылар одағы бө­лім­шесінің басшысы соңына түскенін жазады. Бұл туралы қаламгер ұстазы Қайым Мұ­хамедхановқа 1989 жылы 19 сәуірде жаз­­ған «Аса қадірлі ұстазым, Кәке!» деп бас­­талатын хатында да баяндайды. Хатта жа­зушы Семейдегі бөлімшенің N (өзінің жазуы) деген басшысы «Сен қай жерден ақбөкеннің лағының өліп жатқанын көрдің. Ондай болуы мүмкін емес. Абайда өлексенің етін жейтін ел жоқ. Өтірік екенін барып айт. ...Маған Бозтаев «мына елді бүлдіріп жүрген кім?» деді» деп өзіне айып таққанын, соңынан КГБ қызметкері із­деп келгенін жазып, «- Кәке! Өзіңіз ой­лаңызшы. Мен жас талапкермін, тіпті осылай болып жатқанда мені қорғайтын N емес пе? Қайта-қайта өзімнен жауап алады. N ағам­ның дәлелі бойынша Дегелеңнің даласында радиация да, ақбөкен де жоқ. Мен қазір Алматыда өтетін жас жазушылардың кеңесінен өзім бас тартып отырмын. Сөз тасығым келмейді. Бір кісідей шаршадым. Ана жолы «Шәкәрім жайлы кинодан шаршап жүрмін» деп сөйлеспедіңіз. Енді жазбаша айтып отырмын. Осы айтқанымның бәрі біреулерге «чепуха» болар. Бірақ мен өте шаршадым. Мені қабылдап, сөйлесуіңізді сұраймын» деп хатын аяқтапты. Осы хатта Талғат ағамыздың ашылмаған көп сыры жатқан секілді. Бәлкім, осы жайт кейінгі тағ­дырына да әсер еткен болар, кім біледі?! Бола­шақ талғаттанушылар қаламгердің Семей полигонына қатысты атқарған қыз­меттерін, еңбектерін зерттеп-зерделеуге тиіс деп ойлаймыз.

Былтыр күзде Талғат Кеңесбаевтың жер­­леуіне барғанда аста сөз сөйлеген аға­­сы жазушының бала кезінде тентектеу болғанын, полигондағы әскерилерге мыл­­тық кезенгенін айтып еді. Бұл мінезі жа­йын­да қаламгер жоғарыдағы сұхбатында: «Мені ауылда «Жынды бала» деп атады. «Жынды» деген атаққа қалай ие болдың дейсің ғой? Ауылдағы әкемнің құрдасы Тоқай деген ағам Қарабас деген жерде маған мылтық атуды үйретті. Содан мен мерген бала атандым. Сондай мықты ататын едім. Біздің ауылда әр жұма сайын таңертең тоғызға он бес минут қалған кезде полигонның вертолеті келіп, жарылыс жасайды. Оны өздері «Черная пятница» деп айтады. Бір күні жер қатты сілкінді, бүкіл жылқылар үрікті. Бағанның басындағы қарлығаштар бір сәтте жерге құлап түсті. Мысықтар оларды тістеп алып, қашып жүр. Газдың иісі алып кетті. Ел полигонға лағынет айтып жатты. Келесі жұма күні «мелькашка» мылтықты оқтап алып, жарылыс жасайтындарды тосып отырдым. Со­дан вертолетті тарсылдатып аттым. Тәп-тәуір атушы едім, вертолет құламай қалды (күлді). Атқаннан кейін ауылдың кісілері жү­гіріп келіп, қолымдағыны атылмаған бір мылтыққа ауыстырып алды. Содан солдаттар қаумалап келіп біздің үйді қоршады. Мені ұстап алып, құлақшекеден отырғызды. Ауылдың кісілері жылап, мені құтқарып қалды. Мектепте оқитын кезім ғой» деп ес­ке алыпты.

Осы оқиғаны сана сүзгісінен өткізе отырып, Талғат ағамыз 1989 жылы полигон туралы алғаш мінберден айтып қана қоймай, полигондағы әскерилерге, әскерилерге ғана емес, сол кездегі жүйеге бала болса да қар­­сылық танытып, оқ атқан алғашқы һәм соңғы қазақ болған шығар деген нық ойға бекіндім.

Талғат ағамыздың Алтайдың Кербұғысы атанған әйгілі жазушы Оралхан Бөкей 1991 жылы құрған «АҚҚҰС» (ауылдағы қа­зақ қаламгерлерінің ұйым серіктестігі) шығармашылық қауымдастығының Семей облысындағы бөлімшесін басқарғаны туралы кейіннен білдік. «Оралхан Бөкей ағамыз жанына жұмысқа шақырып, өмірінің соңына дейін жанында жүрдім. Ол кісі маған үлкен үміт артты. Бірде «Сенің тілің өте жұтаң. Тілің әртіс қыздардың ғашығына жазған телеграммасы сияқты» деп айтқанда шамданып едім. Бекер екен. Ораш ағамды сол кезде тыңдасам, тіл байлығым әлі де арта түсер ме еді» депті Талғат ағамыз бір сұхбатында. Иә, Талғат Кеңесбаевтың Орал­хан Бөкеймен шығармашылық байланысы, «АҚҚҰС» аясында атқарған жұмыстары да көпшілікке беймәлім. Ол кісі ауыз толтырып айтуға тұрарлық істері болса да ізеттен аспай, ішіне сақтапты, біз де індетпеппіз.

Бір сүйінетініміз, Талғат ағамыз өмір­­ден өтер жылы Ике Әділов туралы «Түнде ұшқан қаршыға» деген повесть жаз­ды. Бұл ұстазы, абайтанушы Қайым Мұ­хамедхановтың аманаты екен. Жазу­шы алаш­тың ардақты ұлы жайында бұры­нырақта жазуға талпынғанымен «Сен бұл тақырыпқа барма. Қыз-қырқыныңды жазып жүре бер. Мына үкімет түбіңе жетеді. Мен сенен айырылғым келмейді» деп әкесі өтінген соң кейінге шегеріп жүріпті. Тағ­дырға тоқтау бар ма, сөйткен Талғат ағамыз ұстаз аманатын, шәкірттік парызын орындап, өзі жазған «Түнде ұшқан қаршығадай» түнекке сіңіп кете барды мәңгілікке... Тек жазған шығармалары жарығын шашып тұр. Ұзағынан болғай.

 

ӨСКЕМЕН