Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды деген сөзді жиі естиміз. Бұл үй болудың күрделілігін көрсете ме, жоқ әлде отау құрған жастардың өзара тіл табысуының қиындығын аңғарта ма? Қалай десек те жақсы мағына бермейтіні айдан анық. Мәселе мақалда емес, мәселе осындай мағынадағы тіркестерді туғызбауда. Шағын шаңырақтан шаттықтың үні естілсін деп, ұрыстың емес, ырыстың лебі ессін деп елорда төрінен «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы өз жұмысын бастады.
Бастағанына бас-аяғы отыз күннің шамасы болса да талай істің тамырын дөп басып үлгеріпті. Келелі мәселелермен келгендерге керекті кеңес беріп, маңызды шаруаларға майталман мамандар пайдалы пікірлерін айтып, отбасын сақтаудың оңтайлы жолдарын ортаға салуда. «Жанұя» орталығы «бір терезе» қағидатымен азаматтарға қызмет көрсетеді және отбасылармен жеке жұмыс жүргізеді. Оның мақсаты отбасыларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету.
Бұл жерде атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім, жұмысқа орналасу, қысқа мерзімді курстар, бизнес ашу, несиелік борышты жабу және тағы басқа да сұрақтар бойынша кеңестер беріледі. Сондай-ақ орталықта кәсіби заңгер, медиатор және жеке сот орындаушыларынан құқықтық көмек, кәсіби психологтан психологиялық кеңес, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі», Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры (БЖЗҚ), Қазпошта қызметтерін алуға болады.
Және де орталықта «Кәсіпкер ана» жобасы аясында әйелдерге арналған оқыту жүргізіледі екен. Бұл жоба әйелдерді кәсіпкерлікпен айналысуға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға үйретеді. Оған көпбалалы, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі бала бағушы, тұрмысы төмен аналар қатыса алады. Оның аясында «Self made» табысты әйелдер өзінің жеке тәжірибесімен бөлісіп, мотивациялық тренингтер өткізіледі.
«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының үйлестірушісі Әйгерім Әбдіқалиқызы орталыққа көбінесе көпбалалы, толық емес, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған және жағдайы төмен отбасылар жүгінетінін атап өтті.
«Орталық ашылғаннан бері 4057 адам 7061 сұрақ бойынша жүгінді. Азаматтар көбінесе атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй, несиелік борышты жабу, құқықтық көмек алу үшін жүгінеді. 5608 сұрақ бойынша жүйелі кеңестер берілді, яғни атаулы әлеуметтік көмек (АӘК есептеу, кедейлік шегінен асып кету), тұрғын үй (құжаттарды жаңарту, кезекке қою, жастарға тұрғын үй, жалға алу шарты, «Бақытты отбасы», «Берекелі баспана» бағдарламалары бойынша), несиелік борышты жабу, табысты есептеу бойынша анықтама алу, құқықтық көмек (алимент, берешек өндіру, көші-қон, заңсыз бұзу, ажырасу бойынша), бизнес (бизнес ашу, көше саудасы), білім (сертификаттар, үйірмелерге жеңілдіктер) тұрғысында. Ал 1453 мәселені шешу бойынша шаралар қабылданды. Атап айтар болсақ, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға құжаттар қабылданды, құқықтық көмек алды, жұмысқа орналастырылды, қысқа мерзімді курстарда оқу, оның ішінде «Кәсіпкер ана» жобасы аясында, білім беру саласында денсаулық сақтау (емханаға тіркеу, дәрігерге жазылу) мәселелері шешіліп, психологиялық көмек көрсетілді. Өткізілген 157 іс-шара аясында 4700-ден аса адам қамтылды, яғни ата-аналар, балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық және мотивациялық тренингтер, кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау, жұмыспен қамту туралы ведомствоаралық комиссияның отырысы, жұмыс берушілермен кездесулер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен «Бастау Бизнес» жобасы бойынша үш апталық оқыту өткізілді. Іс-шаралар жоспарға жалғасуда. Апта сайын кесте бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімі, оның орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары азаматтармен жеке қабылдау жүргізеді», деді ол.
Орталықтың алдағы уақыттағы жоспары сапалы қызмет көрсетуді жалғастырып, азаматтардың тілектерін, сұранысын ескере отырып, жұмысты жетілдіру. Жуырда Вице-премьер Б.Сапарбаев пен елорда әкімі А.Көлгінов аталған орталықтың жұмысымен танысып, оң бағасын берген болатын.
«Біз әкімдікте басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің қатысуымен өткізілетін азаматтарды қабылдау жүргізудеміз. Тұрғындарды қабылдау жүйелі түрде өтіп тұрады. Екі айда жеке өзім 300-ден астам адамды қабылдадым. Тұрғындар бізден кез келген күні келіп, толғандыратын сұрақтарға жауап ала алатын орталық ашуды сұрады. Көптеген адамдар жұмысқа орналасу және білім алу мәселелерімен жүгінеді. Мәселен, қосымша білім алу үшін қандай курстардан өту керек, «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына қалай қатысуға болатындығы туралы жиі сұрақтар қояды. Осы орталықта да азаматтарды жеке қабылдайтын боламын», деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов.
Иә, күрмеуі қиын күрделі мәселе болса да негізгі маманына баратын мекенжайдан адаспаса, шешімі табылатыны сөзсіз. Сондықтан туындаған отбасылық сан түрлі сұрақтардың жан-жақты жауабын «Жанұя» орталығынан алуға болады.