• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Әлем 18 Қазан, 2019

ЕАЭО: ендігі дау көмірге қатысты

271 рет
көрсетілді

Былтырғы жылдың басында өткен Үкімет отырысында отан­дық көмір өндірушілер әлемдік нарыққа еркін шығуға Ресейдің жол бермей отырғанын айтып шағымданған болатын.

Порттарды бірлесіп пайдалану маңызды

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішінде Ресейдің ғана әлемдік мұхитқа шыға алатын теңіз порттары бар. Кезінде экономикалық одақ туралы шартты әзірлеуге қа­тыс­қан жұмыс тобы мүше мем­ле­кеттердің теңіз, өзен порттары мен көлік терминалдарын бірге пайдаланатын ереже қа­был­дау туралы сөз болған-ды. Мұн­дай ұсыныс басқа-басқа емес, Ресей тарапынан жасалған еді.

Бірақ жеме-жемге келгенде әлемдік нарыққа шығуға жол ашатын порттарды бірлесіп пайдалану мәселесі әлі күнге дейін басы ашық әрі аса өзекті. Бұл проблема 2017 жылы Бішкектегі ЕАЭО басқосуында да айтылған. 2018 жылы Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев тиісті қаулының жобасын әзірлеу туралы өз үкіметіне тапсырма берген болатын. Олар бұл мәселені өздерінде талқылап, 2018 жылдың қыркүйек-қазан айларында қабылдауы тиіс еді. Алайда аталған құжат бүгінге дейін қабылданған жоқ.

Биыл да көмір экспортының төңі­ре­гіндегі дау тағы қозғалды. Бұл жолы ЕАЭО алаңында Қазақстан ғана емес, Қыр­ғызстан да Ресейді Украи­наға кө­мір тасуды шектеді деп айыпта­ды. Қатты отын Ресей аумағы ар­қылы тран­­зит­пен жеткізіледі. Сарапшы­лар­дың түсіндіруі бойынша, Мәскеу экс­порт­тық өнімнің бағасын белгі­лейді. Ре­сейдің Экономикалық даму ми­нистр­лігі Украинаға біздің елден та­сы­мал­данатын көмірдің транзит көле­­­міне келіспей отыр екен. Маусым айы­­нан бері көмір мен кейбір мұнай өнім­­дері Украи­наға Ресейден Эконо­ми­­­­ка­лық да­му министрлігінің арнайы рұқ­сатымен ғана жеткізілді.

Бұл проблема туралы «Ком­мер­­сантъ» басылымы өткен аптада жаз­ды. Оның хабарлауынша, Ресей қазақ­­стандық ком­па­ниялардың Украи­наға тран­зиттік өтінімдерін толығымен үйлестіре алмағанын мойындап отыр. Қазақстан Үкіметінің ха­барлауынша, отандық компа­ниялардың ай сайынғы шы­ғын көлемі 11 млн доллар шама­сында. Қазақстанның Сауда және инте­гра­ция вице-минис­трі Жәнел Күші­кова жур­на­лис­термен кездесуінде тран­зитті шек­теу­ден Қазақстан экономикасына зиян тигені туралы дәлелдер бар екенін айтады.

«Қазір біздің Украи­наға таситын көмір бұл елдің жекелеген бөліктерінде өндірілмейтінін, сұра­нысқа ие екендігін дәлелдеудеміз», дейді Сауда және интеграция вице-ми­нистрі Жәнел Күшікова.

Вице-министрдің айтуынша, Ресейдің көмірін Украинаға экспорт­тауға қойыл­ған шектеулерге байланысты Ресейдің өзінің ішкі нарығында көмір көлемі көбейіп барады. Осыған орай жергілікті тұтынушылар қазақстандық көмірден бас тартуда. Ал Украина тасымалдың балама әдістерін пайдаланып, тығырық­тан шығатын басқа жол тапты. Сөйтіп ресейлік тараптың бұл шектеуінен біздің көмір өндірушілер ғана зардап шегуде.

Қазақстанның көмір экспортына Ресей­дің тосқауыл болып отырғанының сал­мақ­ты себебі бар. Отандық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кә­сіп­орындары қауымдастығының атқа­ру­­шы директорының орынбасары Мак­сим Кононов жақында Алматыда жур­налис­­термен кездескен кезде ЕАЭО шең­берін­де тиісті квота бөлінбеуінің сал­дары­­нан қазақстандық көмір өндіруші­лер Ресей арқылы Украинаға тасымал­да­на­тын тран­зиттің шамамен 60%-ы­нан айы­рыл­ғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, биылғы шілде-қыркүйек аралығында қазақ­стандық көмір өндіруші компания­лар Украинаға Ресей арқылы 584,12 мың тонна көмірді жеткізетіні туралы алдын ала хабарлаған. Ресейдің эконо­микалық даму министрлігі 233,5 мың тонна ғана көмір­ді өткізуге рұқсат етіп, қалған 350,62 мың тоннаны шек­теді. «Осының салдарынан Украинаға жоспар­лаған транзиттің жиынтық көлемінің 60 пайы­зын апара алмады», дейді Максим Кононов.

Сарапшылар Қазақстанда өндірілген көмір ресейлік нарыққа бәсекелес бола бастағанын, сол себепті көрші ел аяқтан шалуға тырыса бастағанын айтады. Сөй­тіп солтүстіктегі көршіміз 2030 жыл­ға қарай көмір өндірісін қазіргі 400 миллион тоннадан жарты миллиард тоннаға дейін ұлғайту туралы шешім қабылдап, жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр.

Тау-кен өндірушілер және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауым­дастығының басшысы Николай Радос­товец мұндай шектеулер көмірге ғана емес, бидай тасымалына да қатысты екенін айтады. Сол себепті Қазақстан көмірінің Ресейдің теңіз порттары арқылы транзитті жеңілдетуге тиіс келісім жобасын жасауды былтыр бастаған. Бірақ бұл құжаттың да бастапқы нұсқасын Ресей қабылдамай тастапты. Және қар­сы­лық­тарының себебін қазақ жүк жөнелту­шілеріне арналған тасымалдау және тиеп-жөнелту шарттары онсыз да ресейліктерге арналған шарттарға жуықтап қалғаны­мен түсіндірген. «Тасымалдау қуаты­ның аз­дығы сезіліп жатқан кезде Қазақ­стан­ның көмір транзитін жылына 14 мил­лион тоннаға дейін арттыруы Ресей­дің көлік инф­рақұрылымына қосымша салмақ түсі­реді. Бұл ресейлік көмір экс­порт­тау­шы­ларының бәсекеге қабілеттілігіне теріс ықпал етеді. Және бұл көмірлі өңір­лердегі моноқалалардың еңбекке қабілет­ті халқының жұмыспен қамтылуы деңгейі­нің төмендеуіне соқтырады», дейді Н.Радостовец.

Сарапшылар Ресей бұл шешімге ұзақ дайындықпен келгенін айтады. Мәселен, 2019 жылы 18 сәуірде елдің премьер-министрі Дмитрий Медведев Украина­ға көмір тасымалдауға шектеу қоятын қау­­лыға қол қойды. 2019 жылдың 1 мау­­сы­мы­нан бастап сол қаулыға сәйкес Ресей аумағынан Украинаға мұнай, мұ­най коксы, битум қоспалары, этан, бензол, толуол және тағы басқа тауарларды экс­порт­тауға толық тыйым салынғанын, соны­мен қатар Экономикалық даму министр­лігі берген рұқсаттар негізін­де экспортталатын тауарлардың тізімі (көмір, кокс, бензин, дизель отыны, пропан, сұйытылған газдар) бекітілгенін хабарлады. Осы шешімге сәйкес Ресей мен Қазақстанның өкілетті органдары арасында Ресейдің Экономикалық даму министрлігінің рұқсаты негізінде тауарларды шығару көлемін мақұлдау тәртібі әзірленді. Сарапшылар сол тәртіптің өзі қазақстандық компанияларды Ресей және Украина шекарасындағы түйткілдерден қорғай алмағанын айтады.

Қазір сұраныс азайып барады

Осыған дейін Қазақстаннан көмір экспорттап келген Еуроодақ елдері кейінгі жылдары газ бен балама энергия көздеріне басымдық бере бастады. Сарапшылар көмір өндірісінің қазіргі деңгейін сақтау үшін көмірді кешенді түрде әрі терең өңдеу бағдарламаларын кеңейту, одан дизель отынын және басқа да сұйық синтетикалық өнім алу жұмысын қолдау, сонымен бір мезгіл­де Еуроодақ нарығын алмастыратын нарық көздерін іздеу қажеттігін ескерте бастады. М.Кононов осы ретте Азия нарығының көмірге деген қажеттілігінің өсіп келе жатқанын айтады. Үндістанда, Индонезияда, Вьетнамда, Филиппинде, Малайзияда, Пәкістанда көмірге сұраныс өседі деген үміт бар. Максим Кононовтың айтуынша, ол елдер жаңа көмір стансаларын салуға көптеп қаржы бөліп жатыр.

Қазақстандық көмір өндіруші компаниялар Қытайдың Ляньюньган теңіз порты арқылы тасымалдауды жоспарлап отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қы­тай­ға сапары кезінде жылына 2 млн тон­наға жуық көмірді Қытайдың Ляньюн­ган порты арқылы Оңтүстік Шығыс Азия ел­деріне тасымалдау туралы алдын ала уағ­даластыққа қол жеткізілгенін айтты.

Ляньюньган қазақстандық көмірді техникалық тұрғыдан қабылдауға дайын. Қытайлық логистикалық компаниялармен алдын ала жүргізген келіссөздерде Лянь­юньган портында көмірді ауыс­ты­рып тиеу үшін техникалық және тех­но­ло­гия­лық мүмкіндік бар екендігін айт­қан Максим Кононов қазақстандық көмір өндірушілер бұл бағытта жұмыс іс­теуге дайын дейді. «Шұбаркөл көмір» АҚ-тың осы транзиттік бағыт бойынша жылына 3 млн тоннаға дейін көмір экс­порт­тауға шамасы жетеді. Бірақ бұл тран­зиттік бағытты ұйымдастыру үшін бір­қатар заңды, тарифтік, техникалық және тех­нол­огиялық мәселелерді шешу қажет. Қы­тай­дағы темір жолдардың бәрі мем­ле­кет­тің меншігінде. «Қазақстан Үкі­меті­­нің көмегінсіз, бұл бағытта жұ­мыс істеу мүмкін емес. Қытай тарапы­нан да Үкі­мет­тің кепілдігі керек. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда Бей­жіңге жасаған сапары кезінде қол қойыл­ған келіссөздерде айтылған мәмілелерді жүзеге асырудың тетіктерін іске қосатын кез келді» деп сөзін түйіндеді М. Кононов.

Демек, Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың Қазақстан көмірін Қы­тай­­дың Ляньюнган порты арқылы Оң­түс­­тік Шығыс Азия елдеріне тасымал­дау ту­ралы алдын ала уағдаластыққа қол жет­кізуі ЕАЭО елдеріндегі көмір тран­зитіне қатысты проблеманы басқа қыры­нан шешуге көмектеседі деген сөз. Ендігі бет­алыс­тың нәтижесі Қазақстан тарапы­ның та­бан­дылығына байланысты болып тұр.

 АЛМАТЫ