• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қазан, 2019

Алматыда Халықаралық сарапшылар экологиялық мәселелерді талқылады

298 рет
көрсетілді

Бүгін Алматыда Орталық Азия елдерінің экологиялық мәселелерін талқылауға арналған халықаралық триалог аяқталды.

2019 жылдың 9-11 қазан аралығында Алматыда өткен өңірлік триалогта Орталық Азия елдерінің ғалымдары, саясаткерлері мен тәжірибеші-мамандары биоалуантүрлілікті сақтау, жердің тозуы, климаттың өзгеруі мәселелерін талқылады және оларды шешудің жалпы бағдарламасын әзірледі.

Биоалуантүрлілік және экожүйелік қызметтері жөніндегі Желімен жылжитын триалогтың форматы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасымен (БҰҰДБ) басқарылады және қоршаған ортаны сақтау саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтуға бағытталған. Форум Орталық Азия аймағында ауыл шаруашылығымен және қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен айналысатын үш кәсіби қауымдастық өкілдерінің басын қосты: үкіметтік ұйымдар, университет ғалымдары мен тәжірибелік-мамандар.

Триалогта қолданылатын тәсілдер тараптардың белсенді өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді, қатысушыларға проблемалар туралы ашық айтуға және табысты жобалардың тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік береді, биоалуантүрлілік және экожүйелік қызметтер саласындағы үздік тәжірибелер үшін инновациялық прототиптер ұсынады.

Іс-шараны БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) бастамасы бойынша ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі биоалуантүрлілік және экожүйелік қызметтер бойынша үкіметаралық ғылыми-саяси платформамен (БЭҚҮП), Тозаңдату бойынша еріктілер Коалициясымен Германия табиғатты қорғаудың қоршаған орта Федералдық министрлігінің серіктестігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Форумға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркменстаннан 70-тен астам маман қатысты. Үш күн ішінде сарапшылар қоршаған ортаны қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі шаралар туралы бірқатар маңызды мәселелерді талқылады,соның ішінде экожүйелер жағдайы, жердің тозуын бейтараптандыру, климаттың өзгеруі және азық-түлік қауіпсіздігі арасындағы байланысты қарастырды.

Ғалымдардың айтуынша, Жердің шөлейттенуі мен тозуы бүгінгі таңда жаһандық экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселе. Топырақтың құнарлы қабаты мен қоректік заттардың жоғалуы табиғи экожүйелердің жай-күйіне ғана емес, жергілікті халықтың өмір сүру сапасына да кері әсерін тигізеді.

–БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, құрғақ жерлер әлемнің 100-ден астам елінде жер бетінің 30%- ын алып жатыр, онда осы күнде 2 млрд. жуық адам тұрады. Қазіргі шөлейттену қарқынын ескере отырып, БҰҰ ұсынған сценарий расталса, 2025 жылға қарай жердің әрбір бесінші тұрғыны құрғақшылыққа ұшыраған аумақта тұратын болады. Қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша екі миллиард гектардан астам өнімді жер тозған және жыл сайын қосымша 12 млн гектар жер тозуын жалғастыруда. 2050 жылға қарай жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бізге азық-түлік өндірісін 70% -ға ұлғайту қажет, бұл аштыққа әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, өнімді жерлердің жоғалуы мәжбүрлі көші-қонның қозғаушы күші болып табылады, – деді БҰҰ ДБ-ның саясат және алға жылжыту жөніндегі Жаһандық орталығының халықаралық сарапшысы ФиллиппаФрансис Хейлинг.

Орталық Азия шөлейттенудің маңызды трансшекаралық проблемаларымен сипатталатын аридті және субаридті аумақтың классикалық үлгісі болып табылады. Алдын ала бағалау бойынша өңделетін жерлердің 4-10%-ы, жайылымдық жерлердің 27-68%-ы, орман алқаптарының 1-8%-ы деструктивті процестерге ұшыраған. Жалпы алғанда Орталық Азияның әр еліндегі тозған жерлердің ауданы 40-тан 90%-ға дейін құрайды.

Қазақстанда тозу проблемалары егістік жерлердің 4-тен 10%-на дейін, жайылымдардың 20-дан 60%-на дейін, ал орман қорында-8%-ға дейін әсер етеді. Бұл адам қызметінің мал бағу (атап айтқанда, мал басына арналған аудан нормаларының сақталмауы), ирригацияның жеткіліксіздігі, суды ұтымсыз пайдалану сияқты түрлерімен байланысты. Қазақстан аумағы толығымен шөл және шөлейт аймақтарда орналасқан, сондықтан республика жерлері өте осал келеді.

–Орталық Азия экономикасы айтарлықтай дәрежеде ЖІӨ-нің 10-38%-ын құрайтын ауыл шаруашылығына негізделген және жұмыспен қамтудың 18-65% - ын қамтамасыз етеді, бұл оларды табиғи ресурстардың жағдайына тәуелді етеді. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағының 66%-ы құрғақшылыққа ұшыраған. Осылайша, Қазақстанда жердің одан әрі тозуын болдырмау үшін алдын алу шараларын қабылдау және елдің табиғи ресурстарын, оның ішінде жер және су ресурстарын қалпына келтіру және одан әрі ұтымды пайдалану бойынша іс-шаралар жүргізу қажеттілігі бар, – деп атап өтті БҰҰ-ның Қазақстандағы шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясының Ұлттық үйлестірушісі Қайрат Үстеміров.

Экологиялық проблемаларды шешудегі басым бағыттардың бірі табиғи ресурстардың тиімділігін арттыру және «жасыл» экономиканы қолдау болып табылады.

–Қазақстанда жердің тозуына қарсы күрес, биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруі саласында мемлекеттік саясат жүргізілуде. Сонымен қатар, БҰҰДБ сулы-батпақты алқаптарды, жайылымдарды, дала экожүйелерін неғұрлым тиімді басқару арқылы биоалуантүрлілікті сақтау бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің күш-жігерін қолдайды, сондай-ақ энергияны үнемдеуді ынталандыру, жер және су ресурстарын ұтымды пайдалану арқылы жаһандық жылыну қаупінің алдын алуға жәрдемдеседі. Жоғарыда көрсетілген шаралар аясында 50-ге жуық жоба жүзеге асырылды, оған біз $60 млн-нан астам қаржы тарттық, – деді Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш.

Триалогты қорытындылай келе, қатысушылар осындай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті. Мұндай форумдар сарапшыларға экология, биоалуантүрлілікті сақтау, жердің тозуы және климаттың өзгеруі мәселелерінде осы проблемаларды жекелеген елдерде шешу тәсілдерімен бөлісіп қана қоймай, жалпы Орталық Азия өңірі үшін бірыңғай бағдарлама жасауға мүмкіндік береді.