• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қазан, 2019

Үкімет делегациясы Ақжайық өңірін аралады

192 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған, құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов бар Үкімет мүшелерінің бір тобы Батыс Қазақстан облысында болды.

Ақжайық, Бәйтерек, Теректі аудан­дарының түрлі еңбек ұжымдарын аралап, халықпен жүздескен Үкімет делегациясы өңірде мемлекеттік бағдарламалар мен Президенттің тапсырмасы қалай орындалып жатқанына назар аударды.

Бәйтерек ауданының Дариян ауы­лына барған Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев ауылдағы арнаулы əлеуметтік көмек көрсету орта­лы­ғымен танысты. Одан кейін Мə­дениет үйінде Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өр­кен­­деуінің негізі» атты Жолдауына байланысты жиын өтті. Еңбек жəне халықты əлеу­меттік қорғау министрі Б.Нұ­рым­бетов АƏК жайлы кеңірек түсіндіріп берді. Бүгінде елімізде 400 мыңнан астам от­басы – 2 миллиондай адам жаңа үлгі­дегі атаулы əлеуметтік көмек алып жа­тыр екен.

– Атаулы әлеуметтік көмек төле­нетін 1 млн 300 мың баланың 60 пайызы – көп балалы отбасыларға тиесілі. Яғни осы санаттағы отбасылар мұқтаж болып отыр. Келесі жылы табыс көлеміне қарамай 4 немесе одан да көп баласы бар отбасыларға АƏК тағайындаймыз. Əр балаға 11 мың теңгеден төленеді. Кірісі аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген көмек беріледі. Əлеуметтік пакетте тамақ, киім-кешек, гигиеналық құралдар қамтылады. Кепілдендірілген көмек əлеуметтік карта – сертификат арқылы беріледі, – деді Б.Сапарбаев.

Премьер-Министрдің орынбасары елімізде экономикалық қиындықтарға қарамастан халықтың əл-ауқатын арттыруға көңіл бөлініп жатқанын, биылғы бюджет қаражатының 40 па­йызы əлеуметтік салаға бағытталғанын айтты.

Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында жергілікті дәрігерлермен кездескен Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов та елімізде медицина саласын дамытуға көп көңіл бөлініп жатқанын айтты. Әсіресе жас мамандардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі басты назарда. Министр ауылға келген жас мамандарға ең алдымен баспана берілуі қажет деді. Аудан орталығындағы емхана мен аурухананың ұжымымен жүздескен министр медицина саласын цифрландыру, емделушілердің әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесін айқындауды автоматтандыру барысын тексерді. Сонымен бірге кадр жетіспеушілігін болдырмау үшін медициналық жоғары оқу орындарының студенттерімен қазірден бастап, байланыс орнатуды тапсырды.

Б.Сапарбаев пен Е.Біртанов Батыс Қазақстан облыстық балалар ауруханасында да жергілікті дәрігерлермен кездесті. Бұл жерде әңгіме міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жү­йе­сін дамыту турасында өрбіді. Те­ректі ауданындағы білім мекемелерінің жұмыс барысымен танысқан Білім және ғылым вице-министрі Ш.Каринова үш ауысымда білім беретін Подстепный қазақ мектебінің жағдайын көзімен көрді. Орал қаласында белсенді жас­тармен жүздескен Б.Сапарбаев мемлекет тарапынан жастарға қамқорлық жүйелі жалғасатынын айтты.

– «Жас келсе – іске» деген, сіздердің бойларыңызда түрлі идея үнемі қайнап тұрады. Алда Еріктілер жылы келе жатыр. Еріктілердің көп бөлігі – жастар. Түрлі қайырымдылық шаралардың басында жастар жүреді деп сенемін. Мемлекеттік бағдарламалар көмегін тиімді пайдаланып, жаңа кəсіп бастаңыздар. Жастар саясатын дамытуға бағытталған ұсыныстарды біз әрдайым қолдаймыз, – деді ол.

Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында болды. Ақын атындағы әдеби-мемориалдық кабинетті аралап, біртуар қаламгердің мұраларымен қатар, жергілікті ақын-жазушылар туралы деректермен, жәдігерлермен танысты.

Қазақстан Республикасы Күйші­лер одағы БҚО филиалының төрағасы Асқар Кенжеғалиев Н.Дәуе­шовке министрлік тарапынан «Ха­лық күйшісі» мемлекеттік атағы, Құр­манғазы, Дина атындағы төсбелгілер бекітіліп, оларды өнер майталмандарына беруді ұсынды. Сондай-ақ Орал қаласында Құрманғазы музей-орталығын және алып домбыра монументін тұрғызу, Орал қаласында батыс аймақтық-республикалық музыкалық мектеп-интернат кешенін ашу туралы ұсынысын айтты.

Ақжайық өңірінен шыққан танымал тұлғаларды ұлықтау туралы ұсынысты белгілі ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Халиолла да айтты. Келер жылы 100 жылдығы атап өтілетін ақын Жұбан Молдағалиевке Алматы қаласында ескерткіш орнатуды сұраған ұсынысты халық қол шапалақтап қолдады.

Үкіметтік делегацияның қоры­тынды жиыны Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өтті. Облыстың әр өңірінде халықпен жүздескен Б.Са­парбаев халықтың көңіл күйі жаман еместігін, мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасы тапсырмасы ретімен жүргізіліп жатқанын айтты.

– Елбасымыздың «Алдымен эко­номика, сонан соң саясат» деген ұс­танымын жақсы білесіздер. Қазақ­станның экономикасы жүйелі дамып келеді. Биыл ел экономикасының даму деңгейі – 4,1% болды. Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл көрсеткішті 5 пайызға жеткізуді тапсырды. Осы ел табысының негізгі бөлігі халықты әлеуметтік қорғауға, әл-ауқатын жақсартуға жұмсалады, – деді Б.Сапарбаев.

Вице-премьер Қазақстанда дарынды балаларды, әсіресе ауыл оқушыларын қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті қоры мен Үкімет бірлесіп «Ел үміті» атты жобаны іске қоспақ. «Бұл жоба арқылы мыңдаған дарынды балаға қолдау көрсетеміз», деді Б.Са­парбаев.

Үкімет делегациясының жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Батыс Қазақстан облыстық аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құр­манәлина, ақын Бауыржан Халиолла, журналист Жанар Дәулетова сөз алып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Премьер-Министрдің орынбасары мемлекеттік бағдарламаларды құруда, жүзеге асыруда халық арасынан айтылған ұсыныстардың ескерілетінін айтты.

 

Батыс Қазақстан облысы