Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жолдауында келесі жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілетінін тағы бір мәрте еске салған болатын. Жаңа жүйе арқылы диагностикадан бастап қымбат отаға дейінгі медициналық қызметті алуға мүмкіндік тумақ. Осы орайда Қазақстандағы жетекші медицина ұйымдарының басшыларынан МӘМС-тің медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігіне қалай әсер ететінін сұраған едік.
Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Нұрлан Батпеновтің айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру буындарды ауыстыруды қажет ететін жүздеген қазақстандықты аяққа тұрғызуға септеспек. Аталған институтта жыл сайын сан алуан жарақаттармен және ортопедиялық аурулармен 12 мыңнан астам пациент ем алады. Жоспарлы түрде жылына 7 800 операция жасалады, оның 4 500-і – эндопротездеу немесе омыртқа операциясы сияқты жоғары технологиялық оталар. Ал едәуір бөлігі эндоскопиялық, яғни қансыз немесе ең аз тіліктермен жүргізіледі. Гиалинді шеміршек пластикасы бойынша тізе-иық буынының байланыстырғыш компонентін қалпына келтіру үшін күрделі операциялар да осы институтта ғана қолжетімді жаңа технология саналады. Өңірлерде бұл әдістемелерді пайдаланғанымен, күрделі жағдайда науқасты институтқа жібереді. Осыған байланысты күту парағы қарастырылған. Мысалы, тізе буынын протездеуге кезекте 3 мыңнан астам науқас тұр, олардың шамамен күту мерзімі – үш жыл. Жамбас буынын ауыстыруды 269 адам қажет етуде. Сондай-ақ 100-ден астам қазақстандық тексеру эндопротезін (қайталама операция) күтуде.
–Келесі жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілсе, кезек тезірек жылжитын болады, науқастарды да қамту көлемі ұлғаяды. Операцияларды жасау үшін эндопротездер мен қажетті жабдықтар түгел болуы қажет. Әрине біз бұл тұрғыда жақсы қамтамасыз етілгенбіз, дегенмен МӘМС жүйесінің енгізілуі арқылы қаржыландырудың көбейетініне үміт артамыз. Жаңа техника, құралдар, соңғы құрылғылар – протездер, бекіткіштер өте маңызды құралдар. Сатып алынған жабдық сервистік қызмет көрсетуді талап ететінін де ұмытуға болмайды. Техника еш ақаусыз 3-4 жыл жұмыс істеуі мүмкін, содан кейін оны жаңартып отыру керек, ал бұл үлкен ақшаны талап етеді. МӘМС шеңберінде сервистік қызмет көрсетуге арналған шығындарды өтеу тарифтік саясаттың бір бөлігі болуы тиіс. МӘМС жүйесіндегі оңалтуды қаржыландыру үш есеге жуық ұлғаятынына қуаныштымын. Бұл – үлкен көмек. Өйткені бүгінгі таңда республикада оңалту процесі нашар дамыған. Оны ретке келтіру үшін өңірлерде орталықтар құрып, мамандарды даярлау қажет. Біз түрлі жастағы, тіпті 90 жастағы ең күрделі патологиялары бар пациенттер үшін күресіп отырамыз. Өйткені адамдар жылдар бойы сырқатқа шыдап келді немесе қозғалыссыз қалды, ал сауығу барысында шешуші рөлді оңалту атқарады. Операция сәтті өткенде біз ұсыныстар береміз, алайда өңірлердің оның бәрін орындауға мүмкіндіктері жетпейтіні қынжылтады. Сақтандыру медицинасы бұл кемшілікті жоюға мүмкіндік береді. Себебі МӘМС талаптарына сай болу үшін жұмыс форматын өзгерту қажет, – дейді Н.Батпенов.
Ал медицина ғылымдарының докторы, кардиохирург Юрий Пя қоғам сақтандыру медицинасының маңызын түсіну қажет деп санайды. Себебі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсынудың қазіргі жүйесі адамдардың мемлекетке тұтынушылық қарым-қатынасын қалыптастырды. Адам өз жағдайына өзі жауап беруі тиіс. Біреудің қамқорлық жасағанын күтпей, өзін-өзі қорғап, денсаулығын қадағалауы керек. Яғни кез келген уақытта көмектесуге дайын жүйе керенаулық көңіл күйге апарып соқтырады, сөйтіп адам денсаулығына салғырт қарай бастайды. Міне, осы себепті қоғамның сақтандыру медицинасының маңыздылығын түсіну қажеттілігі туындады. Жүйенің сапалы жұмысын қамтамасыз ете алатын медициналық сақтандыру қоры міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс.
–МӘМС бірнеше аспектіге жағымды әсер етеді. Біріншіден, бюджетті ұлғайтуға болады. Бұл манипуляциялар мен операциялар жүргізу үшін заманауи дәрі-дәрмектер мен шығын материалдарын сатып алуға мүмкіндік береді. Екіншіден, қоғамның санасына әсер етеді. Әркім денсаулығының жағдайы өз қолында екенін түсінеді. Міндетті медициналық сақтандыру ұғымы адамдардың санасынан берік орын алған кезде, көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасы да айтарлықтай жоғарылайды, сырқаттану төмендейді. Міндетті медициналық сақтандыруды пайдалану – қалыпты тәжірибе. Дамыған елдерде кеңінен қолданып келеді. Тұрғындардың салықтары мен сақтандыру аударымдары оларды сапалы және тиімді емдеумен қамтамасыз етеді. Түркияда 10 жылдай жұмыс істедім. Онда бірнеше жүйе бар: зейнетақы қоры, әлеуметтік сақтандыру, орта бизнесті сақтандыру және басқалары. Әр азамат сақтандырудың қандай да бір тұжырымдамасын таңдауға және полис алуға жарна жасауға құқылы. Олар сақтандырусыз бірдеңе талап ете аламын деп ойламайды. Сонымен қатар егер адамның қандай да бір зиянды әдеттері болса, мысалы, темекі шексе, онда ол одан да көп сома аударады.
Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Анатолий Рафальскийдің ойынша, медициналық сақтандыру негізінен пациенттер үшін тиімдірек.
–Қаржыны дұрыс басқара отырып, жұмыс процесін оңтайландырдық. Қазір сақтандыру медицинасын енгізуді күтіп отырмыз. Медициналық тегін көмектің кепілдік берілген көлемі жыл сайын сақталып, кеңейіп келеді, бірақ медициналық сақтандыру көбірек мүмкіндіктер беруі тиіс. Біз жетекші дәрігерлерді үнемі оқуға жіберіп отырамыз. Өйткені адамдар маманды олардың тәжірибесі бойынша таңдайды, ал дәрігерлеріміз сұранысқа ие болуы тиіс. Медициналық сақтандыру әріптестерімізді жақын шет мемлекеттердің клиникаларына жіберіп, өз тәжірибелерін шыңдауға мүмкіндік береді. Медициналық сақтандыруы бар пациенттер үшін қалай қуанбайсың?! КТ, МРТ, УДЗ сияқты күрделі талдауларға кететін шығындардан құтылады. 2020 жылдың қаңтарынан бастап «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» осы шығындарды өзі мойнына алады. Менің ойымша, МӘМС біздің клиникаға тұрақты өсу береді. Жаңа жылда инсульт орталығы мен оңалту бөлімшесін ашуды жоспарлап отырмыз, дейді ол.
Ұлттық нейрохирургия орталығының жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақовтың айтуынша, сақтандыру медицинасының мүмкіндіктері кең. Сақтандыру медицинасында емделушілер, дәрігерлер мен клиникалар үшін шын мәнінде үлкен мүмкіндіктер бар. Медициналық сақтандыруды енгізгеннен кейін дәрігерлер операциялар санын шектемей, желілік емес бюджеттеу жүйесі бойынша жұмыс істей алады. Яғни дәрігерлер әлдеқайда көп пациенттерді қабылдауға дайын.
–Нейрохирургиялық бөлімшелердің емделушілерін күту және оңалту өте маңызды. Өйткені орталық жүйке жүйесімен манипуляциялар неврологиялық тапшылыққа, яғни сөйлеу немесе қозғалыстың бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Операцияның нәтижесі дұрыс оңалтуға тікелей байланысты. Бұл емнің соңғы кезеңі және оны емханадан шыққаннан кейін жергілікті жерлерде дәл сондай жоғары деңгейде жүргізу қажет. МӘМС оңалтуға да маңыздылық беріп отырғанына қуаныштымын, бұл көптеген процесті ретке келтірер еді, – деді білікті дәрігер.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова онкологиялық науқастарға да жаңа жүйенің артықшылығы мол екенін жеткізді. Бас онкологтың айтуынша, Қазақстанда шамамен 185 мың онкологияға шалдыққан науқас бар. Жыл сайын 35 мың сырқат тіркеледі. Халықтың шамамен 60%-ы онкологияны ерте кезеңде анықтайды. Барлық қажетті емді науқастар тегін алады. Алайда, пациенттерге әлі де төлеп келе жатқан қымбат диагностикалық процедуралар бар. МӘМС аясында келесі жылы пациенттерді химиотерапия, таргеттік терапия процедураларымен қамтамасыз етуге, молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізуге 35 млрд теңге бөлінеді. Осының бәрі пациенттерге тегін жүргізілетін болады. Онкологтың жолдамасы бойынша пациенттер МРТ және КТ аппараттарында тегін тексеруден өтеді. Бұл ауруды бастапқы кезеңде анықтап, дереу емдеуге кірісуге мүмкіндік береді. Қазір Қазақстанда онкологиялық ауруларды қалпына келтіру мүмкіндігі – шамамен 50%, ал Еуропада бұл көрсеткіш – шамамен 70%. Жаңа диагностикалық мүмкіндіктер арқылы бұл көрсеткіш артады. Қазақстандықтар өз денсаулығына бейжай қарамаулары және онкологиялық аурулардың алдын алу, дер кезінде емделу үшін медициналық тексеруден ұдайы өтуі тиіс, дейді ол.