Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «LATYN FEST» жастар форумы өтті. Форумның мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы таяу жылдары жүзеге асырылуы тиіс «Қазақ жазуын латын графикасына көшіру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесін талқылау.
Шараға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, белгілі журналист Қанат Әуесбай, саясаттанушы, қоғам белсендісі, AmalBooks баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай қатысты.
Форумға жиналған жастар Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры әртістері дайындаған «Тілім – анам, тілім – бабам» атты сахналық қойылымды тамашалады. Жастар латын графикасындағы жаңа әліпбиге қатысты сауалдарына жауап алып, жаңа әліпби мен емле-ережелердің мән-маңызын түсінді.
–Латын әліпбиіне көшу мәселесі – өте маңызды мемлекеттік оқиға. Бүгінгі шара еліміздегі Жастар жылымен және Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының қабылданғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттың рухын жаңғыртуға бағытталған нақты міндет қойды. Негізгі бағыттың бірі – латын әліпбиіне көшу. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның ерекшеліктеріне байланысты. Әліпби реформасы жаңа ғасырдағы қазақ тілін, мемлекеттің тілдің тынысын ашып, дамуына ерекше серпіліс туғызуы тиіс» деген Елбасы сөзі бізге зор міндет жүктейді. Бүгінгі жастар форумының да мақсаты – Елбасының латын әліпбиіне кезең-кезеңмен және жүйелі түрде көшіру жөніндегі тапсырмасын насихаттау. Өйткені, латын графикасына көшу мәселесі ұлт болып қолдауды талап ететін ұлттық мәселе, – деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.
Шара барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға үлес қосып жүрген тіл жанашырлары Қазақстан Республикасы Президентінің және Батыс Қазақстан облысы басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі Болат Жексенғалиев, Орал қалалық «Жайық үні» газетінің редакторы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мира Шүйіншәлиева, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сәдір, ғалым, филология ғылымының кандидаты, доцент Ұлдай Ержановалар – шын мәнінде өңірде мемлекеттік тілдің дамуына аянбай үлес қосып жүрген тұлғалар болатын. Марапат дәл иесін тапты.