• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Қазан, 2019

Рухани келісім – басты құндылық

1046 рет
көрсетілді

Жыл сайын елімізде 18 қазанда Рухани келісім күні атап өтіледі. Осыдан 27 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда өткен Бірінші Бүкіл­әлемдік Рухани Келісім Конгресінде қатысушылар 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдаған еді. Атаулы күн қарсаңында елордада қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі» атты конференция өтті.

Іс-шараға қатысқан Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дәурен Абаев қатысушы­ларға сәттілік ті­леп, қоғамда ұлтаралық және дінаралық келісімнің болуы мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. «Бейбітшілік пен келісім бізге берілген бақ қана емес, бұл – халқымыздың көпжылдық жасампаз еңбегінің жемісі, кез келген қатерлерден қорғауымыз тиіс байлық пен құндылығымыз», деді Д.Абаев.

Сондай-ақ жиында жастар әлеу­меттік желілерде, жабық кез­десулерде, митингтерде, уа­ғызда айтылатын теріс пиғыл­­ды мәліметтер мен шын ақпа­раттың аражігін ажырата алмауы мүмкін екені айтылды. Нәти­жесінде қоғамда этностық қақ­тығыстар, теріс діни ағымға іле­сіп кеткен жүздеген отбасылар мен қарапайым адамдардың өмі­ріне қауіп төндіретін террор­лық әрекеттер пайда болады.

Сондай-ақ шараға мем­лекет және қоғам қай­рат­керлері, Қазақстан халқы Ассамб­леясының, діни және ғылы­ми қауым­дастық пен жастар ұйым­­дарының өкіл­дері қатыс­т­ы. Жиынға келген компози­тор, қоғам қайраткері Төле­ген Мұхамеджанов қатысу­шы­лармен атаулы күннің пайда болу тарихымен бөлісті. «Мұндай мерекені атап өтуге алғаш рет АҚШ-тың Чикаго қаласын­да 100 жылдан астам уақыт бұрын талпыныс жасалған. Одан кейін Кеңес дәуірінде Мәскеу қаласында қолға алынды. Кейінірек отырыстардың бірінде Қазақстанда өткізу туралы ой тастадым. Алайда бұл мерекені елімізде атап өтуге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан қарсы емеспін деген жазбаша келісім алып келуің керек деген жауап алдым. Осылайша мен Алматыда атақты қоғам қайраткерлерінің қолын жинап, Елбасының атына хат жолдадым. Нәтижесінде Нұр­сұлтан Әбішұлының келісі­мін алып, Мәскеуге аттандым. Бұл идея елімізде алғаш рет Тұңғыш Президентіміз Елба­сының қолдауымен жүзе­ге асқанын толық айта аламын», деді Т.Мұхамеджанов. Сондай-ақ 1992 жылдан бастап бұл мереке еліміздің барлық өңір­лерінде қолдау тауып, жыл сайын оның аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып, мектептерде, діни бірлестіктерде, қоғамдық ұйымдарда кеңінен атап өтіледі. «Мұның себебі, адам­дар рухани келісім – мемле­кет құрылысының негізгі ірге­тасы екеніне сенеді және өзара келі­сі­мсіз, бейбітшіліксіз та­быс­ты ел болу мүмкін емес екенін бі­ле­ді», деп атап өтті композитор.

Қоғамдағы рухани келісімді сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыс туралы және осы миссияны орындауда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі туралы ұйым Төрағасының орынбасары Юсуп Келигов баян­дады. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жол­дауында айтқандай, келісім, бірлік пен өзара түсіністік әрі қарай дамуымызға кепілдік береді. Ұлтаралық және конфес­сияаралық келісім осындай аз уақыт аралығында еліміздің білім, экономика және әлеу­мет­тік салаларында үлкен жұ­мыс атқаруға мүмкіндік берді. Еліміздегі бейбітшілік пен келісім саясатын ширек ға­сыр бойы Қазақстан халқы Ассамб­­леясы жүзеге асырып келеді. Көпэтностық пен көпдін­ділік – біздің еліміздің үлкен байлығы, қоғамымыздың басты құндылығы», деді Ю. Келигов.

Шара модераторы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орын­басары Бақтияр Мәкен Қазақстанның бүгінгі қол жет­кізген маңызды жетістіктері­нің бірі – қазіргі қазақ қоға­мын­дағы ұлтаралық және дінара­лық келісімге негізделген әлеу­мет­тік тұрақтылық екенін атап өтті. Сондай-ақ «Барлық қазақстан­дық­тарды біртұтас ұлтқа бірік­тіретін негіз – Елбасының бар­лық этностар мен діндерге тең мүмкіндік беретін зайырлы мемлекет құру бағыты», деді ол.

Қатысушылар жиын барысында еліміздегі барлық діни бірлестіктер ұсынған арна­йы көрмені тамашалап, атал­ған тақырыпта өз пікір­лерін ортаға салды. Арнайы қо­нақтар қатарында Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының бірінші орынбасары, наиб муфти Наурызбай Өтпенов, Қазақ­стандағы Православ шіркеуі Успен кафедральді соборының протоиерейі Дмитрий Байдек, Қазақстандағы Евангелия-лютеран шіркеуінің басшысы, архиепископ Юрий Новгородов және өзге де діни бірлестіктер өкілдері болды.

Жиналғандар халық арасында өзара түсіністік, рақым­шылдық пен жақынына көмек көрсету­­ге деген ізгі ниеттің болуы маңыз­ды екеніне бірауыз­дан келісті. Сонымен қатар шара­ға келген жастар ұйым­дары­ның өкілдері Jas Otan жас­тар қанатының төраға­сы Дәу­лет Кәрібек пен Ассамблея­ның «Жаңғыру жолы» респуб­ликалық жастар қозғалысының орынбасары, «Жарасым» жас­тар ұйымының төрағасы Тимур Джумурбаев жастардың бо­йына келісім мен бейбітшілік түсініктерін қазірден бастап қалыптастыру жолға қойыл­ғанын мәлімдеді.

Қазіргі таңда елімізде 18 діни конфессия мен 130-ға жуық этнос өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Елімізде мешіт, шіркеу, ғибадатханалардың саны 3541-ге жетсе, 3720 діни бірлестік бар екен. Осылайша Қазақстан барша әлемге ұлттар мен түрлі діни көзқарастағы адамдар арасындағы достық, келісім мен бейбітшіліктің үздік үлгісін көрсетіп отыр.