Жақсы көріп, жаның қалаған істі кәсібіңе айналдыру қаншалықты қиын? Атыраулық шебер Нұрлыбек Бисенбаев бұл сауалға «қиын емес» деп жауап береді.
Ол кішкене кезінен шығармашылыққа жақын болып өсті. Қолына түскен дүниеден көңілі қалаған басқа бір затты оп-оңай жасап шығара қоятын. Ал қазір ағаштан түйін түйген хас шебердің өзі. Әкесі – елге белгілі жыршы-домбырашы Тұрлан Бисенбаев та баласының осы қасиетін аңғарса керек, бар білгенімен бөлісті. Музыка пәнінің мұғалімі мамандығын оқығаны да Нұрлыбектің талабын ұштай түсті. Махамбет ауданындағы Береке ауылында 2008 жылы отбасы болып шағын шеберхана ашқан. Кейін «Нұрриза» деген атаумен өзінің жеке шеберханасын іске қосып, төрт адамды жұмысқа алды.
Біз он саусағынан өнер тамған шебер жігіт туралы бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүргізіліп жатқан «Еңбекқор жастар» ақпараттық шарасы арқылы естігенбіз. Бойындағы талантын еңбекпен ұштастырған азамат:
– Бастапқыда ағаштан түрлі тұрмыстық бұйым дайындап жүрдік. Бірақ уақыттың өзі мені осы домбыраға алып келді. Қазір тек ұлттық аспап қана жасаймын. Сұраныс жақсы болғандықтан облыс орталығындағы «Көктем» сауда орталығынан орын алдық. Әсіресе кішкентай ұл-қызына домбыра алуға келетін ата-аналардың көптігіне қуанамын. Президенттің: «Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабағын енгізу – қажет әрі дұрыс бастама. Қазіргі жаппай жаһандану заманында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет, – деген сөзі де құлшынысты арттырды, – дейді
Қай дүниені де қолдан жасау оңай емес. Техникасын меңгердім дегеннің өзінде, кейде ойыңдағыдай шықпай жатады. Табыстың кілті – талмай талаптануда, ерінбей еңбектенуде. Бұл ретте кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлықтың маңызы зор. Жас шебер де «Ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті қолдау» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, ойын жүзеге асырған. Нұрлыбектің алға қойған мақсаты осы кәсібімен тікелей байланысты. Ол шағын шеберханасының үлкен фабрикаға айналғанын армандайды.
АТЫРАУ