Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының мыңдаған тұрғыны республикалық акция аясында бір күнде 6 500 көшет екті.
Облыс орталығында салынып жатқан триатлон-саябақ аумағында қылқан жапырақты және жапырақты 1500 ағаш отырғызылды. Бұл іске облыс әкімі, оның орынбасарлары, облыстық басқармалар басшылары, спортшылар, қоғамдық ұйымдар, депутаттар атсалысты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан триатлон-саябақ «Көгілдір тоғандар» мен Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарының аралығында орналасқан. Еске салсақ, бұл нысан жеке құрылыс компаниясының қалаға жасап отырған тартуы.
Қарағанды облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаев акция мақсатының өңірді көгалдандырып қана қоймай, сонымен бірге тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру екендігін айтады.
– Біз әрбір ағашты, әрбір бұтаны бағалауымыз керек. Экологиялық сенбілікке үш мыңға жуық адам қатысты. Осындай акциялар Қарағанды саябақтары мен гұлзарларында, облыстың басқа қалалары мен аудандарында өтеді, деді ол.
Қарағанды облысы