Еуропа Кеңесінде Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасында сыбайлас жемқорлықпен күресетін мемлекеттер тобына (СЖКМТ) Қазақстанның қосылуына қатысты келісімге қол қою рәсімі өтті.
СЖКМТ – 1999 жылы Еуропа Кеңесінің бастамасымен құрылған, оған Қазақстанға дейін Аустрия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Нидерланд, Норвегия, Швеция, Финляндия сияқты 49 мемлекет кірген. Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасынан Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Ресей, Украина және Эстония қатысуда.
Ұйымның алдына қойылған екі басты міндеті – мүше мемлекеттерде сыбайлас жемқорлықпен күрес тәсілдерін жетілдіру және сыбайлас жемқорлық жағдайларын анықтау және алдын алу саласындағы оң тәжірибемен алмасудың базасын жасау.
Қазақстан жағынан шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қатысты. Еуропа Кеңесінен Бас хатшының орынбасары Габриэлла Баттаини-Драгони қатысып, Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асырудағы біршама ілгерілеушілігі мен оның бастапқы ұсыныс берген сәтінен бастап орын алған оң өзгерістерін атап өтті.
«Мен Қазақстанның жетістіктерімен және СЖКМТ-ға мүше мемлекеттермен тиімді ынтымақтасуға дайындығын мақтан етемін. Біз келесі қадамдарды, соның ішінде сіздің елдің Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенцияға қосылуын тағатсыздана күтемін», деді.
Алик Шпекбаев Қазақстанның Еуропа Кеңесімен және оның құрылымдарымен оның мүшесі болмай тұрып, 1997 жылдан бастап ынтымақтастық орнатқанын мәлімдеді. Ол: «Біз ерекше қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша Кеңеске мүше мемлекеттермен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін бірқатар кеңейтілген келісімдерге қатыса аламыз», деп атап өтті.
Агенттік төрағасы: «СЖКМТ-мен ынтымақтастық біздің елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Конвенциясының толыққанды қатысушысы ретінде Еуропалық комиссияның тұжырымдамалық қағидаттарын қолдайтынымызды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіруге ниетімізді білдіреді. СЖКМ-ға қосылу бізге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда еуропалық үздік тәжірибені қабылдауға жол ашады», деп атап көрсетті.
Жұмыс кездесуі барысында СЖКМТ атқарушы хатшысы Джанлука Эспозито: «Қосылу келіссөздері сәтті аяқталды. Осы беделді бастамаға 50-ші қатысушы ретінде қосылатын Қазақстанның келісімді тездетіп ратификациялауын күтеміз» (қосылуға шақыру 2013 жылы желтоқсанда жолданған болатын), деді.
СЖКМТ тарапынан мониторинг рәсімдері аяқталған сәтте Агенттік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық конвенцияларды, сонымен қоса сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі 20 басты қағиданы ескере отырып, еуропалық елдердің тәжірибесіне негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынымдарды іске асыруға басымдық беретін болады.
Қазақстанға қол қойылған келісімді ратификациялау қажет, оған сәйкес СЖКМТ өкілдері мен бағалау топтарының мүшелерін жеке қамаудан, жүкті ұстаудан және тәркілеуден, ауызша және жазбаша өтініштер үшін қудалаудан қорғау иммунитеті қарастырылған.
Бұл – рәсімдер халықаралық алаңдағы қалыпты стандарт. СЖКМТ атынан басқа елдерді бағалау үрдісіне тартылатын қазақстандық сарапшыларға да осындай иммунитет беріледі.
СЖКМТ-ға қосылу Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенцияны ратификациялауға мүмкіндік береді. Бұл келешекте құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау және олар заңсыз иемденген мүлікті қайтару мәселелері бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді және халықаралық тергеу тапсырмалары бойынша жүргізілетін Еуропа мемлекеттерінің аумағындағы жедел іздестіру шараларына Қазақстанның құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуына негіз болады.