Шымкентте ұлттық құндылықтарымыздың бірі – батырлар жырын оқудан байқау өтпек. Республикалық іс-шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Qazaq epos қоғамдық қоры ұйымдастыруда. Бұл байқау республика бойынша 6-10 сынып оқушылары арасында өтіп, қатысушылар 132 бет, 5206 жолдан тұратын Қобыланды батыр жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтады.
Сондай-ақ мектеп оқушылары жыр ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығынан әзірленген сұрақтарға жауап бермек.
Қазіргі таңда байқауға қатысуға Шымкент қаласы бойынша 116 мектептен 1094 оқушы, 610 мұғалім тіркелді. Шым шаһарда басталатын байқаудың аудандық іріктеуі 28-31 қазан, қалалық кезеңі 6 қараша күні өтеді.
Байқаудың жүлде қоры қомақты. Аудандық кезеңде 1-орынға 150 000 теңге (немесе бағалы сыйлық), 2-орынға 100 000, 3-орынға 50 мың теңге беріледі. Ал қалалық кезеңде 1-орын үшін 1 миллион, 2-орынға 600 мың, ал 3-орынға 300 мың теңге жүлде тағайындалған.
Жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне жүлде қоры да жоғары. Аудандық кезеңде жеңіске жеткен оқушылардың ұстаздарына Білім және ғылым министрінің арнайы дипломы табысталады. Ал қалалық кезеңде үздік атанған оқушылардың ұстаздары 1-орын үшін 2 миллион, 2-орынға 1 миллион 200 мың, 3-орын үшін 600 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталмақ.
ШЫМКЕНТ