Түбі бір түркінің түңлік түріп, түтін түтеткен түп мекені, Алаштың атажұрты төр Алтай десек, осы ұлы таудың баурайындағы сақтарға саялы орда болған, тұмса табиғаты, Бошай, Оралхан, Қалихан, Дидахметтей тұлғалары, жотасында жортқан бұғы-маралы бар Катонқарағай ауданын бір көруді армандайтындар елімізде де, шет мемлекетте де аз емес.
Алайда талайдың арманына айналған шекара шебіндегі, елдің шеті, желдің өтіндегі Катонқарағайда соңғы жылдар мұғдарында халық саны азайып бара жатқаны ащы да болса, шындық. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, Алтайдан жұрттың ауа көшуіне себеп көп. Себептің бәрін жіпке тізсек, алысқа кетерміз. Көшер жұрт көшті, кетер халық кетті. Қазіргі ең үлкен, түйінді мәселе – елде қалған ағайынды сақтап қалу болса керек. Жақында осы мақсатта бұрынғы аудан орталығы – Катонқарағай ауылында «Катонқарағай ауданының болашағына саналы көзқарас» атты инвестициялық форум өтіп, осы аудан топырағынан түлеп ұшып, бүгінде қанаты қатайған ірі кәсіпкерлер туған мекендерін түлету, ел еңсесін көтеру жайын ақылдасты.
Ауылда 15 жылда адам қалмауы мүмкін
Катонқарағайдың іс басында, бизнес саласында жүрген азаматтары форумға құр келмепті, жергілікті жұртты серпілтуге септігі тиер нақты ұсыныстарын, жүйелі жоспарларын ала келіпті. Ойға алған жоспар-жобаларын тездетіп қолға алу үшін үш-төрт ай бұрын Серік Толықпаев, Қайрат Ахметов, Ғани Шаймерденов бастаған меценаттар «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» атты қоғамдық қор құрған екен. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, қор алғашқы қанатқақты жұмыстарын аудан орталығы – Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдарын сан жыл қордаланған қоқыстан тазартудан бастап, 10 миллион теңгеге екі елді мекендегі қоқыс алаңдарын ретке келтіріп, арнайы қоршау орнатты. Ең маңыздысы, қор Катонқарағай ауданын дамытудың 10 жылдық жоспарын әзірледі. Жоспарды әзірлеу үшін ауданның бүгінгі жағдайына барлық сала бойынша сараптама жасады. Қор ұсынған мәліметтерге сүйенсек, соңғы 18 жылда аудан халқы 48 пайызға азайған (қазіргі тұрғындар саны – 23 207 адам). Тек соңғы екі жылда ауданнан 3 мыңнан астам (2017 жылы – 975, 2018 жылы – 2355) адам көшіп кетті.
Қор қазірден бастап тиісті іс-шараларды жеделдетіп қолға алмаса, Катонқарағайдың 2609 тұрғыны бар 13 ауылы Ақшарбақ (9), Құндызды (23), Қаражал (51), Бекалқа (36), Алыбай (52), Согорное (75), Новополяковка (358), Приморское (118), Солоновка (760), Бесүй (83), Балғын (287), Мойылды (55), Жаңа-Хайрузовка (702) 5, 6259 тұрғыны бар 15 ауылы Ақсу (649), Сенное (209), Аққайнар (755), Топқайың (517), Берел (457), Жазоба (154), Өрнек (127), Жамбыл (348), Барлық (368), Жұлдыз (218), Белқарағай (501), Кіші Нарын (637), Солдатова (900), Үшбұлақ (157), Көкбастау (262) 10, ал 14 339 тұрғыны бар 20 ауылы Үлкен Нарын (4552), Катонқарағай (3262), Өрел (1125), Қайыңды (200), Алтынбел (1102), Шыңғыстай (608), Көктерек (302), Коробиха (383), Аршаты (375), Қызылжұлдыз (242), Үштөбе (175), Жаңа-Үлгі (348), Свинчатка (77), Егінді (169), Ақмарал (144), Еңбек (355), Майемер (600), Қабырға (217), Шұбарағаш (51), Рахман қайнары (52) 10-15 жылдан астам уақыттан кейін жабылуы мүмкін деген болжамдарын алға тартты. Әрине ауыл десек әуелі мектеп еске түседі. Қор алдағы 2-4 жыл көлемінде Ақмарал, Жұлдыз, Жазоба, Үштөбе, Балғын, Қайыңды, Қабырға, Қызылжұлдыз, Көктерек, Еңбек ауылдарындағы 323 оқушысы, 220 мұғалімі бар 12 мектеп, 5-6 жыл көлемінде Сенное, Барлық, Жаңа-Үлгі, Аршаты, Солдатова, Жамбыл, Новополяковка, Топқайың, Майемер, Берел, Белқарағай, Кіші-Нарын ауылдарындағы 956 оқушысы, 250 мұғалімі бар 13 мектеп, ал 7-15 жыл көлемінде Ақсу, Солоновка, Шыңғыстай, Жаңа-Хайрузовка, Катонқарағай, Өрел, Үлкен Нарын ауылдарындағы 2352 оқушысы, 300 мұғалімі бар 12 мектеп жабылу қаупі бар деп ескертті. Әрине ауылдар мен мектептердің жабылуынан бетін аулақ қылсын дейміз. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ».
Туризм кластеріне 500 миллион теңге бөлінеді
Енді осы ауылдар мен мектептердің жабылмай, жандана түсуі үшін аудан азаматтары нендей істерді қолға алуы керек? Қордың жоспары қандай? Инвестициялық форумды ашқан Катонқарағай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев ауданның туристік әлеуеті зор болғанымен келушілерге кедергі келтіретін жайттардың бар екендігін айтты. «Ауданымыз шалғайда орналасқан, бірде бір өндіріс орны жоқ, тұрғындар негізінен ауыл шаруашылығымен күндерін көріп отыр. Туризм – тек жаз маусымында ғана. Сондықтан ауданда қысқы туризмді дамытсақ дейміз. Ауданға келетін туристер тамақтану жағынан қиналады. Өскемен мен Алтай ауданының арасында дәмхана көп. Ал Үлкен Нарын мен Берел арасында жалғыз ғана дәмхана бар. Осы ретте біз бизнес өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуге, ұсыныстарды қабылдауға дайынбыз. Халық көшіп жатқанымен ауданға еліміздің өзге өңірлерінен көшіп келіп жатқан тұрғындар да бар. Ең маңыздысы, біз «балық берме, қармақ бер» қағидасын ұстанып жергілікті халықты табыс табуға үйретуіміз керек», деді ол.
Форумда сөз алған «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорының үш құрылтайшысының бірі, «Aitas KZ» АҚ бас директоры Серік Толықпаев аудандағы халықтың көшін тоқтатып, елдің еңсесін көтеру үшін Катонқарағайда туристік, аграрлық және білім кластерін бірдей дамыту керектігін атап өтіп, қор алдағы 10 жыл көлемінде аудандағы ең үлкен үш елді мекенді – Үлкен Нарын, Катонқарағай мен Өрелді өмір сапасы әлемдік деңгейге сәйкес келетін ауылдар қатарына қосуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Қор алдағы 10 жылда осы үш ауылда шағын әуежай, фин үлгісіндегі балабақшалар, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын жекеменшік мектептер, тәулік бойы жұмыс істейтін дәріханалар мен дәмханалар, жыл бойы тоқтаусыз қызмет көрсететін білім беру лагерьлерін, заманауи құрылғылармен жабдықталған емханаларды ашып, Арбат көшесі, балалар алаңдарын, «Ұрпақтар сабақтығы» бағдарламасы аясында коттеджді квартал мен спорт кешенін салып, бизнес идеяларға шағын гранттар беруді жоспарлаған екен. «Біз қорды құрмас бұрын ауданның озық тұстары мен осал тұстарын әбден сараладық. Сарапшылармен кездестік. Қорды құрудағы мақсат-мұратымыз – табыс табу, қайырымдылық көмек көрсету емес, ауданды көтеру, тұрғындардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Мұны осы қасиетті топырақта туып-өскен Катонның тумалары, біз қолға алмасақ, сырттан келіп ешкім істемейді. Бұл жерде қоғам, билік пен бизнес үшеуінің синергиясы, яғни бірлігі керек. Бұл шаруа Катонқарағайдың әрбір тұрғынының ерік-жігерін, туған жерге деген сүйіспеншілігін қажет етеді. Жоғарыда атап өткен жобаларды жүзеге асыру үшін үлкен инвестиция, қомақты қаражат қажет. Осы іске ауданның үлкенді-кішілі кәсіпкер азаматтары үлес қосады деген сенімдемін» деген Серік Толықпаев туған жерінде туристік кластерді өркендету үшін өз қалтасынан алдағы 10 жыл көлемінде жыл сайын 50 миллион теңгеден 500 миллион теңге қаражат бөлуге әзір екендігін жеткізіп, жерлестерін бір желпіндіріп тастады. Кәсіпкер бұл қаражат ауданның туризм саласындағы барлық мәселесін шешпесе де, осы саладағы бірқатар түйткілдерді тарқатуға, халықтың экономикалық білімін ұлғайтуға, экологиялық сауатын ашуға, кәсібін енді бастаған азаматтарға қол ұшын созуға септесетініне сенімді.
«Жусан» жерлестерді шақырады
Қор аудан жұртшылығы назарына ұсынып отырған жобаның бірі «Жусан» деп аталады. Жоба шеңберінде Үлкен Нарын, Катонқарағай және Өрел ауылдарының маңында, табиғат аясында коттеджді ауыл салу жоспарланған. «Бұрын ауданда тұрып көшіп кеткен жерлестеріміз арасында туған жеріне қайта оралғысы келетіндері де бар. Бірақ барайын десе дайын тұрған үйі жоқ. Сондықтан біз бұл жобаны ауданға қайта келуге ниетті азаматтарға арнасақ дейміз. Олар осы уақытқа дейін алған білімін, жиған тәжірибесін елге, жас ұрпақ игілігіне жұмсап, білгендерін үйретсе, оқытса дейміз. Біз Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдарынан коттедждердің салынатын орнын да белгілеп қойдық. Қалада бар жағдайдың барлығы жасалады. Жеке әкімшілігі болады. Қоршаған ортамен үйлесімде болуы үшін тек табиғи материалдардан тұрғызылатын бұл үйлер жалға берілуі де мүмкін, қонақүй нөмірлері де болуы мүмкін. Ол жағын пысықтап жатырмыз. Тек осы жобаға инвестор қажет», дейді С.Толықпаев.
Қоғамдық қор ең әуелі ауданда туристік кластерді дамытуды жоспарлап отыр. Бүгінде аудан экономикасындағы туризмнің үлесі 1 пайызды ғана құрайды екен. «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Серік Жүнісовтың айтуынша, қор алдағы 10 жыл көлемінде аудан экономикасына туризмнен түсетін табысты 30 пайызға дейін көтеруді көздеп отыр. «Қазіргі уақытта Катонқарағайда бір мезгілде 555 адамды қабылдай алатын 30 қонақүй бар. Жол бойында қызмет көрсететін нысандар саны – 14. Ауданға келетін туристердің жылдық көрсеткіші 6 мың адам ар жақ-бер жағында. Жоғарыда атап өткен 30 пайызға жету үшін қонақ үйлер санын 80-ге жеткізуіміз керек. Қонақүйлер бір мезгілде 3105 адамды қабылдайтындай болуы қажет. Демек, аудан жылына 6 мың емес, 70 мың туристке қызмет көрсететін деңгейге жеткені абзал. Ауданның халық көшіп жатқан ауылдарында этно туризм мен экологиялық туризмді дамытуға күш салатын боламыз. Үлкен ғимараттар салмаймыз, туристерге киіз үй үлгісіндегі нысандарда қызмет көрсетіледі» дейді ол.
Форумда Қырғызстан мен Моңғолиядан, еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген туризм саласының білікті мамандары Катонқарағайда туризмді қалай дамыту, тұрғындарды қалай оқыту керектігі жайындағы ойларын нақты мысалдар келтіре отырып ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
Ұтымды ұсыныстар
Айша МӘМБЕТАЛИЕВА,
«Қырғыз туризм ОсОО» директоры:
– Туризм саласында 15 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Әуелде эко туризм сөз болғанда қырғыз ағайындарыңыз да «Сасық туристер бізге не керек?» деп ат-тонын ала қашқан болатын. Қонақжайлық көшпенділердің қанында бар дүние ғой. Ештеңені ойлап табудың қажеті жоқ. Мысал ретінде Қырғызстанның Нарын облысының Кочкор ауылын айтайын. Басында бұл ауылға ешкім бармайтын. Халық көшіп, ауылда үлкен кісілер ғана қалған болатын. Сөйлестік, оқыттық. Қазір Кочкор ауылы туризмінің көш басында тұр. 2000 жылы Қырғызстан ауылдары бар-жоғы 18 турист қабылдаса, 2006 жылы бұл көрсеткіш 6 мыңға жетті. Егер Катонқарағайда шетелдік туристерді қабылдай бастасаңыздар, қонақ бөлмесін дайындау жағын ғана емес, оларды қызықтыратын әртүрлі бағдарламаларды да естен шығармаңыздар. Мәселен, Қырғызстанда туристерге көрсетілетін бағдарламаның бірі «Бауырсақ шоу» 30 АҚШ доллары тұрады. Бұл біздегі – ең танымал шоу. Ең маңыздысы, тұрғындарды оқытуға көңіл бөлу керек, туристерді қабылдауды үйрету қажет.
Айдос АТАЙ, Моңғолия тау бүркіті қоғамының атқарушы директорының орынбасары:
– Моңғолиядағы қазақтар салт-дәстүрді жақсы сақтаған. XIII ғасырда қалай өмір сүрсе, қазір де солай. Шетелдік туристер осыны көруге келеді. Оларды тағы бір қызықтыратын дүние – жабайы табиғат. Бұл жағынан Катонқарағай Моңғолияны он орап алатын шығар. Осыны пайдалану керек. Сосын киіз үйлерді көбейту қажет. Бізде саятшылық жақсы дамыған. Осыны Катонқарағайда да қолға алса артық болмас деп ойлаймын. Бұл тұрғыда өзіміз де көмектесуге дайынбыз.
Талғат КЕРТЕШЕВ, БҰҰ ДБ биоалуантүрлілікті сақтау жобаларының менеджері:
– Экотуризм елімізде заң аясында жеке сала ретінде бекітілмеген. Өйткені бірден шығынды ақтамайды. Уақыт керек. Катонқарағайда туризмнің осы саласын дамытуға мүмкіндік бар. Біз Катонқарағай ұлттық паркінде Ақпараттық визит орталығын ашуға көмектесеміз. Туристерге үш тілде экскурсия жүргізетін гидтерді даярлауға, оқытуға әзірміз. Екі кезеңнен тұратын «Эко даму» бағдарламасының алғашқы кезеңінде Алтынемел, Барсакелмес, Үстірт табиғи қорықтары мен Іле -Балқаш табиғи резерваты маңында 209 жұмыс орнын аштық. Екінші кезең 2020 жылы басталады. Осы бағдарлама арқылы жергілікті тұрғындар 6-7 пайызбен несие алып, қонақ бөлмесін салып, 5 жыл көлемінде қайтаруға болады.
Рашида ШӘЙКЕНОВА, Қазақстан туристік ассоциациясының директоры:
– Катонқарағайда ауыл туризмін дамытуға болады. Ол үшін не керек? Қонақ бөлмесі керек. Қонақ бөлмесі көп шығынды қажет етпейді. Ауыл тұрғындары ештеңе салмай-ақ өз үйлерінде туристерді қабылдай алады. Біз осындай жобаны Алматы облысының Саты ауылында қолға алдық. Бірі ауласындағы бос тұрған қосымша үйін, бірі ауласындағы киіз үйін пайдаланды. Ауыл тұрғындарының көбі өз үйлерін туристерге ұсынды. Шетелдік туристерге, оның ішінде эко туристерге ең бірінші керегі – таза жатын орын, жақсы тамақ. Оларға қымбат қонақүй емес, шырышы бұзылмаған табиғат керек. Қазақтың салт-дәстүрін көргісі келеді. Қазір Саты ауылының тұрғындарының көпшілігі туристерге қонақ бөлмесін берумен шұғылданады. 2019 жылы Саты ауылы 6 мың туристі қабылдапты. Демек, күн сайын 500 адамнан қабылдаған. Кішкене ауыл туризммен күн көріп отыр. Осыны неге Катонда қолға алмасқа?!
Анатолий САВИЧЕВ,
«Almaty city tour» компаниясының тең құрылтайшысы:
– «Қысқы туризмді қай жерлерде қолға алуға болады?» деп жаз бойы 4500 шақырым жол жүріп, Катонқарағайды аралап шықтым. Қысқы туризмді, оның ішінде шаңғы спортын Сарымсақтыда қолға алуға болады екен. Инфрақұрылымы, жол жағдайы, бәрі келіп тұр. Жаз мезгілінде ауданда атпен, велосипедпен, жаяу серуендеуді және балық аулауды жүзеге асыруға болады. Катонқарағай ұлттық паркінде 5 қосымша маршрут ашуға дайынбыз.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы,
Катонқарағай ауылы