• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қазан, 2019

Ақжайық арысын еске алды

505 рет
көрсетілді

Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны, 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне басшылық еткен Ораз Исаевтың 120 жылдығы оның туған жері – Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында аталып өтті.

Советтік қазақ үкіметінің бесінші басшысы, алмағайып аласапыран кезеңде 9 жыл билік басында болып, қырыққа жетпей қаза тапқан Ораз Жанұзақұлының өмір жолының көп парағы кейінгі көпшілікке беймәлім. Сталиндік репрессияда ату жазасына кесіліп, жылымық кезеңде ақталғанымен, қайраткердің 90 жылдық мерейтойы Алматыда азғантай ғана ортада аталып өтіпті. Кейінгі 100, 110 жылдығы ескерілмеді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Құлиевтың жалғыз кітабы болмаса, асыл азаматтың аты ұмытылып та қалғандай екен. «Ештен кеш жақсы» дегендей, биыл қайраткердің туған жерінде бірнеше шара өтті. Ақжайық ауданының орталығында ғылыми конференция ұйымдастырылды. Енді міне, туған топырақтағы той тарихи тұлғаның өмірі мен қызметін халыққа таныстыра түсті.

Көнеккеткендегі мерейтойлық шаралар екі күнге созылды. Ауылдағы Ораз Исаев­тың ескерткіші  гүлмен көмкерілді. Тойға алыс-жақыннан меймандар келді. Ресей Федерациясы Саратов облысынан арнайы келген Ұмсын Керейқызы немере ағасы Ораз Жанұзақұлы туралы естелігін айтты.

–Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамы­рынан нәр ала алмаса, ол адасуға бас­тайды» – деген еді. Сол айтқандай, қиын-қыстау кезеңде өмір сүрген арыс­тар ел тарихынан өз орнын алуға тиісті. Ха­лық перзентінің рухына тағзым ету, есі­мін ұрпақ жадында қалдыру, қайрат­кер­лігін елге таныту ең алдымен туған елінің парызы. Ораз Исаев – ХХ ғасырдың қайғы-қасіретке толы жылдарында халқын ашаршылықтан арашалап, бостандық, теңдік алып берем деп құрбан болған тарихи тұлғалардың бірегейі. Оның қоғамдық-саяси қызметі, іскерлігі елдің жадында мәңгі сақталады. Ел тәуелсіздігі нығайып, шынайы тарихымызбен енді-енді қауышып жатқан халықпыз. Ұлт тағдыры таразыға түскен кезеңдерде қара басын қатерге тігіп, қарашаның қамын ойлаған ердің есімі ұмытылмайды. Қайсар ұлды ұлықтауға атсалысқан ауылдық округ әкімі Ұлдаш Қадырғалиеваға, кәсіпкерлерге, ауылдың жанашыр тұрғындарына зор алғысымды арнаймын. Мерейтой құтты болсын, – деді Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.

Шынында да Көнеккеткен ауылы Ораз оғланын ерекше құрметтейді. Ауыл­дағы орта мектеп Ораз Исаев атында. Мерей­тойға орай осы білім шаңырағында Ораз Жанұзақұлына арналған музей ашылды. Мұнда қайраткердің шағын кеудетұғыры, фотосуреттері, балалық шағын өткерген үйінің, ол оқыған Қарасу-Шалқар екі жылдық орыс-қазақ училищесінің макеті, естелік кітаптар, әр түрлі басылымда жарық көрген таным­дық мақалалар, тұлғаның тұтынған зат­тары, әртүрлі маңызды жиындарда сөй­леген сөздері, жазған хаттары қойыл­ған. Тіпті Ораз Исаевпен училищеде бірге оқыған ақжайықтық Алаш арыстары Молдағали Жолдыбаев, Иса Қашқынбаев, Дүйсенбай Асанов, Шәки Ескендіров, Шайхы Онашев, Жаку Нияров сынды тұлғалардың өмірбаяны да осы музей төрінен орын тапқан. Ме­рей­тойға жиналғандар шағын музейден үлкен ақпарат, көп мәлімет алып, ұйым­дастыру­шыларға алғысын айтып кетті.

Осы шара аясында «Ел ұмытпас ерлерін» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Оған өңірге ғана емес респуб­лика­мызға танымал ақындар арнайы келді. Суырыпсалма сөз додасына қатысқан 12 ақын жеңісті ғана мақсат етпей, елі үшін еңбек еткен қайраткердің қоғамдық қызметі мен үлгілі істерін барынша жырлады. Қазылар алқасы ақындарды бөле-жармай, бәрін бірдей қаржылай сый­лықпен марапаттады.

Мерейтойдың екінші күні шаралар қайраткер рухына арнап берілген ас пен дала қызықтарына ұласты. Салтанат­ты шарада Алматы қаласынан келген қонақ, Ораз Исаевтың немересі Тимур Исаев, немере туысы Ұмсын Керейқызы ақжайықтықтарға алғыс айтты. Той соңы спорттық ойындармен қызықты болды. Қазақ күресі, арқан тартыс, кір тасын көтеру, қой көтеру сайыстары бойынша бәйге ұйымдастырылды. Жүлдегерлердің бәрі де ақшалай сыйлыққа ие болды.