• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қазан, 2019

Ордасы Абылайдың Қызылағаш

805 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық мәдениетті сақтай отырып, қоғамдық сананы жаңғыртуға аса қатты мән беріледі.

Осы пікірге байланысты Қазақстанның тарихи, киелі орындарын зерттеудің мәнділігі арта түсті. Ән мен жырдың, сал-серілік дәстүрдің, дәстүрлі өнердің киелі ордасы болған Көкшетау, қасиетті Көкше тарихи мәні бар ескерткіштерге аса бай өлке. Біз­дің заманға көне сақ, ғұн, түркі дәуірлері ескерткіш­терінің жұқанасы жетіп отыр. Кезінде академик Әлкей Марғұлан бастаған археоло­гиялық экспедиция Бурабай көлінің төңірегі­нен асыл тас, әшекей бұйымдар тапқаны мәлім. Сібір хандығының шеткі өңірі болған Көкшетау өлкесінің тарихи жәдігер­лерін алдағы уақытта тереңдей зерттеу қажет.

Көкше өңірінің бай тарихы әсіресе Абылай хан дәуірімен айшықтала түседі. Көкшетау мен Абылай хан, Абылай хан мен Көкшетау атаулары бір-бірімен астасып кеткен егіз ұғымдар десе де болады. Оның басты себебі сонау жиырма жасынан бас­тап алпыс сегіз жасына дейінгі Абылайдың Көкше­таудағы Атығай мен Қарауыл рулары­ның көсемі, сұлтаны болғаннан бастап, кейінгі Орта жүз билеушісі, үш жүздің ханы болған қоғамдық-саяси, әскери-қолбасшылық қызметі, қайсысын айтсақ та, бәрі-бәрі де осы Көкше өңірінде өткен, қасиетті Көкшетауға ту тігіп, орда қылған. Халық санасында, ұлт ұғымында, жыр-дастандарында, аңыз-әңгімелерде, көркем әдебиетте «Хан жайылған Көкшетау», «Хан ордасы Көкшетау», «Хандардың табаны тиген Көкшетау» деген аты қалды. Көкшетау – сұлулықтың, кербездіктің ғана символы емес, Абылайға мекен болған, Қазақ елінің, өнердің ұйытқылы ордасы, киелі құт-береке орнаған жері. Сондықтан да ондағы уақытта Қазақстанның киелі де қасиетті картинасынан ойып тұрып орын тепкен Ақмола облысының Бурабай өңіріндегі Абылайға орда болған Көкшетаудың бүгінгі таңда тарихи мән-мағынасы арта түспек. Осы орайда Көкшетаудағы Абылайдың хан ордасын бірегей тарихи, ұлттық, туристік брендке айналдыра отырып, осы арқылы өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық, ұлтжандылық, патриотизм, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін орнықтырып, тәрбиелеуіміз қажет. Отандастарымыздың бойына тарихи зердені ұстап, туған жердің киелі орындарына деген құрмет сезімдерін насихаттауымыз орынды болмақ.

–Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарихшы, әде­биетші ғалымдары Абылайға орда болған, тәмам Алаш баласына ыстық, киелі, қасиет­ті орынға қатысты өз ой-пікірлерімізді көп­шілікпен бөлісе кетсек деп едік, – дейді ел тарихын екшеп жүрген азаматтардың бірі, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, – соңғы кездері халық санасында «ханның Қызылағашы» атанып кеткен Бурабайдағы осынау киелі орынға қатысты «орда бұл жерде болмаған, оның орны басқа жерде, біз зерттеп тауып қойдық» – деген өздерін, «тарихшы маманбыз» деп есептейтін кейбіреулердің екіұшты пікірлері естіліп қалып жатыр. Тарихи шындыққа көпе-көрінеу қиянат жасамау үшін, біз тарихи, мәдени, әдеби деректерге жүгіне отырып, өз сөзімізді, байлам-тұжырымдарымызды айтқымыз келеді.

Бірнеше тарихи деректерге қарап отырып, Абылай хан ордасының Бурабайдағы Көкшетау тауына жақын орналасқандығын бағамдаймыз. Абылайдың тұрақты ставкасы болып есптелетін хан ордасында болған Орынбор әкімшілігінің өкілі былай деп жазады: «И так, теперь находится он, Абылай, в прежне расположений близ горы, называемый Кукчетау» (Архив внешней политики Россиский империй, ф.122,а.1, л. 5).

Ал енді Абылай сұлтанның өзі полковник П.Роденге жазған хатында: «О нас, ежели изволите напаметовать, Слава богу и с народом здрав и благополучен. Зимовать намерен при Кукчутаве горе и при речке Кылчаклы» – деп өзінің тұрғылықты ордасының мекенінен хабар береді. ( Казахско-русские отношения в 16-18 веках: (сб. Документов и материалов). – Алматы: Изд-во АН Каз ССР Изд-во АН Каз ССР, 1961-60ж.).

– Абылайдың Бурабайдағы бұл хан ордасы сыртқы жаулардан қорғанысқа жақсы, стратегиялық маңызы бар өте тиімді жерде орналасқан. Хан ордасы орналасқан биік дөңнің бір жағында қыста жел өткізбейтін халық «қызылағаш» атап кеткен қайың-қарағай тоғайы, екінші жақта көгілдір болып мұнартқан Көкше биігі, онан төменіректе Көкшетау, теріскей жақта Ақшоқы. Қысқасы қай жағынан болсын тиімді. Осы таулардың биік шыңынан Абылай сарбаздары күні-түні қарауыл қарап отырған. Абылайға келіссөзге келіп жүрген Ресейдің патша офицерлері бұл табиғи бекіністің жай-жапсарын жақсы жазды. Әдеби деректерге сүйенсек, ХІХ ғасырда жасаған халық поэзиясының жарқын өкілі Арыстанбай Толыбайұлы: «Қырық сегіз жыл хан болды Көкшетауда» – деп жазса, қазақтың алашшыл аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің «Батыр Баян» поэмасында:

«Ертеде жел өтпейтін Қызылағаш,

Дариға, бұл күндерде жап-жалаңаш.

Қабірінен әулиенің Алашқа артық,

 Ертеде Абылайға орда болған ағаш.

Ордасын сол ағаштың Абылайдың,

Мекендей тәуап еткен талай алаш» – деп Абылай ордасының халыққа әулие мекен екенін, оның Қызылағашта екенін дәл көрсетеді. Мұннан артық қандай дәлел керек бізге?!, – дейді әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбек.

Абылай ордасы мекен тепкен бұл орынды кезінде Абылай музейіне отыз жыл ғұмырын арнаған жергілікті өлкетанушы Әмина Тұр­сын­баева көзіқарақты көп адамдарға аманаттап кеткен. 1998 жылы өлкетанушы Әмина апайдың ұсынысымен бұл жерге гранит тас­тан белгі – ескерткіш қойылған. Гранит тасқа Мағжан ақынның Абылай ордасына қатысты жоғарыдағы өлең жолдарының үзінділері қашалып жазылған.

Сөз соңында айтарымыз, Бурабайдағы «Ханның Қызылағашын» тарихи ескерткіш ретінде Қазақстанның киелі картасына енгізе отырып, тарихи брендке айналдыратын кез жетті, ағайын!